Basty bet
“TopJargan” білім орталығы
Білімдінің қолында алтын шырақ. Білім – өмірдің нәрі.
ХХІ ғасыр білектінің емес, білімдінің заманы. Яғни, бүгінде білім беруде тәрбие мен білімнің сапа мәселесі бірінші орынға шықты.
Заман талабына сай, бала тек мектептің білімімен шектеліп қана қалмай, жан-жақты болу үшін қосымша білім алуға ұмтылуда.
Өмірде ең маңызды мәселелердің бірі – мамандық таңдау. Сондықтан бала мектеп қабырғасында өзінің бойындағы қабілетіне қарай болашақ мамандығын дұрыс таңдап, соған машықтануы қажет. Барлық бала Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, грантқа оқуға түскісі келеді. Алайда грантты жеңіп алу оңай емес, талап жылдан-жылға күшейіп келеді.
Мектепте ұстаздар бүкіл сыныпқа бар күш-жігерін салып білімін береді. Алайда, қосымша білім ешқашан артық болмайды. Ауданымыздағы қосымша білім беру ордасы – «TopJargan» білім орталығы.
«НұрайПЛАЗА» ғимаратында орналасқан «TopJargan» білім орталығы әрбір мектеп бітірушіге қосымша білім алуға мүмкіндік туғызып отыр.
Қосымша сабақтың мақсаты – оқушыны жеке дайындаудың арқасында ҰБТ-ны жақсы тапсыруға ықпал ету.
Міндеті – мектепте алған білімді тереңдету, пәнге деген қызығушылығын ояту, оқушыларды еңбексүйгіштік пен жауапкершілікке тәрбиелеу. Күтілетін нәтиже – ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсету.
Орталығымызда оқушылардың таңдауымен бірнеше пәндер бойынша топтар ашылған. Әсіресе математика, тарих, химия, биология, физика, география пәндеріне сұраныс өте көп. Орталықта оқушыларға ауданымыздың жоғары санатты ұстаздары білім беруде. Білім мекеніне тек аудан орталығынан ғана емес, сондай-ақ түкпір-түкпірдегі шалғай ауылдардың да балалары келіп білім алады.
Жасөспірімдер қосымша білім алу барысында орталық ұстаздарынан мамандыққа деген тұрақтылықпен өзінің қабілеттілігін анықтай алады, болашақ мамандығына байланысты оқу пәндерінен терең білім алады, жеке басының қасиеттерін дамытады, еріктілік және сезімдік қасиеттерін, өзіне деген сенімділікті қалыптастыра алады. Білім ошағы балаларға тек бір ғана біліммен шектеліп қоймай, мамандық әлемі, еңбек нарығының жай-күйі туралы түсінік қалыптастырады, оқуға ынтасын арттырып, ой-өрісінің дамығанын сезіндіреді. Бұндай мақсаттарға жету үшін оқушылармен, ата-аналармен, оқу орталықтағы мұғалімдерімен бірлесе жұмыс істелініп келеді. Демек, оқушы мен ұстаз бір-бірінің жан дүниесін түсініп, ортақ іс-әрекеттің барысы мен нәтижесін бірігіп талдауы – бұл кәсіптік бағдар берудегі басты міндет. Жасөспірімдерді білімді, жан-жақты етіп өсіруге әрбір ата-ана, мектеп және бүкіл жұртшылық болып жұмыла кіріскен нәтижелі болады.Тағы бір айта кететін жайт біздің орталығымызда оқу барысында, мереке күндері, демалыста баланың мотивациясын арттыру мақсатында әртүрлі іс-шаралар, серуендер, экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады.
Орталық ұстаздарының оқушыны тестке дайындауда өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Күнделікті сабаққа қарағанда қосымша сабақтағы жұмыс түрі басқа материалдармен, жеке жұмыс жасау жолдарымен жүзеге асады.
Ұстаздар әрбір тақырыптық, аралық және сынама тестілерін алып, нәтижесіне қарай жеке жұмыс жасауды бастайды. Міне, осындай жұмыс түрлері арқылы ұстаздарымыз оңтайлы нәтижеге қол жеткізіп келеді.
Биылғы 2021-2022 оқу жылының нәтижесі орталығымызда жемісті болды. Атап айтсам, білім орталығындағы оқушыларымыздың 75 пайызы грант иегері атанды. Ұстаз бен оқушылардың бірлесіп, талмай еңбек етуінің арқасында балалар еліміздің жетекші білім ордалары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сүлеймен Демирель атындағы университет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Азаматтық авиация академиясы, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университеті т.б жоғары оқу орындарының студенті болды.
Ұстаздарымыз Ғазиза Бозаева дайындаған 30 оқушының 22-сі грант жеңіп алды, Ләззат Шалданбаева дайындаған 25 оқушыдан 15-сі, Клара Бабаханова дайындаған 4 оқушыдан 3-уі, Гүлнар Сұлташева дайындаған 22 оқушының 15-сі, Айзат Байназар дайындаған 18 баладан 10-ы, Алтынай Шынықұлова апайымыз дайындаған 17 оқушының 12-сі грант иегері атанды.
Елдің жарқын болашағы білімді ұрпақтың қолында. Кеше ғана алдарында биік асу, үлкен таңдау тұрған жасөспірім мектепті бітіріп, аттестат алу, ҰБТ сынағынан сүрінбей өту секілді сындарды артқа тастап, бүгін міне, армандаған жоғары оқу орнына мемлекеттік грант арқылы студент атану бақытына қол жеткізді.
Адамның тағдыры – өз қолында! Егер баланың таңдауы нақты, мақсаты айқын болса, ол әлбетте, асқақ арманына жету жолында кездескен қиындықтардан сүрінбей өтеді, биік асуларды бағындырады. Түлектердің жарқын болашаққа бастау алған жолына тек сәттілік тілейміз!
Нүрила Мәлібекова,
«TopJargan» білім орталығының директоры