Basty bet

Музейде өткен іс-шара

Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдық мерейтойына орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның жоғары сынып оқушыларымен «Ерлік – ұрпаққа мұра» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Жиынға қатысушылар музей директоры Мұса Шонбаевтың бастауымен аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан Батырдың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Одан кейін шара музейде жалғасты.
Бауыржан Момышұлының өмірі мен әскери және шығармашылық жолын кеңінен насихаттау арқылы жастардың бойында патриоттық сезімді сіңіру мақсатында өткізілген тағылымды да ғибратты іс-шараны музей директоры Мұса Шонбаев ашып, сөз кезегін мекеменің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиевке берді. Дәулетжан Жамалбекұлы оқушы жастарға Мәскеу облысының Подольск қаласындағы мұрағат материалдарына сүйене отырып, Баукеңнің өмір жолынан хронологиялық деректерді ұсынды.
Шараға қатысушылар әрі қарай LED экраннан Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай дайындалған хроникалық бейнесюжетті, Батырдың өмірі мен шығармашылығы туралы түсірілген деректі фильмді тамашалады. Музейдің ғылыми қызметкері Ұлжан Исаева «Ерлік – ұрпаққа мұра» тақырыбында Баукеңнің қанатты сөздерінің маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Кеш соңында оқушылар музей қызметкері Бекет Помашев дайындаған Баукеңнің қанатты сөздері жазылған ақ плакаттарды қолдарына алып, естелік суретке түсті.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close