Basty bet

СЫҢҒЫРЛА, ҚОҢЫРАУ, СЫҢҒЫРЛА!

Мамырлап қоңыр күз де жетті. 1 қыркүйек – Білім күні барлық білім ордалары есіктерін айқара ашып, оқушыларды күтеді. Мектеп табалдырығын алғаш аттайтындар мектепті көруге асықса, үш ай демалуға кеткен оқушылар сыңғырлап соғар қоңырау үнін сағынышпен тосады.

Мектеп – жарқын болашаққа жол бастайтын білім ұясы.
Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектеп биыл «Ауыл-Ел бесігі!» жобасы аясында күрделі жөндеуден өтті.
Мектеп қабырғасында өткен салтанатты шара «Мектебім – мейірім мекені!» деп аталды. Кең-байтақ еліміздің барлық орта білім беру ұйымдарымен бірге №28 Амангелді атындағы орта мектепте де алғашқы қоңырау соғылып, қоңыр үн үлкен-кішінің жүрек қылын тербеді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мәжит Айжанов, ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар қатысты.
Бұл – әрбір тұлғаның есінде мәңгі қалатын қуанышы бөлек, шаттығы шалқар сәт. Осындай аяулы сезіммен 20 бүлдіршін бірінші сыныптың табалдырығын аттады. Алғаш рет мектеп формасын киген балғын балалар мен тұлымында ақ бантиктері желбіреген қыздарды жетектеген ұстаз Айнұр Хожабаева балаларды ортаға алып шықты.
Мерекелік шарада мемлекеттік Гимн шырқалып, көк Туымыз көкте желбіреді. Даярлық сыныпта тіл сындырып, Әліппемен қауышқан бүлдіршіндер бірінші сыныптың бағдарламасын меңгеруге дайын екенін байқатты. Бойларындағы ілімін көрсетіп, періште тілегін жеткізген балақайлардың өнеріне ел ризашылығын білдірді. Олардың білім, мектеп, мұғалімдер туралы тақпақтатқан тәтті үндері жүректен-жүрекке жетті.
Көңілге керемет күй сыйлаған салтанатты шарада аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, көпшілікке игі-тілегін жеткізді.
-Бүгін аудандағы жалпы білім беретін 39 мектепте жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, он мыңнан аса оқушы оқу жылын бастағалы отыр.
Ал 981 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, оның 20 оқушысы сіздердің мектептеріңізде.
Жуалылық жас жеткіншектердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуын іске асыратын 1825 педагог болса, осы мектепте 43 ұстаз қажырлы еңбек етеді.
Әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект немесе адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне өтуде.
Сондықтан, биылғы оқу жылында оқу үдерісін цифрландыруға және әлемдік тәжірибені ескере отырып, сабақ беру процесіне жасанды интеллектті енгізу ерекшеліктеріне мән беріліп отыр.
Бүгінде «Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа инновациялық бағытта жұмыс жасайтын білім мекемелерінің желісі артуда.
Аудандағы барлық 30 орта мектепте 127 жаңа модификациялық (СТЭМ) кабинет орнатылған. Бұл ауыл мен қала мектептерінің айырмашылығын жою, ауылдағы мектеп оқушыларының сапалы білім алуына жасалып жатқан мүмкіндік және қамқорлық.
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, еліміздің болашағының жарқын болуы біздің бүгінгі адал еңбегімізге байланысты.
Ертең барлық мектепте өтетін бірыңғай сынып сағаттарының «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында өтуі өте орынды деп санаймын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» – деп, іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, «Адал азамат» ұғымы тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық сияқты негізгі құндылықтарды түгел қамтиды.
Келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа қызмет ететін адал азамат ретінде қалыптастыру – баршамызға жүктелген ортақ үлкен міндет.
Жаңа оқу жылында барлықтарыңызға шығармашылық табыс, игілікті істеріңізде әрқашан асқақ абырой мен жоғары мәртебе тілеймін!-деді Жалғас Әлижанұлы.
Жиында сондай-ақ «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихатының депутаты Ерұлан Мағзымбеков сөз алып жаңа оқу жылымен құттықтап, жаңа мектепке сай ұстаз білімді болуы керек, білім сапасына мән беріп, әрбір ұстаз оқушының сапалы білім алуына өз ықпалын тигізсе деген тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, мектеп басшысы Айгүл Имашева, «Тараз инвест құрылыс» ЖШС басшысы Нұрлан Құлымбеков те сөз алып ата-аналарды, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді.
Салтанатты жиын соңында Тамыз кеңесінде алғаш рет орындалып, тұсауы кесілген, Жуалы ауданының білім саласының әнұраны, ауданымыздың өнерлі ұстаздары мен оқушыларынынан құралған өнерпаздарының орындауымен аяқталды.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close