Basty bet
Жомарт жүректі жандар марапатталды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы көпшілікке ұсынылған күннен бастап ізгілікті мұрат еткен, руханиятты жандандыруға арналған түрлі жобалардың саны артып келеді. Сонымен қатар біздің ауданда да жақсы да өнегелі істерімен көзге түскен азаматтардың қатары да көбейіп келеді.
Жақында «Жомарт жүрек» сыйлығының аудандық іріктеуден өткен номинация иегерлері анықталды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жомарт жүректі жандарды марапаттау рәсімі өткізілді.Шара бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, көтермелеу, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін паш ету, қайырымдылық пен мейірбандық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Игі шараны аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашты.
-Рухани жаңғыру қағидаттарының негізі болған қасиетті ұғымдардың бірі – туған жер. Туған жер дегенде жүрегі тебіренбейтін, жаны толғанбайтын азаматтар жоқ шығар, сірә. Елімізде «Туған жер» жобасы іске асырылып, жомарт жандар өзінің туған жеріне, өлкесіне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шаралар жасауға үлкен үлес қосуда. Бүгінгі номинация иегерлері – біздің мақтанышымыз. Олардың жасаған игі істері қоғамға, көпшілікке үлгі-өнеге деп білемін. «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары, сіздердің қажырлы еңбектеріңізге, мейірімділіктеріңіз бен ізгіліктеріңізге алғысымды білдіремін, – деп аудан басшысы жеңімпаздарды құттықтап, оларға марапаттарын табыстады.
Жиында марапатталғандардың барлығы өз саласында белгілі бір белесті бағындырып, көпшілік көңілінен орын алған жандар. Аудандық іріктеуде «Жыл меценаты» аталымы бойынша сыйлық «Бурное Солар» ЖШС күн электр станциясының бас директоры Нұрлан Капеновке табысталды. Ол өз есебінен «Бауыржан Момышұлы» қорына қаржы аударып, Б.Момышұлы ауылындағы көпбалалы бір отбасына пәтер алып берген болатын. Сонымен қатар жыл сайын Нұрлыкент ауылдық округіндегі білім беру ұйымдарын жабдықтармен қамтамасыз етіп, ауылды абаттандыруға, жол құрылысына, басқа да материалдық жағынан көмектер көрсетіп келеді. Ал, «Туған өлке» атылымы «Тау самалы» туристік сауықтыру кешенінің құрылтайшысы Арыстан Тлебаевқа бұйырды. Кәсіпкер жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласынан келген балалардың жазғы демалысын жүйелі ұйымдастырған. Жыл сайын аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға материалдық көмектер көрсетіп келеді. Сондай-ақ, «Берікқара» шатқалы табиғатының қорғалуына септігін тигізуде. Келесі кезекте «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жыл тұлғасы» номинациясымен жеке кәсіпкер Банати Ибрагимова, «Ерен еріктілік» аталымымен Ұлдана Әбу марапатталды.
Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»