Basty bet

Киелі өнердің кіндігі – ауыл

«Ата салтым – асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым», – демекші, бүгінгі жаһандану заманында әлемдік мәдениетке жұтылмай, өз салт-дәстүрін сарқыттай емес, сары алтындай сақтап, ұрпағына аманат ету – әрбір азаматтың міндеті мен парызы болмақ. Бұл жөнінде Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы» деп атап көрсеткен болатын.
Осы орайда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйытқы болуымен Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында және «Жастар жылына» орай «Киелі өнердің кіндігі – ауыл» атты аудандық фестиваль өтуде.
Танымдық шараны ұйымдастырушылар тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді, ауданның, ауылдың тарихи-мәдени ерекшеліктерін танытуды, ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмелерін барлық ауылдық округтерге таныстыруды, Елбасы ұсынып отырған бағдарламаның негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзуеге асыруды мақсат тұтқан екен. Сонымен қатар ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алуды, өткен тарихымыз бен дәстүріміздегі асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалуды көздеуде.
Аталған фестиваль үш күнге созылды. Алғашқы күнгі шараны Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде Көкбастау, Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтері бірлесіп ұйымдастырды.
Мәдениет үйінің алдында келушілерді ақ орамалды келіндер ата дәстүрмен сәлем салып, шашу шашып қарсы алды. Одан кейін ортаға жиналған көпшілік ат құлағында ойнаған көкпаршылардың, былғарғы қолғапты спортшылардың өнерлерін тамашалады.
Шараны жүргізуші Айлин Қайыпбек киіз үй – «Атамыз алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй тек қазақ халқының ғана емес бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің тұрақ мекені болған. Солай бола тұрса да оны қастерлеп ұстап, ғасырдан-ғасырға оның мән-мағынасын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін мақтан тұтамыз» дей келе, мәдениет үйі алдында орналасқан киіз үйдегі ата-әжелерден бата алып, дәм татуға шақырды. Шараға жиналғандар дастарқан басына жиналып, ақсақалдың ақ батасын алды. Ал, ауылдың ақ жаулықты әжелері күбіде айран ыстап, құрт жасап, қымыздарын ұсынды.
Келесі кезекте фестивальға қатысушылар ауылдық мәдениет үйінің кіре беріс залында орналасқан көрмені тамашалады. Ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ұлықтау мақсатында жасақталған көрмеге ауылдық округтерге қарасты білім ошақтарының, балабақшалардың, өнер мектептерінің шеберлерінің жасаған дүниелері, қылқаламшылардың суреттері, тоқыма және сәндік қолданбалы бұйымдар қойылған.
Көрмеден кейін мәдениет үйінің екінші қабатына көтерілдік. Онда Көкбастау ауылдық округі №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің жанынан құрылған домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен қарсы алды. Қасиетті қара домбыраның құлағында ойнаған балалар көпшіліктің қошеметіне ие болды. Одан кейін қатысушылар мен ауыл тұрғындары үлкен залға шақырылып, шара концерттік бағдарламаға ұласты.
«Ауыл іші – өнер кеніші» дейді. Ел-ауылдан жиналған өнерпаздар өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Алғаш болып концерттің шымылдығын «Томирис» би тобының қыздары мыңбұрала қазақ халқының ұлттың биі «Қамажайды» билеп ашты.
Одан кейін Жаңаталап орта мектебінің оқушысы Асылмұрат Бердіуәлі, Ақтөбе тірек мектебінің оқушылары Әли Мәуіл мен Ернар Сағатбектің, Бәйтерек ауылының «Әжелер» тобының, Көктөбе орта мектебінің және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ұстаздарының тағы да басқа өнерпаздардың орындауындағы әндерге кезек берілді.
Фестивальде күмбірлетіп күй шертіліп, дәстүрлі әндер шырқалып, салт-дәстүрден көрініс қойылып, мыңбұрала би биленіп, жиналған көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлады.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close