Basty bet
Халықтар достығы берік сақталады
Өткен аптаның соңында этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөніндегі комиссияның жұмысы Қызыларық, Нұрлыкент, Қарасаз, Шақпақ ауылдық округтерінде жалғасып, тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізілді. Кездесулерге топ мүшелері, аудандағы этномәдни бірлестік жетекшілері және аудан прокуроры Секер Бүркітбаев және оның орынбасары Болатхан Қалыбаев қатысты.
Алғашқы жиын Қызыларық ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте өтті. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, топ жетекшісі Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Ол кездесудің мақсатына тоқталып, топ мүшелерімен таныстырып өтті.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы басты бағыттардың бірі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бәрімізге ортақ міндет. Президенттің Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында біз сіздермен кездесу үстіндеміз. Себебі, кейде тұрғындардың ұсыныс-тілектері тиісті орындарға жетпей, шешімі табылмай жатады. Осы ретте сіздердің өтініштеріңізге құлақ асып, талап-тілектеріңізді тыңдауға әзірміз, – деді топ жетекшісі Сейітхан Шерелханұлы.
Сонымен қатар, топ жетекшісі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, атқарылатын істерді, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын да атап өтті. Ол тұрғындарға кеңінен түсінік бере келе, еліміздің бірлігі, ынтымағы ең басты байлық, құндылық екеніне кеңінен тоқталды.
Жиында Жолдаудан туындайтын міндеттердің бірі – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан, тұрғындарға аудан прокурорының орынбасары Болатхан Қалыбаев заң аясында әңгіме өрбітіп, олардың тілектерін тыңдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде топ мүшелері «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков сөз алып, тұрғындарды бала тәрбиесіне, әсіресе, жастардың бос уақытын қадағалауды ұсынды. Олар өз сөзінде жастардың араңдатушылыққа түсіп қалмауын қадағалап, әлеуметтік желідегі парақшаларын да бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Кезек тұрғындарға берілді. Алғашқы болып сөз алған кәсіпкер Жарқын Орынбасаров алдағы уақытта қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытатын айтса, Алатау ауылының тұрғыны Бегасыл Қадыров ауылда мектеп салу мәселесін көтерді.
Жиында тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың барлығына топ мүшелері жауап берді. Ең бастысы, кездесу барысында еліміздің болашағы жастардың тәрбиесіне мұқият болу керектігі айтылып, тұрғындарды бейбітшілікті, татулықты сақтауға шақырды.
***
Топ мүшелері келесі кезекте Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепке барып, кездесу өткізді. Мұнда кездесуді округ әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Назар ашып, сөз кезегін топ жетекшісі С.Жұмашевқа берді.
Ол тұрғындарға Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді айта келе, сөзді «Мехрибан» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсмира Мамедоваға берді.
– Мен осындай Қазақ елі дейтін кең-байтақ жерде дүниеге келіп, осында өсіп-өніп отырмыз. Әкем осында өмір бойы мұғалім болған. Біздің отбасымыз сонау қуғын-сүргін жылдары қасиетті қазақ жеріне жер аударылып, алғашында Созақ ауданына жіберілген. Сондай қиын кезеңде үйіне паналатып, дастарқанынан дәм тақызып, құлағанда тіреу, сүрінгенде сүйеу болған қазақ халқына әкем үнемі алғысын білдіріп отыратын. Әкеміздің әңгімесі арқылы біздің санамызға қиын-қыстау кезінде қол ұшын берген қазақ халқының жақсылығы сіңіп қалған. Міне, сондықтан біздің санамызда осы халыққа деген құрмет қалыптасты, соның арқасында қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін, тұрғындарын құрметтейміз. Біз осындай қадірлі құрметті, достықты кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бір шаңырақ астындағы татулығымызды оларға үйретуіміз керек. Көпке үлгі болып отырған бірлігімізді жоғалтпай, тату-тәтті өмір кешейік, – деген ол тұрғындарды ел бірлігін сақтауға шақырды.
Кездесуде аудан прокуроры Секер Бүркітбаев тұрғындарға заң алдында бәріміз бірдей екенімізді, баршамыздың құқығымыз заң алдында қорғалатынын жеткізді. Сонымен қатар, топ мүшелері де сөз алып, ел татулығы – асыл қазынамыз екенін баса айтты.
* * *
Түс ауа этносаралық қарым-қатынасты нығайту жөніндегі комиссияның тұрғындармен кездесуі Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тапты.
Мұнда да күн тәртібіндегі мәселелер бойынша топ жетекшілері мен мүшелері сөз алып, ел бірлігі, татулығы жөнінде кеңінен әңгімеледі. Аталған ауылдық округтің аудандағы ең белсенді ауыл екенін және тұрғындардың бірлігін, татулығын тілге тиек етті.
Кездесуде ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Бақыткүл Жексекеева сөз алды.
-Бүгін біз ауызбіршілігімізді, татулығымызды сөз етіп отырмыз. Яғни, біздің ауылдық округтің тұрғындары бір-бірімен өте тату-тәтті. Мұнда 15 ұлттың өкілі тұрады. Оның бірі ретінде атап өтерім, ауылдың ерікті жастарымен бірге жалғызбасты қарттарымызға көмектесіп тұрамыз. Олардың 70, 80 мерейлі жасқа толуларына байланысты үйлеріне құттықтап барамыз. Ең бастысы, бірлігіміз бекем. Жағдай тұрақты. Тұрғындардың барлығымен тікелей жұмыс жасаймыз. Кім қандай мәселе көтерсе де, шешімін табуға тырысамыз. Округте «Ынтымақ» клубы құрылған. Клуб аясында округте түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, айтулы даталарды атап өтуге шақырамын, – дейді.
Сондай-ақ, кездесуде ауылдың қадірлі ақсақалы Рысбек Қазақбаев сөз алып, ұрпақтар сабақтастығы ретінде жалғасын тауып келе жатқан еліміздің достығы туралы өз ой-пікірін ортаға салды.
* * *
Келесі тұрғындармен кездесу Шақпақата ауылдық округіндегі Өнер мектебінде де өтіп, оған тұрғындар көптеп жиналды.
Жиында топ мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз қозғап, ашық әңгіме өрбітті.
Мұнда топ жетекшілері, аудан прокуроры, этномәдени бірлестік жетекшілері сөз алып, ел татулығы, азаматтардың құқығы, жастардың тәрбиесі туралы кеңінен айтты.
Сондай-ақ, кездесуде Шақпақата ауылдық мешітінің имамы Пернебек Бердімбетов еліміздің ауызбіршілігі ең басты байлық екенін жеткізді.
Кездесулерде топ мүшелері, аудан прокуроры еліміздегі тыныштықты, бірлікті сақтауға шақырды. Жастардың тәрбиесі көп көңіл бөлу керектігі сөз болды. Яғни, жастардың көп уақытын өткізетін әлеуметтік желінің зиян тұсы да кеңінен талқыланды. Бір болып еліміздің болашағы саналатын жастардың тәрбиесі мектеп табалдырығынан басталу керектігі, жастардың араңдатушылыққа түсіп қалмауы жайында кеңінен сөз қозғалды. Заң аясында қазақстандықтардың құқығы бірдей екенін де жеткізілді. Жалпы алғанда, еліміздің асыл қазынасы, байлығы халықтар достығының берік болуы маңызға ие.