Basty bet
«Ұстаз болу үшін үлкен жүрек керек»
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, ұстаздық – ұлы қызмет һәм ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаздар күні – бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек, артық айтқандық емес. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған. Сондықтан болар осы абыройлы міндетті атқарып жүрген жандарды халқымыз ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адамның жүрегінен орын алатын айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындары кемде-кем болар.Жылдағы дәстүр бойынша қазан айының алғашқы мейрамы – Ұстаздар күні мерекелік іс-шаралармен аудандық «Достық» мәдениет үйінде барлық сән-салтанатымен аталып өтілді. Салтанат ұстаздар туралы дайындалған мерекелік шоумен басталды. Биылғы жылғы мерекенің бір ерекшелігі сол, салтанатты басынан аяғына дейін мектеп оқушылары жүргізді. Олар мектеп өмірінен шағын әңгіме-сұхбат құрып, өздері де бір сәт мұғалімнің рөлін сомдады. Мектеп оқушысы Фариза Құрман «Алғашқы ұстаз» әнін орындаса, «Айкөркем» би тобы қазақ биін билеп, мерекенің әрін кіргізе түсті.
Ұстаздар күніне арналған мерекелік кештің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті ұстаздар қауымы!
Сіздерді ең алдымен, мұғалімдер мерекесімен құттықтаймын! Өйткені, ұстаз шәкірттерге тәрбие мен білім беру арқылы тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын тәрбиелейді. Өткен 2018-2019 оқу жылында аудан бойынша 11 сыныпты 791 оқушы аяқтап, 750-і Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысты. Олардың 38-і «Алтын белгі» төсбелгісі және 36-ы үздік аттестат иегері атанып, жалпы 74 иегердің 64-і ҰБТ нәтижесі бойынша 100-ден жоғары балл жинады.
Ал, Жамбыл облысының әкімі мен Жуалы ауданы әкімінің арасындағы келісімге сәйкес үш ІТ сынып ашу жоспарланған. Бүгінгі күні үнемделген қаражат есебінен 13500,0 мың теңге қаражат бөлініп, тағы үш мектепке берілетін болады.
Бұл баршамыздың жетістігіміз, оның ішінде білім беруге оңтайлы жағдай жасаған атқарушы органдардың, сапалы білім мен тәрбие берген ұстаздардың, отбасында балаға лайықты көңіл бөлген ата-ананың жетістігі.
Жүздеріңізден шәкірт жетістігіне марқайған шуақ, көңілдеріңізден белестерді бағындырған ел табысының мақтанышы кетпесін. Ертеңгі күннің сенімі мен мамандыққа деген көңіл Сіздерді ерен еңбекке жетелей берсін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Осылай деген аудан басшысы ұстаздардың үлкен тобын Құрмет грамотасы және Алғысхаттармен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.
Одан соң жиналған қауымды аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов, Жамбыл облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков құттықтап, бірқатар ұстаздарға тиісті марапаттар мен салаға сіңірген еңбегіне байланысты төсбелгілер табыстады. Ал, ардагер ұстаздардың атынан ауданның Құрметті азаматы Әбілқасым Ергебеков сөз сөйлеп, жас мамандарға ақ жол тілеп, аталық ақ батасын берді.
Мерекелік кеш арнайы дайындалған концертпен жалғасын тауып, онда ұстаздар туралы әндерден шашу шашылып, билер биленді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»