Basty bet

Шалғай ауылдағы ағайынның қамы мен халі

Билікөл өңірінде мал басы кеңес заманындағы көрсеткішке жеткен

Облыс әкімінің 2019 жылдың 13 наурызындағы №70 өкімімен бекітілген аудан, ауылдық округтер әкімдерінің жұмыс алгоритміне сай аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев шалғайда жатқан Билікөл ауылдық округінде болып, шаруа қожалықтары басшыларымен жүздесті. Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығына қатысты тиісті сала басшылары, ауыл жұртшылығы жиналды.

Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев ашып, өңірдегі аграрлық өндіріс саласындағы жағдайды баяндау үшін сөзді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовқа берді.
Баяндамаға сай ауылдық округте барлық егістік жер көлемі 4271 га, шабындығы 2523,0 га, жайылым 44 047,7 га. 2019 жылдың өнімі үшін егілген күздік бидай 500 га, ол бүгінгі күнге толық жиналып, орташа өнім 19,2 ц/га айналды, жалпы түсім 960 тоннаны құраған.
Күзгі дала жұмыстары барысында 2020 жылдың өнімі үшін Ғани Омаров жетекшілік ететін «Билікөл» шаруа қожалығы иелігіндегі егістік алқаптарға күздік бидай егуді жоспарлап отыр. Осы ретте шаруашылық 60 тонна күздік бидайдың «Стекловидный-24» элита тұқымдарын егіп, шаруаларды жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз етуге дайын.
Ауылдық округте жыл басынан бергі өткен кезеңде жалпы құны 15,9 млн теңгеге екі дана «МТЗ-952» тракторы, екі дана ауыл шаруашылығы тіркемелері алынған. Соның ішінде, «Бейбітшілік» ШҚ бір дана «МТЗ-82,1» тракторын, «Береке» ШҚ бір дана «МТЗ-952» және екі дана тіркеме алған.
Есепті кезеңде шаруалар 30 тонна минералды тыңайтқыштар алынып, күздік бидай алқаптарына қолданылған.
Мал шаруашылығы бойынша 2019 жылдың басында мүйізді ірі қара 2044 бас, қой ешкі 42 147 бас, жылқы 2 398 бас, құс 655 бас, ағымдағы жылдың 6 айында мал басы саны мүйізді ірі қара 2 369 басқа, қой-ешкі 62 910 басқа, жылқы 3044 басқа, құс 8 374 басқа жеткізілді, нәтижесінде ет, сүт өнімдері бойынша межеленген көрсеткіш орындалған.
Ет экспорты бойынша шаруалар ет комбинаттарына 38 тонна қозы етін және шетелдерге екі тонна сиыр етін өткізу межеленсе, алайда бұл жоспар орындалмаған.
Сондай-ақ, бордақылау алаңына бұқашық өткізу жоспардағы 181 бастың орнына небәрі 27 бас өткізілген.
Баяндамашы округ шаруаларының мемлекеттің мал басын көбейту бағытында ұсынып отырған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланбай отырғанын көрсетті. Мәселен, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен 21 бас мүйізді ірі қара, 867 бас мал сатып алу жоспарланғанымен, бірде-бір бас мал алынбаған.
Әрі қарай өңірде «МинАгро» бағдарламасының орындалу барысы сараланды. Жоспар бойынша округте порталға енгізілуі тиіс егістік жер көлемі 4270,65 га болса, енгізілгені 3 000 га (70 пайыз), 44047,77 га жайылымдық жерлерден енгізілгені 25 267 га (57 пайыз), ал 2522 га шабындық жерлердің енгізілгені 113 га,немесе 4,4 пайызды құраған.
Өңірдегі су объектілерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында тиімді шаралар ұйымдастырылуда. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан «Талас-Аса» КМК механикалық отряды құрылып, қажетті техникалармен толықтырылып, жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылы «Талас-Аса»КМК механикалық отряды аудандағы Мыңбұлақ және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты ішкі шаруашылық каналдарына тазалау жұмыстарын жүргізген. Осы жұмыстар Билікөл ауылдық округінде де жандандырылуы тиіс. Атап айтқанда, округ аумағындағы иесіз каналдар анықталып, коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары ұйымдастырылуы шарт. Коммуналдық меншікке қабылданған жағдайда жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылады.
Сыйымдылығы 3 млн текше метрді құрайтын «Дарбаза» су қоймасы негізінен «Ақсу» өзенімен және көктемгі тау суларымен толықтырылады, су объектісіне 2011 жылы 9 млн теңгеге және 2017 жылы 54,7 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жамбыл су қоймалары» КММ тарапынан су қоймасы бойында орналасқан суғармалы 750 гектар егістік жерін пайдалануға енгізу мақсатында жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетіндігі ескерілуде.
Сонымен қатар, Әбдіқадір ауылы тұрғындары аудан басшылығына жазған өтінішінде Берікқара шатқалындағы су тоғанына жөндеу жұмыстарын және аталған ауылға дейін алты шақырым ішкі шаруашылық каналына астау салып беруді сұранған. Осыған байланысты, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, біріншіден иесіз су объектілері коммуналдық меншікте болуы қажет. Сондықтан алдағы уақытта су объектілеріне иесіз деген сот шешімі шығарылып, коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары жүргізілуі қажет.
Дарбаза су қоймасы бойындағы және Қарабастау ішкі шаруашылық каналы иесіз деп танылып, аудандық ЖМТО-на ағымдағы сәуір айында тіркеуге алынған. Одан бөлек, облыс әкімі А. Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес, әр ауылдық округтегі су көздері және жер телімдерін нысаналы мақсатына пайдалану туралы ақпаратты ұсыну үшін, ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Р.Құниязовтың атынан 10 қантарда №12-09 хат жолданған. Бүгінгі күнге су көздері (бұлақтар) және жер телімдерін нысаналы мақсатына пайдалану туралы толық мәлімет берілмеген.
Аталған су объектілерін қалпына келтіру және жергілікті шаруа қожалықтар иелігіндегі егістік жерлерді сумен қамтамасыз ету мақсатында округ әкімдігі аппараты белсене жұмыс атқаруы қажет.
Баяндамашы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, қолдан ұрықтандыру пункттерін тиімді пайдалану, биязы жүнді, етті-майлы қой шаруашылығының сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу, жоғары технологиялық бордақылау алаңдарын құру есебінен ағымдағы жылы ет өнімдерін 4 пайызға, сүт өндірісін 2,5 пайызға өсуін қамтамасыз ету үшін, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан индикаторлық көрсеткіштерде белгіленген, аталған жұмыстарды атқару үшін округте мол мүмкіндіктер бар екенін еске салды.
Ауылдық округте ұрықтандыру пункті 2017 жылға дейін жұмыс істеген, қажетті құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілген және бүгінгі күнге білікті ветеринар-маман жұмыс атқаруда. Алайда бүгінгі күнге қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істемей отыр. Себебі, жеке қосалқы шаруашылықтағы мүйізді ірі қара малын қолдан ұрықтандыру ақылы түрде жүргізіледі. Облыс көлемінде ұрықпен камтамасыз ететін «Асылдандыру Тараз» ЖШС жекеменшік болғандықтан, барлық жұмыстар ақылы атқарылады. Осыған байланысты, жеке қосалқы шаруашылықтар ұрықтандыру жұмыстарын атқару үшін, біріншіден қолдан ұрықтандырушының мамандырылған сертификаты болуы керек, жоқ болған жағдайда «Асылдандыру Тараз» ЖШС-не өтініш беріп, оқып шығады. Сертификат алған маман «Асылдандыру- Тараз» мекемесімен келісім-шартқа отырып, МІҚ малына қажетті ұрығын сатып алады және азотпен, ұрықпен ай сайын қамтып отырады. Бір доза ұрықтың бағасы 1750 тенгені құрайды. Жергілікті жеке тұрғындар ұрықтандырушы маманмен келісім-шартқа отырып жұмыс атқарады.
Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес әр ауылдық округтерде бір АШӨК құру жоспарланған. Осы ретте баяндамашы тек өткен жылы ауданда жаңадан тоғыз АШӨК құрылғанын тілге тиек етті. «Боралдай» ауылдық округінде «Ертай» және «Көлтоған», Жетітөбе «Жібек жолы-Агро», Ақтөбе ауылдық округінде «Атамекен-Бастау», Күреңбел ауылдық округінде «Күреңбел», «Қаратас», Қызыларық ауылдық округінде «Қызыларық-2017», Қошқарата ауылдық округінде «Атамұра-Агро-1», «Азиз» кооперативтері құрылып, іске кіріскен. Ауданда кооперативпен қамтылмаған жалғыз өңір Билікөл ауылдық округі болып отыр. Сондықтан ауылда кооператив құру ісін жедел қолға алу қажет» деп түйді баяндамашы.
Келесі кезекте Билікөл ауылдық округінің әкімі Талғат Әмірәлиевке сөз беріліп, ол аймақтағы халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы баяндап берді. Ауылдық округте орналасқан төрт елді мекенде 1 552 адам тұрады. Жыл басынан атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 50 отбасы өтініш беріп, олардың тұрмыс жағдайы мұқият зерделеніп, құжаттары аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өткізіліп, 35 отбасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Жұмыссыздарды қоғамдық ақылы жұмысқа тарту мақсатында тоғыз адам ақылы қоғамдық жұмысқа және екі жастар практикасына тартылған.
Өңірде 101 шаруа қожалығы бар. Оның 50 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, екі шаруашылық егінмен айналысады. «Билікөл» шаруа қожалығы егілген 500 га күздік бидайдың әр гектарынан 12 центнерден өнім алды.
Көктемгі-күзгі абаттандыру және санитариялық тазарту жұмыстары тиісті деңгейде атқарылуда. Санитариялық тазарту жұмыстарына округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары, мекеме ұжымдары және ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған тоғыз азамат қатысуда. Бүгінгі күнге арықтар тазаланып, 1450 дана тал бұталды және 700 дана қарағаш, 500 дана аққайың, 30 дана терек, 100 дана каштан, 150 дана жеміс ағаштары және 6 дана шырша ағашы егілді. Төрт ескерткіштің аумағы тазаланып, 12 тонна қоқыс шығарылды, кездейсоқ қоқыс төгілген орындар жойылып, қоқыс төгетін арнайы орын жайластырылды.
Ауылдық округ әкімі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Дарбаза ауылының Дарбаза көшесіне ағымды, сондай-ақ, Жылыбұлақ ауылының Жылыбұлақ көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілгенін еске салды. Сонымен бірге кәсіпкерлік саласының жай-күйіне тоқталды. Мұнда үш сауда дүкені, Қарабастау ауылында «Шымырхан» техникалық жөндеу шеберханасы, жанар-жағар май құю станциясы халыққа қызмет көрсетуде. «Қалнұр 2001» ЖШС Жылыбұлақ ауылының тұсында ауыл тұрғындарын және Тараз, Шымкент қалаларына, ауданның елді мекендеріне құрылыс құмын жіберуде.
Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев ауылдық округте орын алған кемшіліктерге, жоспарлы тапсырмалардың орындалмауына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өңірде қолға алынып отырған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының іске асырылу барысын кеңінен әңгімеледі.
– Бағдарлама түптеп келгенде ауылда жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Республикада біздің облысымыз, ал облыста Жуалы ауданы, ал ауданда Ақтөбе ауылдық округі қанатқақты өңір болып таңдалып отыр. Екі айға жуық біз әр ауланы аралап, олардың өндірістік әлеуетін зерделедік, ұсынылатын жобаларды жинақтадық. Бүгінде 780 миллион теңгенің жобалары анықталып, облыстық әкімдікке жолданды. Бүгінде тиісті қаражат облыс бюджетінде бар, бұйырса жобаларды 2,5 пайыз жеңілдікпен қаржыландыруға кірісеміз. Басты шарт тұрғындар кооперативке бірігуі қажет. Сондықтан сіздердің өңіріңізде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылуы тиіс. Әр аулада өндірілген өнімдер осы кооперативтерге өткізіледі. Онда жерді өңдейтін, егетін техникалар болады. Кооператив жерлерді өңдеумен қатар, өнімдерді жинауға, өңдеуге қатысады.
«Ауылдық округте құрылған 101 шаруа қожалығының тең жартысы жұмыс істемейді. Ал қалғаны қайда қарап отыр?» деп шаруаларды сын тезіне алған Әбдікерім Құлтайұлы егістік жерлерді, жайылымдар мен шабындықтарды заңдастыру, оларды «МинАгро» порталына енгізуді жылдамдатуды еске салды.
Жиын барысында ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Әбсалямов, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Кәдірхан Мышбаев және т.б. тұрғындар сөйлеп, ауыл тіршілігінде шешімін күткен ауыз су, ағын су, жайылым жерлердің құнарсыздығы, және т.б. проблемаларды қозғады. Оларға аудан әкімінің міндетін атқарушы Әбдікерім Үркімбаев, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік, ветеринария бөлімдерінің басшылары жауап берді.

Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close