Basty bet

Адам өмiрiн құтқару – басты мiндетiмiз

Биыл төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан Құтқарушылар күні болып белгіленді. Міне, содан бери ресми түрде тойланып келеді. Құтқарушылар күніне орай, біз бүгінгі әңгімемізді құтқарушылардың, оның ішінде №7 Жуалы аудандық өрт сөндіру бөлімінің жұмысына арнауды жөн көрдік.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан өрт сөндіру бөлімнің арнайы жасалып жатқан артықшылықтар көп. Оқуға түскенде мемлекеттен шәкіртақы, жатақхана мен тамақтары, киім беріледі. Оқуын аяқтаған соң жұмыспен қамтамасыз етіледі. Жұмыспен басқа аймаққа жіберілсе, оларға жатақхана қарастырылады. Ең бастысы, бұл жұмыс – сауапты іс. Себебі, олар адам өмірін арашалауға жәрдемдеседі.
-Расында барлық мамандықтың жауапкершілігі мен қиындығы қатар жүреді. Дегенмен де, құтқарушылардың қызметі аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, құтқарушылар үшін әрбір секунд маңызды. Бір секундтың өзі бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Құтқарушы болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үшін адамға жұмысына деген ерекше махаббат қажет. Себебі, құтқарушылар өз өмірлерін қауіпке тігеді. Ал оған кез келген адам бара бермейді. Жалпы төтенше жағдай дегеніміз адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүмкін, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған немесе бұзуы мүмкін авария, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдайлар. Қыста болатын боран, жол апаттары мен өрт, жер сілкінісі мен табиғи апаттар барлығы да осы төтенше жағдайға жатады.
Жалпы төтенше жағдайды екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі – табиғи, екіншісі – техногенді. Табиғи апаттарға су тасқыны, жер сілкінісі секілді табиғат салдарынан болған апаттар жатса, ал техногенді апаттарға адамның қолынан жасалған апаттар жатады. Жол көлік апаты, өртену де техногенді апат түрлеріне жатады, – дейді №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Берік Каипов.
Өрт сөндіру бөлімі бірден қазіргідей арнайы мамандар мен техникалардан құрала салған жоқ. Оның өзіндік ерекше тарихы бар.
Бірінші болып Жуалы ауданындағы өрт сөндіру құрылымы биік мұнарадан ауылдарды бақылап , қай ауылдан түтін шықса сол ауылға қол сорғысымен жабдықталған ат арбамен барып өртті өшіретін болған. Неткен ерлік десеңші?! Тек кейінгі 1958 жылы ерікті өрт сөндіру құрылымы құрылады. Сол кезден бастап Жуалы ауданындағы өрт сөндіру қызметінің тарихы басталады. Аталған құрылымды 50 жастағы Бурное станциясының жергілікті тұрғыны Порядный Михайл Иванович басқаруға тағайындалады. Оның жанында бес қызметкер жұмыс жасайды. Ал 1959 жылы екі жүріске арналған қарауыл бөлмесі, бөлім бастығының бөлмесі және демалыс бөлмесі бар жаңа өрт сөндіру депосының құрылысы басталып, 1961 болып қайта құрылады. Бөлім бастығының міндетін жоғарыда айтылған Усов Иван Петрович қайта тағайындалып, нұсқаушы қызметін Давыдов Сергей Михайлович атқарады. Ал Автокөлік гаражы 1 дана ГАЗ-63 ПМГ-19 автокөлігімен толығады. Енді 2 дана өрт автокөлігі болғандықтан жеке құрам штаты жүргізушілермен толығады. 1985 жылы пайдалануға берілген өрт өрт сөндіру депосы бүгінгі күнге дейін пайдаланылуда. 1993 жылы Жуалы аудандық ППЧ-5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып майор Тұрсын Көпжасаров тағайындалады. Сол кезде жеке құрам саны 24 адамға жетті. 1997 жылы өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып ішкі қызмет майоры Кәрімжан Сейдалиев тағайындалды. 2006 жылдың басында подполковник шенінде Кәрімжан Сейдалиев Арабұлы құрмет демалысына кетіп, орнына капитан Кеңесбек Абдраимов №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалады.
Бүгінде офицерлер құрамында алты адам және төрт қарауыл бастығы, бөлім бастығы мен бөлім бастығының орынбасары қызмет етеді. Қазіргі таңда өрт сөндіру бөлімінде 1990 жылы шыққан АЦ-40/130/63Б, 2008 жылы шыққан АЦ-5,5/5557/ және 2011 жылы шыққан АЦ-3,0/43206/ дана негізгі өрт сөндіру автокөліктері және апаттан құтқару жұмыстарына арналған ГТ-ТБ шынжыр табанды тягач техникасы және шұғыл қызметтік М-2140 жеңіл автокөлігі бар. Бұл бөлім өз жұмысын үлкен абыроймен атқарып келуде.
Құтқарушылар үшін әр секунд маңызды. Дабыл қағылғаннан кейін өрт сөндірушілер бөлімшеден бір минуттың ішінде шығып кетуі керек.
-Өз өмірімізді қауіпке тіксек те, бұл мамандықтың артықшылығы көп. Біріншіден, біз адам өмірін құтқарамыз. Бұл – сауапты іс. Әрі адамдарды құтқару, көмектесу – әр ер-азаматқа парыз деп ойлаймын. Екіншіден, халықтың алғысын аламыз.
Өрттің ең қауіпті түрі – жарылатын заттардан болатын өрт. Сондықтан біз бірінші өртеніп жатқан нысанға барғанда, алдымен қарап зерттеп аламыз. Себебі, ол жерде газ-баллондар болуы мүмкін немесе тоқ қосулы тұруы мүмкін. Өзге адамдар неге қарап тұр деп ойлауы мүмкін. Алайда, басты міндет адамдардың өмірін сақтау, әрі сол өртті өшіру болғандықтан біз бәрін нақтылап зерттеп аламыз. Тоқтар қосулы тұрған кезде электр желілерін тарату мекемесін күтеміз. Тоқты залалсыздандырғанын күтеміз, – дейді бөлім басшының орынбасары.
Расында да, өртеніп жатқан жанармай бекетіне немесе өртеніп жатқан үйге кіріп, өзге адамдарды құтқару – үлкен ерлік. Әрі көп адамның жүрегі дауалай бермейді.
Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі ұжымы бірнеше марапаттарды иеленген. Атап айтар болсақ, бөлім басшысының орынбасары Берік Жаманбекұлы 2021 жылы Төтенше жағдайлар минстрлігінің «Төтенше жағдайдан үздік шыққаны үшін» деген Алғысхатын алған. Сондай-ақ, сол жылы ауданда «Үздік өрт сөндіруші» болып марапатталған. Ол қызмет істейтін аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі «Үздік газ түтіннен қорғаушы», «Үздік өрт сөндіруші» номинацияларымен де марапатталған. Футболдан да марапаттары бар.
Өрт сөндіру бөлімінде жұмысын жауапкершілікпен орындайтын мамандар да көп. Солардың бірі №7 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Қуаныш Мықтыбеков, №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Ержан Умиралиев, №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Бақдәулет Тұран және №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау аға сержанты Мұхит Кенжебековты атап өтуге болады, – дейді Берік Каипов.
Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – адамдар өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек.
Қорыта келе, өрт сөндірушілер өздерінің өмірін қатерге тігіп, тілсіз жаумен күнде күреседі. Сол себепті, адамдардың өмірлерін сақтап, түрлі апаттық жағдайдан құтқарушы өрт сөндіру қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз. Әрі барлық құтқарушыларды төл мерекесімен құттықтай отыра, отбасына мамандық тілейміз.

Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close