Basty bet

Бел жазбай өткен балалық

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі.

Соғыс жылдары қазақ елі еңбектің ащы дәмін, заманның тауқыметін қатты тартты. Ұлы Отан соғысына біздің ауданнан да талай ер азаматтар аттанып, осынау сұрапыл соғыста ел мен жер үшін, бейбітшілік үшін жан берісіп, жан алысты. Елде қалған үлкен-кіші де тылда аянбай еңбек етті. Жеңіске жетуде тыл ардагерлерінің де қосқан үлесі өте зор. Бұл күндері тыл ардагерлерінің жасы сексеннен асса, алды тоқсанның бесіне таяп, қатары сиреп қалды. Соның бірі – Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылының тұрғыны, тыл ардагері Айтқыз Пірмаханбетова.
Айтқыз Ақылбекқызы 1930 жылы Диқан ауылында дүниеге келген. Отбасында екі ағайынды болған. Ағасы соғысқа аттанып, қайта оралмаған. Айтқыз әже әкесінен де, анасынан да ерте айырылып, ағайынды ағасы Қарымсақ пен жеңгесі Күлдардың қолында тәрбиеленеді. Балғын балалық шақтың тәтті дәмін сезінбеген ол бұғанасы қатпай жатып еңбекке араласады. Ауылдың жас қыздарымен бірге шөп жинауға шығып, көпшілікпен бірге тылда жұмыс істеген.
-Қолымыздан келгенше ауылдағы жұмыстарды атқардық. Егіс алқабына шығып, шөпті шөмеле жасап жинайтынбыз. Соғыс жылдары бүкіл адамзаттың басына түскен ауыр да қиын жылдар болды. Ауылдың ер азаматтарының барлығы майданға аттанды. Ауылда тек қана қариялар, аналар мен балалар қалды. Ол уақытта бір адам бір күнде 10-12 шұлық тоқу керек. Күндіз тоқып үлгермесек, кешке кімнің үйінде шам болса сол үйге барып тоқитынбыз. Ол уақытта шырақшам барлық үйде түгел бола бермейтін. Қаншама жұмыс ауылдағы кемпір-шал, балалар мен әйелдердің күшімен атқарылды. Бұл сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Жергілікті басшылар, жоғарыдан келетін адамның барлығы «Соғыс майданы мен тыл майданы біртұтас бірлікте, бірінсіз бірінің күні жоқ» дегенді құлағымызға құйып, санамызға сіңірді. Содан болар, бойы өсіп, бұғанасы қатпаған балалар соғыс кезіндегі ауыртпалықты көтеріп, Жеңіс үшін, Отан үшін өздерінің орасан зор еңбек үлестерін қосты.
Қарымсақ ағам мен Күлдар жеңгем өте жақсы кісілер еді. Ата-анасыз қалған бізді олар бауырларына басып, өз балаларынан кем көрген жоқ. Жеңгем күнде барлығымызға ыстық нанын жауып, қаншама балаға қарап отырса да, бір рет шаршадым деген сөзін естімедік. Көктөбе ауылының азаматы Мырзахмет Пермаханбетовке тұрмысқа шықтым. Ол да ата-анасынан ерте айырылып, екі әпкесі үшеуі туысқандарының қолында өскен. Отағасы да өмірден көптеген қиыншылықтарын көрген. Отбасылы болған соң екеуміз бірге «Большевик» колхозында қызылша, картоп жинадық. Балаларым кішкентай, оларды тастайтын адам болмай, қызылша жинауға бірге алып шығатынмын, – дейді тыл ардагері.
Айтқыз әже өмірге үш ұл мен екі қыз әкелген. Қазіргі таңда балалары бір-бір отбасының ұйытқысы. Ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп отырған ардақты әже.
Басына түскен ауыртпалықты көтеріп, қиыншылықтарды жеңе білген, ғасырға жуық өмір сүріп келе жатқан аяулы анамыз бүгінде өзінің ұрпағына өмірдің түзу жолын сілтеп, оларды Отанына, туған халқына адал еңбек етуге тәрбиелеуде.
Ол аналық жүрекпен бейбіт өмірдің мәңгі болуын, елдің аман, жұрттың тыныштығын тілейді. Өздері көрген тауқыметті кейінгі ұрпақ көрмесін дейді. Қазыналы қартқа ауылдың тұрғындары мен ауыл әкімшілігі үнемі құрмет көрсетіп тұрады екен.
-Біз көрген бейнетті ұрпағымыз көрмесін. Еліміз өсіп, өркендей берсін. Жер бетінде тек тыныштық заман болып, ұрпағымыз аман болсын. Бейбіт күннің байрағы биік тұрсын, – деген аналық тілегін білдірді Айтқыз әже.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close