Basty bet
Жаңа ғимаратты пайдалануға берер күн де алыс емес
Бүгінгі таңда құрылыс саласында қарқын бар. Оған мемлекет тарапынан бөлініп жатқан бағдарламалар да өзінің оң әсерін тигізуде. Мәселен, денсаулық сақтау саласына тоқталар болсақ, соңғы жылдары көптеген елді мекенде медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынып ел игілігіне берілді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табуда. Соның бірі Ақтөбе ауылдық округінде салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны айтуға болады.
Халықтың сұранысына қарай Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл ғимарат осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілген Қарасаз бен Нұрлыкент ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттарындай кең, әрі ыңғайлы болмақ.
Ғимараттың құрылысын тараздық «Таразқұрылысинвест» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимарат тұрғызылып, шатыр жабындысы жабылуда. Оның құрылыс жұмысына 181 миллион теңге бөлінген.
Шатыр жабындысымен қатар ғимараттың ішкі сылағы сыланып, енді ондағы құрылысшылар әрлеу жұмыстарына кірісіп кетіпті. Сонымен бірге ауласындағы абаттандыру, ішкі және сыртқы инфрақұрылымы қатар жүргізілуде. Қазандығы салынып, жылу жүйесі де орналастырылуда. Қайда қарасаңыз да құрлысшыларда тыным жоқ. Барлығына жүктелген міндет пен жоспар бар. Табысы да сол күнделікті атқарған жұмысына қарай төленеді екен.
Құрылыс басында құрылыс прорабы Дүйсенбек Сейдалиевті сөзге тартқан едік.
– Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Кірпіш қалау жұмыстары аяқталып, шатыры жабылуда. Ішкі сылағы бітті. Енді құрылысшылар әрлеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бір-екі күнде терезелерін орнататын боламыз. Құрылыс басында 32 адам жұмыс істеуде. Оның 15-і аудан тұрғындары. Нысанды қыркүйек айының соңында тапсырамыз деген ниетіміз бар, – дейді ол.
Құрылыс жұмыстарына отандық материалдар пайдаланылуда. Бетонды Тараз қаласынан жеткізуде. Кірпішті Байзақ ауданындағы Түймекент пен Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылындағы кірпіш зауыттарынан тасымалдаған. Бейтерек ауылындағы кірпіш зауыттың өнімі олардың талабынан шықпапты. Құрылыс басында 5 техника, 1 кран мен 2 эксковатор, бірнеше жүккөлігі жұмыс істеп, құрылыс материалдын жеткізіп берумен айналысуда.
Құрылыс жұмысына тартылған ауыл тұрғындары Ермекбай Шынтаев пен Хайбула Ерназаров осы жерден нәпақасын тауып жүр екен. «Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Өз ауылымыз болғандықтан құрылыс жұмысын сапалы атқаруға бар күшімізді салудамыз. Ең бастысы бұл нысанның халық үшін, халықтың денсаулығын жақсарту үшін салынып жатқандығы қуантады» дейді олар.
Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов 25 орындық дәрігерлік амбулоторияның ауылда салынуы құптарлық жобаның бірі болғанын айтуда.
– Бұған дейін дәрігерлік амбулаторияның өз ғимараты болған жоқ. Олар әкімшілік ғимаратында бізбен қысыла-қымтырыла жұмыс істеп келді. Бұлай жұмыс істеу біз үшін де, олар үшін де қолайсыз болатын. Оның үстіне дәрігерлік амбулаторияға Қызыларық ауылдық округіндегі медициналық пункттер қарайды. Қарамағында 40 адам жұмыс істейтін мекеменің тар жерде жұмыс істеуін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Енді өз алдына мекеме болып, сырқаттарды емін-еркін қарап, жұмыстарын ширата түседі деген сенім бар, – дейді ол.
Округ әкімі Көбейсін Хайралапов өздері отырған ғимараттың әкімшілік үшін де үлкен екенін айтып қалды. Бар болғаны екі қабатты ғимараттың екінші қабатында бір ғана бұрышты алып отырған әкімдікті алдағы уақытта балабақша ғимаратына көшіріп, балабақшаға осы еңселі ғимаратты бермек ниеті бар екен.