Basty bet
Ауылдан жеткен ақпарат
Ақсай
Ауылдық округке қарасты Диқан ауылындағы ескі мектептің ғимараты аудандық “Аула клубы” мекемесінің теңгеріміне беріліп, №2 филиал ретінде ашылуда.
Алдағы уақытта мұнда ауыл жастары білім мен спорт, тағы басқа да қосымша үйірмелермен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Қарасаз
Ауылдық округте кәсіпкерлік ісі жақсы жолға қойылған. Бүгінде округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылындағы Бірлік көшесінің бойынан «Береке», «Асылым» аталатын екі бірдей азық-түлік дүкені және бір мал азығын сататын дүкен ашылды.
Аталған кәсіпкерліктің иелері Асхат Естемісов, Құндызай Жарылқапова және Гүлайым Әлібаева дүкен ісін одан әрі дамытуды көздеп отыр.
Шақпақ
Ауылдық округке қарасты ауылдарда үш күн бойы соққан қатты желден және боран салдарынан бірқатар үйлерге зиян келді. Бірінің үйінің шатыры ұшып кетсе, енді бірінің сарайларының талқаны шықты.
Ақ түтек боран басылғаннан кейін ауылдың қайырымды азаматтары, жеке кәсіпкерлер ортадан қаражат жинап, боран салдарынан жапа шеккен отбасыларға қол ұшын созды.
Сондай жандардың бірі – Ынтымақ ауылының тұрғыны Өріс Әзімбековтың сарайының шатыры ауыстырылып берілді.
Айта кету керек, Ынтымақ ауылының жастары, ауыл тұрғындары, жалпы айтқанда, “еңбектеген баладан, еңкейген қарияға” дейін жұмылып, асарлату арқылы сарайдың шатырын жауып берді. Ынтымақтарыңыз бекем болсын!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»