Basty bet

Жазғы лагерь көңілді

Жүректерге жылуын төгіп, жайма-шуақ жаз мезілі де келіп жетті. Тоғыз айын мектеп партасында өткізген балалар үшін асыға күткен сүйікті мезгілі жаз да келді. Жыл бойына тынбай еңбек еткен үлкендер мен тоғыз ай бойы білім алып, тәрбиеге сусындаған балалар бүгін мәз-мейрам. Шаттық көңіл-күйге бөленудің де себебі бар. Өйткені жаз демалып, тынығатын, күш-қуат жинайтын мамыражай уақыт. Айнала құлпырып, табиғат ана да түрленетін, гүлденетін мезгіл.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жазғы демалыс балалардың жылдың бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Балалар жақсылап тыныққысы келеді. Ауылда жаз айы үлкен қарбаластың кезеңі. Ата-аналар қысқа дайындықтың күйбеңімен жүреді. Балаларын қыдыртуға тағы да уақыттары бола бермейді. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагері екені анық.
Осы мақсатта мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінің атқаратын маңызы зор. Аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда 5 маусым күні «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын бастады.
Лагерьдің негізгі мақсаты – балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану және денсаулығын нығайту, бір-бірімен байланыс орнатуға үйрету, бауырмашылдыққа, достыққа, бір-біріне деген қамқорлыққа, табиғатты жақсы көріп аялауға тәрбиелеу. Лагерьге жалпы жүзден астам балалар келді. Онда балалар отрядтарға бөлініп, отряд аттарын, өз ұрандарын ойлап табады. Жазғы мектеп лагерінің әр күні сапқа тұрудан, таңертеңгілік жаттығулармен және таза ауада ойнаудан басталады.
Жазғы демалысты ұйымдастыруға арналған іс-шаралар, ойындар, топтық жұмыстардың сценарийлері, жеке жоспарлар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес толықтай жасалынды. Балалардың денсаулығын нығайтып, қоршаған ортаны танып, табиғатты аялап, сүюге, еңбекке, достыққа шақыратын, шығармашылық белсенділіктерін арттырып, кез келген ортада өзін-өзі көрсете білуге бағыттайтын іс-шаралар толықтай өткізіледі. Атап айтар болсақ, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, тапқырлық, ұшқыр қиял арқылы әзіл әлемінде қалықтауға бейімдеу, бір-бірімен еркін араласуға, достық қарым-қатынастарын жетілдіру үшін «Көңілді жаз!» суреттер байқауы, «Сүйікті мультфильмдеріңіздің парақтары ізімен» мультфильм қызықтау, «Батутта секіру» сонымен қатар түрлі спорттық жарыстар жүргізіліп отырады.
Ұстаз-тәрбиешілердің оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттауда орны ерекше. Бекітілген жоспар бойынша ұстаздар балалармен іс-шаралар өткізіп тұрады. Ұстаздар балалардың жазғы демалыста өз қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік жасайды. Атап айтсақ, мектеп әкімшілігінен бастап, мектеп психологтары, пән мұғалімдері, музыка пәнінің мұғалімі, мектеп кітапханашылары, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбегі зор.
– Біз лагерьде жаңа достар тауып қана қоймай, каникулды қызықты өткізудеміз. Ұмытылмас сәттер мен оқиғалар көп. Күн сайын байқаулар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Мұндағы барлық ұстаздар мен тәрбиешілерге алғысымызды айтамыз»,- деп ағынан жарылды балалар.
Бұл – бала көңілі, бала лебізі. Осындай пәк пейілмен айтылған балалардың сөзінен артық еңбекке берілер баға болмас. Еткен еңбек пен төккен тер зая кетпегені байқалады. Басты тілегіміз – балалар әрқашан бақыт құшағында болсын!

Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close