Basty bet

Бақылаусыз бала, Қараусыз жүрген жеткіншек

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы суицид – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, бұл – бүкіл қоғамның рухани ахуалының айнасы. Соңғы жылдары жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауға бейімділігі артып барады. Бұл – дабыл қағатын, шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін өзекті мәселе.
Статистикаға сүйенсек, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу дерегі бойынша 453 жәбірленуші тіркелген. Соның ішінде 45,4 пайызы, яғни 148 адам өмірден өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өсе түскені байқалады. Ең алаңдатарлығы, мұндай істердің басым бөлігінде әрекетке барушылар тірі қалғанымен, олардың өмір жолы мен психологиялық ахуалы күрделі жарақат алады.
Суицидке бейімдердің көпшілігі – ер адам. Осы жылдың алғашқы бес айындағы дерекке сүйенсек, жәбірленушілердің 71,5 пайызы – 30-49 жас аралығындағы ер-азамат. Алайда бұл мәселе тек ересектермен шектелмейді. 18 жасқа дейінгі 55 жасөспірім де осы санатқа еніп отыр. Бұл – еліміздің болашағы саналатын жас буынның үлкен психологиялық күйзеліспен бетпе-бет келгенінің көрінісі.

Жағдайды жеке қарау керек

Мамандардың айтуынша, суицидке апарар жол әркімде әртүрлі. Біреуді жалғыздық пен өз-өзіне деген сенімсіздік, енді біреуді отбасыдағы қиындықтар, зорлық-зомбылық, түсініспеушілік немесе мектептегі буллинг жетелейді.
ЮНИСЕФ мамандары жасөспірімдер арасындағы суицидтің басты себебі – күйзеліс екенін айтады. Ал психолог Әлия Базарбай бұл мәселеге ата-ананың қатысы барын жасырмайды.
– Балалар көп жағдайда – ата-ананың назарына зәру. Жауапсыз махаббат, мұғалімдермен немесе қатарластарымен жанжал, өзіне деген сенімсіздік оларды тығырыққа тірейді. Суицидтік мінез-құлыққа бейімділікті байқау үшін баланың мінезінде болып жатқан күрт өзгеріске назар аудару қажет: атап айтқанда, тұйықталу, сабақ үлгерімінің төмендеуі, агрессия, депрессия белгілері. Баламен ашық сөйлесіп, оның жан дүниесіне үңілу, қолдау көрсету – ең тиімді көмек. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен суицид – өзара байланысты құбылыстар. Әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасыда өскен балалар теріс ықпалға тез беріледі. Қадағалаусыз қалған жеткіншек қылмыстың да, қайғылы оқиғаның да құрбанына айналуы мүмкін, – дейді психолог Әлия Базарбай.
Психологтердің пікірінше, көптеген жасөспірім суицидке бару арқылы қоғамға, ата-анаға, айналасына өздерінің қиын жағдайын білдіргісі келеді. Бұл – үнсіз көмек сұраудың тәсілі.
Сарапшылардың айтуынша, суицидке бейімділікті алдын ала байқауға болады. Мінез-құлықтағы күрт өзгерістер, тұйықталу, тәуекелге бейім әрекеттер, оқу үлгерімінің төмендеуі, депрессия, әлеуметтік желілерде суицид тақырыбына қызығушылық таныту – өте қауіпті белгі. Психиатр Гүлдана Ахметова елімізде 11 мың баланың өзін-өзі өлтіру қаупі жоғары екенін айтады. Бұл ресми тіркелген жағдайлар ғана.
– Әрбір жасөспірімнің жағдайын жеке қарау керек. Бір шешім бар деу қате. Суицид – тек психология¬лық емес, психиатриялық деңгейде қарастырылуға тиіс аса күрделі мәселе. Қоғамда бұл құбылысты көбіне аяқасты қабылданған шешім немесе бір сәттік эмоцияның әсері деп түсінетіндер бар. Алайда суицид – көбіне ұзаққа созылған психикалық күйзелістің, ішкі жалғыздық пен үмітсіздіктің көрінісі.
Өзіне-өзі қол жұмсауға барған адамдардың бір бөлігі – шизофрения, биполярлық бұзылыс, клиникалық депрессия сияқты нақты психиатрия-лық диагнозы бар науқастар. Алайда сырттай сау көрінгенімен, іштей ауыр күйзеліске ұшыраған адам да аз емес. Олар көмек сұрауға ұялады, қоғамнан түсіністік күтпейді. Дәл осы үнсіздік трагедияға апарады.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің ерекше қауіптілігі – олардың әлі толыққанды тұлға ретінде қалыптаспағанында. Эмоциялық тұрғыда тұрақсыз, шешім қабылдауда тәжірибесі аз, жүйке жүйесі де әлі жетілмеген. Мұндай кезеңде кез келген психоәлеуметтік соққы – ата-ананың ажырасуы, қорлау, зорлық немесе жалғыздық олар үшін ауыр соққыға айналуы мүмкін.
Суицид – көбінесе үнсіз жанайқай. Дәрігер ретінде айтарым, баланың, не ересек адамның мінез-құлқындағы өзгерістерді – тұйықталу, белсенділіктің төмендеуі, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы секілді белгілерді байқасаңыз, міндетті түрде маман көмегіне жүгініңіз. Бұл – әлсіздік емес, керісінше, саналы шешім, – дейді психиатр Гүлдана Ахметова.
Маманның айтуынша, адамның психикалық тұрғыдан сау болуы – жалпыұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сондықтан бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі қолдау қажет.
Ең алдымен, мектеп психологтерінің кәсіби дайындығын күшейту, аймақтарда балалар мен жасөспірімдерге арналған психиатриялық көмекті дамыту – күн тәртібінде тұрған маңызды міндеттер.
Бүгінде Оқу-ағарту министрлігі әр мектепке психолог мамандарын енгізуді жоспарлап отыр. Бірақ олардың біліктілігі мен дайындығына қатысты сын көп. Мамандардың айтуынша, қысқа курстан өткендер шынайы маман бола алмайды. Бұл мәселе тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның, ата-ананың, мектептің бірлескен іс-қимылын қажет етеді.
Бұл бір министрліктің ғана емес, бүкіл қоғамның проблемасы. Жастардың даусына құлақ асу, олардың психологиялық саулығын бірінші орынға шығару – кезек күттірмейтін мәселе.
Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, өз еркімен өмірімен қош айтысқан немесе мұндай әрекетке баруға оқталған балалар мен жасөспірімдердің психологиялық бейнесі жасалған кезде олардың 70 пайызы психикалық тұрғыдан сау екені анықталған.
25 пайызы – антиәлеуметтік мінез-құлық тобында, ал 5 пайызы суицидтік мінез-құлық қаупі жоғары топқа жатады.

Қауіп және қателік

Сарапшылардың айтуынша, суицидке бейім қауіпті топқа – тұлғааралық қарым-қатынаста қиындықтары бар жасөспірімдер, жалғызіліктер, ішімдік мен есірткіге әуес, девиантты немесе қылмыстық мінез-құлық көрсететіндер (соның ішінде күш қолдану), қорлық көрген немесе қайғылы жағдайға душар болғандар жатады. Суицидтің алдын болжайтын белгілерді дер кезінде байқау өте маңызды.
– Болжайтын белгілер дегенде, мінез-құлықтағы өзгерістер: тұйықталу, тәуекелге бейім әрекеттер; мектептегі қиындықтар: оқу үлгерімінің төмендеуі, эмоциялық жарылыстар, сабақта ұйықтап қалу; депрессия белгілері: тамақтану мен ұйқы режімінің бұзылуы, мазасыздық, үмітсіздік, кінәлау сезімі, қызығушылықтың жоғалуы, сонымен қатар суицид туралы ауызша ескертулер, интернет-сайттар мен әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қызығушылық таныту және оккультизмге аса назар аудару маңызды, – дейді психолог Әлия Базарбай.
Осы орайда «мұндай жағдайға тап болған жасөспірімге қалай көмектесуге болады» деген сұрақтың туындауы орынды. Жоғарыда аталған белгілерді байқаған жағдайда, алдымен жасөспірімді жеке тұлға ретінде қабылдап, онымен сырласа білу маңызды. Шынайы қарым-қатынас орнатып, тек сөзбен емес, ым-ишарамен білдіретін жанашырлық арқылы да көрінуі керек. Мұндай жағдайда мораль оқудан гөрі, қолдау көрсету маңыздырақ.
– Өкінішке қарай, жасөспірімдер өз қателігін бірден түсіне бермейді. Себебі олардың өмірлік тәжірибесі аз, қиын жағдайдан дұрыс жол табуға дағдыланбаған. Жалғыз қалған жасөспірім көбіне ақылға емес, бір сәттік сезімге еріп шешім қабылдайды. Бұл оны тек өлімге емес, қылмыс жолына да алып келуі мүмкін. Ересектер бастан кешіріп жатқан экономикалық қиындықтар отбасы ішіндегі психологиялық ахуалға әсер етеді. Бұл ата-ананың бала тәрбиесінен алыстауына, отбасының әлсіреуіне алып келеді. Бала кезінде моральдық тәрбие алмаған жасөспірім түрлі теріс әсерге бейім болады. Отбасыдағы келеңсіз жағдайлар жасөспірімнің мінез-құлқына кері әсер етеді. Отбасыдағы қиын қарым-қатынас, реніш пен оқшаулану сезімі жасөспірімді сырттан «орнын толтыруды» іздеуге итермелейді. Мұндай орта көбіне тағдыры ұқсас құрдастары арасынан табылады. Бұл оның теріс байланыстар мен жағымсыз ықпалға түсіп кетуіне себеп болуы мүмкін, – дейді психолог Әлия Базарбай.

Әлеуметтік дабылға үн қатсақ…

Қазақстанның Дені сау өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары суицидке баруға әрекеттенген жасөспірімдер әдетте 14–17 жас аралығындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары екенін айтады. Әлеуметтанушылардың айтуынша, көбіне олар жағдайы төмен отбасының баласы.
– Жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себебі – депрессия. Оның ішінде, жалғыздық сезімі мен өзін қажетсіз сезіну. Көп жағдайда ата-ана жұмысбасты болып, балалар өз бетімен қалады. Бұл – тек психикалық немесе медициналық мәселе емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік ахуалының көрсеткіші. Әлеуметтану ғылымы суицидті әлеуметтік дерт ретінде қарастырады. Себебі бұл құбылыс адамның жеке күйзелісінен ғана емес, айналасындағы ортадан, қоғаммен қарым-қатынасынан, әлеуметтік қолдаудың әлсіздігінен туындайды.
Көп жағдайда адамның өзіне-өзі қол жұмсауына әкелетін басты себеп – жалғыздық, қоғамнан шеттетілу, әлеуметтік әділетсіздік сезімі. Жастар арасында суицидтің артуына ата-ана мен бала арасындағы байланыстың үзілуі, мектептегі психологиялық жағдай, әлеуметтік қысым, кибербуллинг, болашаққа сенімнің жоғалуы әсер етеді. Сондай-ақ жұмыссыздық, материалдық қиындық, баспанасыздық сияқты факторлар ересектерді тығырыққа тірейді. Бұл – тек жеке адамның трагедиясы емес, қоғамдағы жүйелі мәселелердің салдары, – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Сонымен, бұл мәселе тек жеке адамның психологиялық күйі ғана емес, сонымен қатар оның өмір сүріп отырған әлеуметтік ортасының да көрінісі. Әлеуметтанушылар бұл құбылысты қоғамдағы құрылымдық, мәдени және экономикалық факторлармен тығыз байланыстырып қарастырады. Себебі адамның өмірге көзқарасы, үміті мен күйзелісі көбіне оның әлеуметтік жағдайына тәуелді. Төмен табыс, жұмыссыздық, баспананың болмауы, білім мен медициналық көмекке қолжетімсіздік – мұның барлығы адамның психикалық денсаулығына кері әсер етеді. Экономикалық қиындыққа тап болған адамда үмітсіздік, шарасыздық, болашаққа деген сенімнің жойылуы байқалады. Әлеуметтанушының сөзінше, бұл – суицидке апаратын психоәлеуметтік тетіктің бірі.
– Бұл тек жеке адамның ішкі күйзелісі емес, ол қоғамдағы әлеуметтік жағдайлардың айнасы деуге болады. Әлеуметтану ғылымында суицидті әлеуметтік дерт ретінде қарастырамыз. Өйткені адамның өмірге деген көзқарасы, болашаққа үміті, психологиялық саулығы оның өмір сүріп отырған ортасына, әлеуметтік қолдауына тікелей байланысты.
Бірінші кезекте, экономикалық тұрақсыздық – суицидтің маңызды себептерінің бірі. Жұмыссыздық, қаржылық тапшылық, баспанасыздық секілді қиындықтар адамды үмітсіздікке жетелейді. Кедейлік адамның өзін бағалауына кері әсер етіп, өз өмірінің мәнін жоғалтуына алып келуі мүмкін.
Екінші фактор – әлеуметтік оқшаулану. Қазіргі урбанизация дәуірінде, әсіресе үлкен қалаларда адамдардың бір-бірімен байланысы әлсіреген. Қауымдастық азайған, туыстық қарым-қатынас әлсіреген ортада жалғыздық сезімі артады. Жасөспірімдер мен қарт адамдар бұл оқшаулануға жиі ұшырайды.
Үшінші маңызды себеп – әлеуметтік қысым мен стигма. Жастар арасында сыртқы бейнеге, жетістікке деген талап тым жоғары. Қоғам адамның әлсіздігін қабылдамайды, ал көмек сұрау – кейде ұят немесе әлсіздік ретінде қабылданады. Мұндай жағдайда адам ішкі жанайқайын жасырып, тығырыққа тіреледі, – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Әлеуметтанушының айтуынша, суицидпен күрес тек медицина мамандарына жүктелмеуі керек.
Бұл – кешенді, көпсалалы тәсілді қажет ететін әлеуметтік мәселе. Қоғамда сенім мен қолдау тетіктерін дамыту, психологиялық көмекке қолжетімділікті арттыру, білім беру жүйесінде эмоциялық саулықты нығайту – суицидтің алдын алудың маңызды шарттары. Мемлекет пен қоғам бірігіп, әсіресе осал топтарға – жастарға, жалғызілікті анаға, мүмкіндігі шектеулі жанға, әлеуметтік жағынан оқшауланған адамға ерекше назар аударуға тиіс.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»

Таңдаулы материалдар

Close