Basty bet

Жаңғырған сыртқы саясат

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері көпвекторлылық мемлекетіміздің сыртқы саяси стратегиясының негізі болып келеді. Мұндай ұстанымның өзегінде түрлі күш орталықтарымен сындарлы қарым-қатынаста бола отырып, мәмілегерлік танытуға деген ынта жатты.
Өткен отыз жылда мұндай стратегия жаһандық геосаяси ахуал құбылған кезеңде бір емес, бірнеше рет тиімділігін көрсетті. Қазақстанның көпвекторлы саясатын қалыптастырушы архитекторлардың қатарында дүниежүзіне танымал кәсіби дипломат, тәжірибесі мол, соның ішінде БҰҰ басшылығында еңбек еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бар екенін айта кеткен жөн. Осы орайда, Президенттің сыртқы саясаттағы 100 күніне қатысты желтоқсан айында шолу жасаған едік. Онда Мемлекет басшысының жұмыс кестесінің шектен тыс тығыздығы, сонымен бірге атқарылған шаруалардың қарқыны мен тиімділігі анық көзге түседі. Қаралы қаңтар оқиғасына қарамастан, Мемлекет басшысының осы жұмыс қарқыны бәсеңдемегенін атап өте аламыз.
Қаңтар оқиғасынан кейін кейбір сарапшылар Қазақстанның көпвекторлы саясатының келешегіне күдікпен қарағаны мәлім. Шын мәнінде, әлемдегі геосаяси қысымның күрт артуына байланысты өңірлік деңгейдегі ойыншыларға бейтараптық ұстану күн өткен сайын қиындап бара жатқаны бұдан бұрын да түсінікті еді. Оған қоса, қаңтардағы қайғылы оқиғалардан және Еуропа парламентінің қарарынан кейін елімізге санкция салынып, «шеттетілген мемлекеттер» қатарына ілігіп кете ме деген қауіп те туындады. Дегенмен мұндай көзқарастың бекер екені көп ұзамай-ақ анықталды. Еуропа парламентінің бірнеше депутаты әу бастан Қазақстанды қолдады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының кадрлық тағайындаулардан бастап, сыртқы саясат саласындағы белсенді әрекеттері де еліміздің абыройын қалпына келтіруде үлкен рөл ойнады. Осылайша, 30 жыл ішінде алғаш рет Қазақстан Президентінің Әкімшілігі кәсіби дипломат Мұрат Нұртілеуге сеніп тапсырылды. Президент Әкімшілігі басшысының жаңа орынбасары, Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханов та Сыртқы істер министрлігінде еңбек еткен тәжірибелі дипломат. Сонымен қатар Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Премьер-Министрдің орынбасары лауазымында қалуы сыртқы саясаттың өзгермейтінін көрсетеді.
Өткен айда сыртқы саяси аренада жасалған негізгі бағыттардың бәрінде белсенділік байқалды. Әсіресе, бұл 2020 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Сыртқы саясат тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Рекордтық қысқа мерзім ішінде Шығыспен (Қытай және Үндістан, Шығыс Азия), көршілес елдермен (Ресей және Орталық Азия мемлекеттері), мұсылман әлемімен, Батыспен, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайту бойынша маңызды қадамдар жасалды. Сонымен, соңғы айдағы халықаралық сапарларға қысқаша тоқталсақ. Заманауи әлемдік саясаттың, әсіресе экономиканың негізгі трендтері қалыптасатын Шығыстан бастасақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қаңтарда мемлекет басшыларының «Орталық Азия – Қытай» онлайн-саммитіне қатысты. Жоғары деңгейлі форум Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Содан көп өтпестен-ақ, 5 ақпанда, XXIV Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатынан кейін Бейжіңде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин келіссөздер өткізді. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев «Бір белдеу және бір жол» мегажобасын одан әрі дамытуға басымдық берді. Өз кезегінде Қытай басшысы сөзбе-сөз айтсақ, «Қасым-Жомарт Тоқаевтың дана және қуатты басшылығымен Қазақстан мықты және гүлденген мемлекетке айналатынын» мәлімдегені шығыстық ділмарлық екені, бірақ бекер айтылмағаны сөзсіз. Қазақстанның бастамасымен құрылған, жақын арада бүкіл Азиядағы қауіпсіздікке жауапты ұйымға айналуға тиіс АӨСШК-нің келешегіне қатысты Комунистік партия басшысының жоғары баға беруінің де маңызы зор.
Қытайға сапардағы мына мәселеге назар аударған жөн. Бейжіңге шақырылған мемлекеттер басшыларының көпшілігі Қытай астанасындағы қонақүйлерге тоқтады. Тарихи мәні бар Мемлекеттік резиденцияға үш елдің басшысы ғана орналасты. Олар Ресей Президенті Владимир Путин, Пәкістанның Премьер-Министрі Имран Хан және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Қытай тарапының бұл қадамы көп нәрседен хабар береді.
Тағы бір азиялық алпауыт – Үндістан да біздің ұзақ мерзімді серіктесіміз. Жоғарыда аталған «Орталық Азия – Қытай» саммитінен екі күн өткен соң, яғни 27 қаңтарда Қ.Тоқаев Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модидің бастамасымен ұйымдастырылған, мемлекет басшыларының онлайн форматта өткен «Орталық Азия – Үндістан» бірінші саммитіне қатысты. Келіссөздер барысында сауда мәселесі де талқыланды. Мәселен, Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 3 миллиард АҚШ долларына жетіп, Қазақстанның үлесі 80 пайызды құрады. Айта кетерлігі, өңірдегі үнді ықпалын күшейтуге жасалған қадамды 2021 жылдың аяғында байқадық.
19 желтоқсанда Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманям Джайшанкардың шақыруымен Мұхтар Тілеуберді Нью-Делиде өткен Орталық Азия-Үндістан сыртқы істер министрліктері басшыларының 3-ші кездесуіне қатысты. Осылайша, Қазақстанның сыртқы саясатындағы тағы бір бағытты – «оңтүстік векторды» нығайтуға жасалған қадамды аңғара аламыз.
Әңгімеден сәл ауытқып, мына мәселеге назар аударсақ. Сыртқы істер министрін Премьер-Министрдің орынбасары лауазымымен үйлестіру Мемлекет басшысының сырты саясатқа басымдық беруінің стратегиялық маңызын айғақтайды. Көпвекторлы ұстанымсыз сыртқы саясат саласы мұндай үлкен мәнге ие бола алмайтыны да анық.
Қытай мен Үндістаннан бөлек, Шығыс Азия да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 26 қаңтарда Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Жапонияның елшісі Джун Ямадамен, ал 28 қаңтарда Корея Республикасының елшісі Ку Хонг Сокпен кездесті. Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде айтарлықтай салмағы бар елдермен өткен кездесу Қазақстанмен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналды. Бұл ретте Оңтүстік Корея елшісімен әңгіме барысында «стратегиялық серіктестік» деген сөздер айтылды.
Президент Қ.Тоқаевтың Ресейге сапары да маңызды рөл атқарды. Бұл жұмыс сапары солтүстіктегі көршімізге иррационалды «аллергиясы» бар және содан зардап шегетін кей-бір «алармистердің» паникалық болжамдарының қателігін тағы бір рет дәлелдеді. Мәселен, 10 ақпанда Ресей Президенті В.Путинмен Мәскеуде өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша 11 келісімге қол қойылды. Олардың алтауы білім беру саласына, қалған бесеуі экономика және энергетика саласындағы ынтымақтастыққа қатысты. Келісімнің барлығы өзара тиімді серіктестік қағидаттарының негізінде жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуразиядағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі пікірін ерекше атап өткен жөн: «Біз Ресейдің еуразиялық кеңістіктегі тұтастыққа қатысты ұстанымын қолдаймыз деп айтқым келеді. Түптеп келгенде бұл қағидат 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана форумының қорытындысы бойынша қол қойылған декларацияда тіркелген болатын. Біз өзге мемлекеттердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып, өз қауіпсіздігімізді құру қазіргі әлемде мүмкін емес және тиімсіз екенімен келісеміз». Бұл – ЕҚЫҰ қағидаттарына сай келетін стратегиялық серіктеске дұрыс қолдау көрсету.
Қ.Тоқаевтың Ресейге сапарының ең ерекше бөлігі ретінде 11 ақпанда Қазанға барып, Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуін атап өте аламыз. Көпшілік аталған кездесуде Қазақстан Президентінің ана тілінде – қазақша сөйлегеніне назар ау-дарды. Ортақ тарихтан тамыр алатын халықтың басшысымен қазақ тілінде аудармашысыз-ақ түсіністі. Екі көшбасшы сауда-экономика, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестікті кеңейту жолдарын талқылады. Соның алдында, 24 қаңтарда Қ.Тоқаев Қазақстан астанасында Р.Миннихановты қабылдаған-ды. Кездесу барысында сауда-экономика, өндіріс пен технология салаларындағы серіктестікті нығайту перспективаларын талқылады. Осылайша, «сюжет желісінің» үзілмегенін тағы да байқай аламыз.
Сондай-ақ өткен айда оңтүстіктегі көршілерімізбен қарым-қатынасымыз жүйелі түрде дамыды. Осы орайда, әртүрлі масштабтағы бірқатар оқиғаны атап өткен жөн. 20 қаңтарда Қ.Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Өткен жылдың аяғында, 6 желтоқсанда Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азияның жаңа тарихында үлкен бетбұрыс ретінде Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойғанын естеріңізге сала кетейік. Енді қаңтардың аяғында телефон арқылы сөйлескенде бауырлас екі елдің басшылары өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аудара отырып, стратегиялық әріптестікті (атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық) одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Үш аптадан кейін, 9 ақпанда Қ.Тоқаев Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасының төрағасы Нурдинжон Исмоиловты Ақордада қабылдады. Сол күні Өзбекстанның парламенттік делегациясы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті. Сапар қорытындысы бойынша, Өзбекстан мен Қазақстан Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды. Екі күннен кейін, 11 ақпанда Өзбекстан Пре-зиденті Ш.Мирзиёев Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайыловты қабылдады. Кездесу барысында былтыр желтоқсандағы саммит барысында қол жеткізілген Орталық Азиядағы екі ірі елдің көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыру мәселелері қаралды.
Өңірдегі басқа да туыс елдермен ынтымақтастық та бір орында тұрған жоқ. 12 ақпанда Ашхабадта еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Тараптар көлік-транзит, сауда-экономикалық және ауыл шаруашылығы салаларындағы серіктестікті кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қоршаған ортаны қорғау тақырыбында бөлек әңгіме жүргізілді.
Қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың 16 қаңтарда еліміздің бас басылымы – «Egemen Qazaqstan» республикалық газетіне берген бағдарламалық сұхбатында Қазақстанға көрсеткен моральдық қолдауын атап өткен жөн.
Кейбір халықаралық сарапшылар Орталық Азия елдері көшбасшыларының Бейжіңде Қысқы Олимпиадада бірге түскен суретке ерекше мән берді. Орталық Азия елдері бойынша танымал сарапшы Аркадий Дубнов: «Орталық Азия елдерінің басшылары бірлескен суреттері арқылы әлемге өзара келіспеушіліктер мен пікір қайшылығын артқа тастап, келісімге келе алатынын көрсетуге тырысады… Бұл әрекеттері Ортаазиялық қауымдастықты қалыптастыруға деген ишаратқа ұқсайды. Аймақтағы мем-лекеттердің басшылары Орталық Азияны халықаралық саясат субъектісіне айналдыруға тырысып бағады» деп атап өтті.
Биыл Қазақстанның посткеңестік мемлекеттерден бөлек, мұсылман елдерімен ынтымақтастығы жалғасын тапты. Мәселен, 6 ақпанда Президент Қ.Тоқаев Twitter желісінде Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға және оның жұбайы Эмине Ердоғанға омикрон вирусынан тезірек сауығып кетулерін тіледі. Түрік көшбасшысының жүрекжарды жауабы да көп күттірмеді. Сондай-ақ 2 ақпан күні Президент Қ.Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси телефонмен сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оның алдағы перспективаларын талқылады. Айта кететіні, келіссөзге Иран тарапы бастамашы болды. Осылайша, елдің жаңа Қазақ-станмен өзара іс-қимыл жүргізуге қызығушылығы сақталғанын растады.
«Оңтүстік вектордың» дамуына орай, мұсылман әлеміне қатысты тағы екі маңызды оқиға болғанын атап өту керек. 26 қаңтарда Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Макдум Шах Махмуд Курешимен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістанның халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылының перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, М.Тілеуберді Қазақстан ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысына Пәкістанның төрағалығын толық қолдайтынын жеткізді. Келіссөз туралы бастаманы былтыр 2021 жылы Қазақстанға қызығушылығы айтарлықтай артқан Пәкістан да көтерді. Осылайша, оңтүстік және оң-түстік-батыстағы әріптестеріміз Қазақстанның қаңтар айындағы қайғылы оқиғадан тез арада айығып, сыртқы саясатында ұстанатын дәстүрлі бағытына оралғанына ықылас білдірді.
Қазақстанның Батыс әлемімен өзара қарым-қатынасы – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының аса маңызды бағыты. Келешекте де солай болып қала береді. Бұл – ең алдымен, ЕО және АҚШ елдерімен өзара ынтымақтастыққа қатысты. Бұл бағытта да аса маңызды саяси оқиғалар болды. Батыстағы әріптестер Қазақстандағы саяси реформаларға, адам құқықтарын сақтауға талпынысына жоғары баға берді. Қазақстан дипломатиялық сыпайылықты сақтай отырып, бұл бағыттағы процестердің үздіксіз, байыппен жоғары әлемдік стандарттар мен ұлттық мүдделер арасындағы тепе-теңдікте дамып жатқанын жеткізді. Батыстағы серіктестерімізге елдегі оқиғалар мен олардың себеп-салдарын объективті баяндау өте маңызды болатын. Мұны сәтті орындай алдық. Ал 6 қаңтарда ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қатысуымен терроризмге қарсы операция жалғасып жатқан кезде, америкалық тараптың бастамасымен М.Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлесті. Олар Қазақстандағы ахуалды, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейдегі қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылады. Кейінірек, 10 қаңтарда еуропалық тараптың бастамасымен Қ.Тоқаевтың Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөзі онлайн режімде өтті. Отырыста еліміздегі ішкі саяси жағдайдан басқа, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективалары көтерілді. ЕО Қазақстанның осы күнге дейінгі басты сауда серіктесі болып қала беретінін айта кету керек. 19 қаңтарда М.Тілеуберді Бельгияға іссапармен барып, осы елдің және ЕО басшылығымен келіссөздер жүргізді. Қазақстан мен ЕО-ның екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді, көпжоспарлы ынтымақтастықты дамыту ниеті келіссөздердің негізгі арқауына айналды. Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілуіне серпін берген Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге 2020 жылдың наурыз айында қол қойылғанын еске сала кеткен жөн.
Көп ұзамай, 7 ақпанда Президент Қ.Тоқаев Ақордада ЕО-ның Орталық Азиядағы арнайы өкілі, фин дипломаты Тери Хакалды жеке қабылдады. Қазақ көшбасшысы ЕО Президенті Ш.Мишельге елімізге көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді. Ал еуропалық дипломат ЕО мемлекеттері Орталық Азиядағы басты серіктесі – Қазақстанның дамуына мүдделі болғандықтан, Президент Қ.Тоқаевтың реформалар саясатын толық қолдайтынын атап өтті.
Ал 2022 жылы 10 ақпанда АҚШ-қа іссапармен барған Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Ақ үйдің, Конгрестің, АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми тұлғаларымен, «сараптама орталықтарымен» және басқа да бірқатар құрылымның өкілдерімен кездесті. Негізінен екіжақты, сондай-ақ «С5+1» форматында кеңейтілген стратегиялық әріптестікті тереңдету мәселелері талқыланды. А.Рахматуллин өз кезегінде америкалық тарапқа Қазақстандағы кешенді саяси және экономикалық реформалар бағдарламасының негізгі тұстарын таныстырды.
11 ақпанда Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Германия Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдері бойынша уәкілетті өкілі Маттиас Люттенбергпен кездесіп, Қазақстан-Германия ынтымақтастығы мен оның даму перспективаларын талқылады. Тараптар көпжоспарлы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Үш күннен соң, 14 ақпанда М.Тілеуберді ЕО-ға мүше мемлекеттердің елшілерімен кездесті. Олар Қазақстанға қолдау көрсетіп, елде жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді (Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы табыстарын ерекше атап өтті). Одан бөлек министр Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Пекка Хаавистомен телефон арқылы сөйлесті. Нәтижесінде, БҰҰ мен ЕҚЫҰ алаңдарындағы ынтымақтастық жөніндегі жоспарлар келісілді.
Қазақстанның халықаралық ұйым-дармен ынтымақтастығы туралы айта кеткен жөн. Соңғы айда СІМ басшылығы осы бағытта белсенді жұмыс жүргізді. Сырты істер министрі 21 қаңтарда Венаға жұмыс сапарымен барып, ЕҚЫҰ басшылығымен кездесті. Бұрын қол жеткізген келісімдер мен Қазақстандағы реформалар кезінде ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесі қозғалды. 31 қаңтарда ИЫҰ хатшылығының бастамасымен М.Тілеуберді ұйымның бас хатшысы Хусейн Ибрагим Тахамен телефон арқылы сөйлесті. Ол Қазақстан халқы мен басшылығына қолдау білдіріп, қаңтар айындағы оқиғалар кезінде қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Мұсылман әлемінің Қазақстанға қызығушылық танытып, еліміздегі оқиғаларды жіті бақылап отырғаны байқалады. Сыртқы істер министрі сондай-ақ 7 ақпанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының (АҚЖКБ) Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Рышард Комендамен кездесіп, осы салаға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. 15 ақпанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов АӨСШК атқарушы директоры, елші Қайрат Сарыбайды қабылдады. Ол жақында ұйымға айналатын осы құрылымдағы Қазақстан төрағалығының басымдықтарын іске асыру барысы туралы баяндады. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Түркі ынтымақтастығы ұйымдары – Түркітілдес мемлекеттер ұйымының Хатшылығы, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры Қазақстанға бірауыздан қолдау білдірді. Сонымен қатар 11 қаңтарда еліміздегі қайғылы оқиғалардың ізімен Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің Қазақстандағы жағдайға қатысты төтенше отырысы өтті. 31 қаңтарда Қазақстан астанасына Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев келіп, министр М.Тілеубердімен кездесті. Қазақстанның Түркітілдес мемлекеттер ұйымымен серіктестігі мәселелері және күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды. Ал 11 ақпанда белгілі қоғам қайраткері Икрам Адырбеков Түркі мемлекеттері ұйымының Ақсақалдар кеңесінің үш күндік отырысына қатысты. Осылайша, Қазақстанның түркі әлемімен қарым-қатынасы да өзектілігін сақтап қалды.
Түйіндеп айтсақ, өткен айдағы оқиғалар көп нәрсені аңғартты. Қазақстан әлем картасында маңызды орынға ие болып қала бермек. Шетел бізге әлі де қызығушылық танытады. Серіктестеріміз еліміздің дағдарыстан кейін тез арада қайта қалпына келгенін, мемлекет басшылығы әуелден жоспарланған оң өзгерістер мен қайта құруды жедел іске асырып жатқанын көріп отыр.
Ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, әлеуметтік әділетсіздікті еңсеру, заңның үстемдігін орнату және адамның негізгі құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі мәселелер алдағы уақытта да ілгерілетіле бермек. Бұл бағыттағы жұмыстардың келешекте жалғасын табары сөзсіз. Осылайша, еліміз халықаралық келісімдерге берік екенін сөз жүзінде емес, ісімен дәлелдеп отыр. Экономиканы қалпына келтіруге қажет шешімдердің бәрі жүзеге асып жатыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның аймақтық және әлемдік геосаясаттағы орнын көрсетеді. Ел басшылығының ұстанымы қабылданып жатқан шаралардың тактикалық емес, стратегиялық және ұзақ мерзімді сипатта екенін айғақтайды. Қазақстанның ішкі ғана емес, көпвекторлы стратегиясынан айнымайтын сыртқы саясатына қатысты бағдарымыз өзгермек емес. Қазақстан басшылығының мақсаты – «қалыпқа қайта оралу» ғана емес, елдің дамуында серпіліс жасап, әлемдегі орнын одан әрі нығайта түсу.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
egemen.kz

Таңдаулы материалдар

Close