1993 жылы 15 маусымдағы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша елімізде Қарттар күні аталып өтуде.
Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз. Қариялардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестерінің орны бөлек. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бүгінгідей берекелі де мерекелі өмір кешуіне кешегі аға буын бүгінгі ата-әжелеріміздің қосқан үлестері зор.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов пен аудандық «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы төрайымының орынбасары Айгүл Омарованың ұйымдастыруымен «Еңбекпен жеткен мұратқа» атты мерекелік кеш өтті. Кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, ауылдық округтердегі бастауыш ұйымдардың төрағалары, «Аналар алқасының» мүшелері, ауылдағы қадірменді ақсақалдар мен тұрғындар қатысты.
Ата мен әже – отбасының қос шынары, әулеттің, ауылдың тұтқасы. Ата – береке, мейірім, өнеге, даналықтың қайнар көзі. Әже – балалардың қамқоры, көл-көсірдің тұтқасы. Сондықтан атаны сыйлау – елді сыйлау, әжені құрметтеу – өмірді құрметтеу. Осындай құрметті жандар- ата мен әжеге арналған мерекелік кешке ауыл тұрғындары да көп жиналды.
Кешті «Аналар алқасы» төрайымының орынбасары Айгүл Омарова ашып, қарияларды мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік кеш ауылдағы белсенді әжелердің бірі Жәмиләш Мұсабайдың орындауындағы «Гүлдер» әнімен ашылды. Әнді музыкант Бақыт Жұбаев баянмен сүйемелдеді. Зейнеткер ұстаз Дина Ережепқызы «Ауыл қарттары» әнін тарту етті. Қос бүлдіршін Әмина мен Әсел болса «Ата, әже» әнін шырқап, қариялардың көңілін бір көтеріп тастады. Мектеп оқушылары сахнаға шығып, ата-әжелеріне арнаған арнауларын тарту етті. Әкеге, анаға деген бала махаббаты жеткізген кішкентай әнші қыз Жанель Серіктің «Қос бәйтерегім» әні де жүректерді тебіретті.
Концертке «Қарасаз» балабақшасының ұжымы да ерекше үлес қосты. Балабақша қызметкерлері өздерінің тамаша билерімен көрерменнің көңілінен шықты.
Сахнада «Әжелер» ансамблі халық әні «Дедімай-ау», ал аталарымыз Шәмші Қалдаяқовтың «Сырласу», «Қайықта» әнін орындады. Ән салған замандастары Сағындық Тоқбергенов, Есімхан Сеңгірбаев, Балтабай Жаманбаев, Алғабек Тоқболатовты Қалман Торы ата баянмен сүймелдеді.
Айымхан Сеңгірбаева апамыз «Сусамыр» әнін орындады. Ауылдағы Пушкин атындағы орта мектептің директоры Нұриддин Нұрғабылов та қарттарды мерекелерімен құттықтап, «Сырласу» әнін шырқады.
Ауыл өнерпаздары Бексұлтан Таспауов «Алқалы жұртым армысың?» термесін домбырамен, ұстаз Арман Құлахметов «Менің анам» әнін орындады.
Кеш соңынан «Атамекен» әні хормен шырқалды. Жоламан атамыз ақ батасын берді.
Бар ғұмырын, ұрпағына, ауылына арнаған қадірменді қарияларымызға арналған кеш соңынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековке сөз берілді. Естемес Аманбекұлы осындай әсерлі кешті ұйымдастырған Сағындық Тоқбергенов пен Айгүл Омароваға алғысын білдірді. Қазыналы қарияларымызға денсаулық, отбастарына бақыт, береке тіледі.
Сөз кезегін ауылдық округтің әкімі Бауыржан Тойшыбеков алып, қарттар күнімен құттықтады. Ауыл әкімі мен «Қарасаз» бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақыткүл Жексекеева бір топ қарияларға сый-сияпаттар жасап, Алғысхаттармен марапаттады.
Қарияға көп нәрсе керек емес, шын ықылас пен көңіл ғана қажет. Еңбегі ерен қарияларымызға ерекше көңіл күй сыйлаған ауылдағы мәдениет үйінің, ауылдық округ әкімінің аппараты, А.Пушкин атындағы және Б.Майлин атындағы орта мектепттердің, «Қарасаз» балабақшасының ұжымдарына біз де ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай ауқымды шараны кез келген ауылда ұйымдастыруға болады. Себебі, «ел іші – өнер кеніші» деген. Барлық ауылда өнерлі азаматтар бар. Тек оларды ұйымдастырып, көрсете білу керек. Бұл да ұйымшылдықтың, еңбектің нәтижесі.
Өмір қамшының сабындай ғана қысқа. Сондықтан өмірде үлкенге лайықты құрмет, кішіге ізет көрсете білейік.
Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір