Basty bet

Бар бақыттың бастауы – баладан!

Қазір еліміздің әр өңірінде балдырғандарға арналған жаңажылдық шырша шамы жағылып, балаларға тамаша көңіл-күй сыйлайтын мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Осындай шараның бірі аудан әкімінің жаңажылдық шыршасы кеше Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияда өтті.

Жаңа жыл мерекесі әсіресе, балалар үшін үлкен қуаныш. Бұл күнді олар асыға тосады. Мұны біз жаңажылдық шыршаға қатысуға ауданымыздағы мектептерден шақыру алған 100 баланың көңілі алабұртып, әсем безендірілген жасыл шырша жанындағы шаттық басталғанша дегбірі қалмағанынан байқадық.
Ауданымыздағы киелі, үлкен білім ордаларының бірі №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда бас қосқан жеткіншектердің жүздері бал-бұл жайнап, өмірлеріндегі шаттық шақты бірге қарсы алып тұрғандарына мерейлері тасып, ұмытылмас әсерге бөленді. Бұған дейін бір-бірін танымайтын оқу озаттары, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың өрендері мен мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер мектеп ұжымының дайындаған тамаша мәдени бағдарламасын бірге тамашалады.
Асыға күткен «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» атты шырша тойы да басталды. Мерекеге қонаққа келген балғындарды мультфильмдер мен ертегілер елінің кейіпкерлері қарсы алды.
Шырша жанында «Гномиктер» биі биленіп, «Кел, Жаңа жыл!» әні шырқалды.
Ортаға қол ұстасып қуана кеш кейіпкерлері Анна мен Эльза келді. Олар балаларға сиқыр көрсетті. Эльза шашқан жылтырақтардан соң ортада Буратино мен Еріншектер елінің кейіпкерлері тап болды. Олар кешке құралақан келмепті. Бір топ кеш кейіпкерлері «Буратино» флешмобын биледі.
Балалар олармен бірге жасырылған жұмбақты шешіп, Аққала соқты. Эльзаның сиқырынан кейін Аққала да тіріліп кетіп, сөйлеп, жүгіріп, би биледі. Осы сәтте кішкентай бүлдіршіндер «Ұлпа қарлар» биін биледі.
Көп кешікпей жаңажылдық кештің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар музыка әуенімен ортаға енді. Оларды тау бұғылары шанамен алып келді. (Соңы. Басы 1-бетте)
Артынша «Кішкентай аяздар» биі биленді.
Аяз ата мен Ақшақар балалармен «Тәтті сәбіз» ойынын ойнады. Ойын қызып жатқан сәтте орманнан Шегір аға келіп жетті. Ол ормандағы шыршасын алып кеткендеріне ашуланды. Бірақ, Аяз ата оның ашуын басып, мерекені бірге тойлауға шақырды. Балалар хормен сиқырлы сөздерін айтты. Осы кезде шыршаның шамдары жарқырап жанып, балалар «Кел, Жаңа жыл!», «Қазақстан – Отаным менің!» әнін шырқады.
Жаңажылдық құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді.
Игі тілектер легінен кейін аудан әкімі балаларға деген жаңажылдық сыйлықтарын тапсырды.
Балалар ел тарихына алтын әріптермен енген Доңыз жылын шығарып салып, Тышқан жылын қарсы алды. Аудан басшысы бастаған кеш қонақтары балалармен бірге би билеп, балалардың көңілін аулады.
Балаларды тамаша, ұмытылмас әсерге бөлеген мерекелік кеш «Кел, Жаңа жыл!» әніне қойылған флешмобпен аяқталды.

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close