Basty bet
Халық қалаулысының ауданға сапары
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров өңірдегі өзекті мәселелерді назарға алды
Кеше Жуалы ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров жұмыс сапарымен келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар нысандарды аралап көріп, бірқатар шаруашылықтардың жұмысымен танысты.
Халық қалаулысы ең алдымен «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жұмысымен танысты. Аталған су қойманың басшысы Қайрат Шымыровтың айтуынша, қоймада биыл жиналған судың көлемі түрлі себептерге байланысты едәуір төмендеп кеткенін, алайда келесі жылы жиналатын судың көлемі артады деген болжам бар екенін жеткізді.
Айдарбек Қожаназаровты «Көксай» каналына жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысымен аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов таныстырды. Мұнда жоспарға сәйкес, 14 шақырым канал қазылып, пайдалануға берілген. Тиісінше, аталған каналдан жергілікті шаруалар ағын су алып отыр. Бір сөзбен айтқанда, соңғы жылдары орын алып отырған құрғақшылық кезінде егістік алқаптарды суландыру ісінде «Көксай» каналының маңызды рөл атқарып отырғанын баса айтуымыз қажет.
«Ендігі кезекте каналдың бетондалмаған тұстары бетондалса, жалпы каналдың қалған бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге тағы да қаражат бөлінсе деген тілегіміз бар»,- деді аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Халық қалаулысы А.Қожаназаров келесі кезекте өңірде 100 гектар алқапқа картоп өсіріп отырған аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылық «Зылиха» шаруа қожалығында болып, шаруалардың мәселелеріне құлақ салды. Аталған қожалықтың механигі Нұрлан Лесов картоптың гектарына 30 тонна өнім алатындарын, мұндай жақсы көрсеткіш егіншілік пен ғылымды ұштасырып, картоптың жаңаша сұрыптарын дұрыс таңдай білгенде ғана мүмкін болатынын айтты.
Ал «Ақсай» су шаруашылығы мекемесі директорының орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың назарына бірнеше мәселені жеткізді. «Бізде су шаруашылығы саласындағы мамандар мен жұмысшылардың жалақысы небәрі 70-80 мың теңгенің көлемінде ғана. Мұндай аз қаражат төленетін жұмысқа ешкімнің қызықпайтыны анық. Онан соң жердің технологиясын сақтамайтын болдық. Егін шаруашылығын ғылыммен ұштастыру жұмысы мүлдем ақсап тұр. Жер асты суларын үнемді пайдалану да өте өзекті мәселе. Жер асты суын бей-берекет пайдалансақ, біз аз жылда ауыз су тапшылығы мәселесіне тап боламыз»,- деді тәжірибелі маман.
Аудан шаруаларына таратылатын кепілдендірілген жанар-жағармайға жауапты оператор Нұржігіт Бегалиев 6,5 мың тонна жағармай сақтайтын орын бар екенін айтып, кейінгі кездері жағармайдың боялып келгеніне алаңдаушылық білдірді .
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаровтың Жуалы ауданындағы жұмыс сапары аудан орталығындағы «З.Мешелова» аталатын сүт өңдеу зауытында аяқталды. Мұндағы жұмыс барысымен зауыт басшылары таныстырды. Зауыт басшысы Қуаныш Мешеловтың айтуынша, сүт өңдейтін кәсіпорында тәулігіне 20 тоннаға дейін сүт өңдеуге мүмкіндік бар. Болгариядан сатып әкелінген жаңа қондырғылардың көмегімен осыншама сүтті өңдеуге болады.
Депутат сүт өңдейтін зауыттың өнім түрлерімен танысып, жұмысшыларға табыс тілей отырып, бірқатар мәселені де сөз етті.
-Қазіргі таңда елімізде дайын сүт өнімдерін өткеру мәселесі өте өзекті болып отыр. Қазақстанға, әсіресе шекарада орналасқан бірқатар облыстарға Ресей және Белорусь елдерінің сүт өнімдері көптеп келіп жатыр. Тиісінше, қазір отандық өнімге сұраныс азайған. Себебі, шетелден келіп жатқан өнімдердің бағасы біздікінен қарағанда арзан. Бұлай жалғаса беретін болса, отандық тауар өндірушілерге өте қиын болғалы тұр. Бұл мәселені шешудің негізгі жолы ретінде шекарадағы ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауларды қатаңдату қажет. Шешуге тиісті басқа да мәселелер бар. Біз бұл мәселені мұның алдында Мәжілісте көтеріп, тиісті министрліктің назарына салғанбыз. Менің ең алғашқы депутаттық сауалым да осы мәселеге байланысты болды. Мәселе толығымен шешілгенше көтере беретін боламыз,- деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Жиын соңында Айдарбек Қожаназаров БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. «Біз бүгін Жамбыл облысына қарасты үш бірдей ауданды араладық. Барлығында ағын су мәселесі бар екенін көрдік. Жуалылықтар гидротехник мамандардың айлық жалақысы аз екенін, жағармайдың боялып келетінін, жер асты суларын ретсіз пайдалануды тоқтату сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Біз халыққа қажетті осындай маңызды мәселерлерді назарда ұстап, алдағы уақытта Мәжілісте кезең-кезеңімен қозғайтын боламыз.
Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көзбен көрдік. Ол біздің алдағы жұмысымызға серпін береді. Өңір шаруалары жаңа технологияны пайдалануға нақты бетбұрыс жасап жатыр. Бұл – өте құптарлық мәселе»,- деді халық қалаулысы Айдарбек Асанұлы.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»