Bіz týraly
Хоббиін кәсіпке айналдыра білген жан
Мемлекеттің экономикасын көтерудің бірден-бір жолы – шағын және орта кәсіпті дамыту. Себебі, олар өзін-өзі жұмыспен қамтып қана қоймай, өзгелерге де жұмыс орнын ашып, еліміздегі кәсіпкерлік саласы мен экономикасын айтарлықтай көтеріп отыр.
Ауданда ерекше кәсіптің түрімен айналысатын кәсіпкердің бірі – Гүлдана Әшкен. Ол өзінің билеу хоббиін кәсіпке айналдыра білген хореограф. Өзінің биге деген сүйіспеншілігі кәсіп бастауына себепкер болды.
-Би – адамның дене бітімінің дұрыс қалыптасуына көмектеседі. Әрі би адамға энергия береді. Кішкентай кезінен бимен айналысатын балалар өскен кездеріне дендері сау болып өседі. Сонымен қатар, би артық салмақтың алдын алады,- дейді биші Гүлдана.
Расында да, билеу, қозғалу – физикалық жүктеу көбейіп, бұлшық ет тонусы көтеріледі. Би дене сымбатын әдемірек етуге көмектеседі, денеңіз иілгіш, қозғалғыш болады. Ал ол өз алдына ағзаның тез қартаймауына игі әсер етеді. Сонымен қатар, төзімділік артып, тез шаршамайтын боласыз.
Гүлдана Бекежанқызы бала кезінен би билейді. Ол – оның сүйікті ісі. Өзінің сүйікті ісін кәсіби тұрғыда дамытқысы келген ол 2011 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде хореограф мамандығына оқуға түседі. Ал, 2018 жылы «Аула клубы» мекемесінде хореограф болып, мектеп оқушыларына билеуді үйретеді. Бұл жұмысынан бөлек, өзі 10 баламен «Фламинго» би студиясын ашады. 2019 жылы Іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен бала саны 30 оқушыға дейін көбейген. 2020 жылы 50 бала қатысса, қазіргі таңда 60 бүлдіршін биге қатысуда.
Қазіргі таңда студия балаларды төрт бағытта қабылдайды. Бірінші бағытта 3-12 жасқа дейінгі балалар ұлттық биді үйренеді, екінші бағыт – классика, үшінші бағыт – гимнастика, ал төртінші бағыт – сахна өнері. Сахна өнерінде бала сахнаға шығуды, ұялмай ойын еркін жеткізуді үйренеді.
Сонымен қатар, «Фламинго» би студиясының оқушылары облыстық, республикалық би жарыстарының да жүлдегері болып үлгерген. 2021 жылы «Ақжелкен», 2022 жылы «Ақжелең» республикалық би жарыстарының жеңімпазы. «Бала деген бір бақыт» атты аудандық орталық аурухананың іс-шарасына қатысқаны үшін арнайы аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің Алғысхатымен де марапатталған. Айта берсең, марапаттары мен мақтау қағаздары өте көп…
«Фламинго» би студиясының жетекшісі, кәсіпкер Гүлдана Әшкен де қайырымдылық іс-шараларға белсене қатысады. «Қостанайға көмек» акциясында Гүлдана Әшкен де бей-жай қарап қалмады. Сонымен қатар, жылдың соңында арнайы қайырымдылық концертін өткізуді жоспарлап отыр. Концерт билетінен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсамақшы. Бұны көріп өскен баланың бойында мейірімділік пен өзгеге көмектесу, жанашырлық қасиеттері артады. Болашақта бұл балалар елдің қамын ойлайтын, қамқор болып өседі деп сенім білдеріміз.
Сөзімізді қорыта келе, кәсіпкер Гүлдана Әшкен болашақ ұрпақтың дені сау болып өсуі мен өзге көмектесу деп, мейірбан болып өсуіне өз үлесін қосуда.
Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»