Basty bet

Судағы қауіпсіздік – баршаға ортақ

Жаз мезгілінің ыстығы басталғаннан суға шомылушы адамдар саны көбейе бастайды. Әсіресе маусым, шілде айларында барлығы демалыста отбасымен, достарымен су жағасында демалғанды жөн көреді.

Жаз мезгілі – балалар өміріндегі жаңа жаңалықтар мен қызықты әрі жарқын оқиғалар уақыты. Жаз мезгілінде балаларда бос уақыт көп. Сондықтан асыр салып, аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Әсіресе, жазғы демалыс уақытында олардың белсенділігі артады. Қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті жағдай. Жаз мезгілінде сабақтан босаған мектеп жасындағы балалардың тілсіз жаудың құрығына түсіп қалып немесе ойнап жүріп қайғылы жағдайға душар болып қалатын оқиғалардың жиілеп кеткені жасырын емес. Ғаламторды ашып қалсаң, ана өңірде бір бүлдіршін жазатайым оқиғаға душар болды, мына өңірде бір жеткіншек суға шомыламын деп қайғылы оқиғаға тап болды деген суық хабарды көзің шалады. Елімізде балалардың қауіпсіздігі назардан тыс қалған емес. Биыл да балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып отыр.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кішкентай балалар шомылу кезінде үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Сәл үлкенірек жастағы жеткіншек балалар өздері су айдынына шомылуға барған кезде де, суға түсуге рұқсат етілген, қауіпсіздігі сақталған, су астындағы терең ой-шұқырлары жоқ, қатты су ағысы, иірімі немесе толқыны жоқ жерлерде шомылуы қажет. Көптеген жазатайым оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады.
Жазғы кездегі балалардың жазатайым оқиғалар дерегі су айдындарында көптеп кездесіп жатады. Жазда балалар көбінесе ересектердің қарауынсыз қалып, су айдындарында, әдетте, қайғылы оқиғалар орын алатын жабдықталмаған жерлерде шомылады. Әсіресе, жазғы уақытта ата-аналар балаларына қауіпсіз жағдай жасап, оларды қараусыз қалдырмау қажеттігі жайында ескертіліп айтылғанымен, кейбір ата-аналар оны қаперінен шығарып алатыны жасырын емес. «Сақтансаң, сақтайды!» демекші, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша өңірде қандай сақтық шаралары жасалды?
Жазғы шомылу маусымы ашылмай тұрып «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына отбасымен демалуға келген тұрғындар су қауіпсіздігін сақтамай суда шомылып, соның арты оқыс оқиғалардың орын алғаны мен аяқталған.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, мамыр айының өзінде екі адам суға кеткен. Бірі ересек, енді бірі жас жеткіншек.
Аудандық азаматтық қорғау саласындағы қызметкерлермен, жергілікті полиция қызметкерлерімен, аудан әкімдігінің жауапты мамандары және аудан еріктілерімен су айдындарында рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Сонымен қатар, мыңнан астам жадынама таратылған. Шомылу маусымы кезіндегі судағы қауіпсіздік тақырыбында әлеуметтік желілер мен аудандық газетке 50 мақала жарияланған. Одан бөлек, басым дауысты радиоторабы арқылы да ескерту оқылған. Бұнымен қоса, ауылдық округ әкімдеріне шомылуға тыйым салынған жерлерде ескерту тақтайшаларын және баннер орнату бойынша ұсыныс хаттар жолданып, 14 ауылдық округте ескерту тақтайшалары орнатылған.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері аудан тұрғындарына судағы қауіпсіздік туралы қанша ескертіп айтқанымен, қайғылы оқиғалардың орын алуы азаймай отыр.
«Су – тіршілік көзі болғанымен, әрі тілсіз жау» екенін барлығымыз жақсы білеміз. Осыны біле тұра кей адамдар демалу барысында келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Оқыс оқиғалар адамдардың салғырттығынан, тыйым салынған қауіпті аймақта шомылу, демалушылардың ішімдік ішіп суға түсуі және ата-ананың балаларын қараусыз қалдыруы әсерінен туындайтыны жасырын емес.
Өйткені, қаншама ескертулерді естіп, тыңдап отырса да: «Баяғыдан білетін жеріміз, өзіміз қаншама жылдан бері шомылып жүрміз ғой, бізге не болады?» деп ескертулерді тыңдамай, аудан тұрғындарының дені судағы қауіпсіздікке немқұрайлы қарайды. Сіз сол жерде қаншама жыл шомылсаңызда, апат айтып келмейді, білем деген жердің өзінде не бір оқиғалар болуы мүмкін. Сол үшін өзіңіз үшін болмаса да жаныңыздағы балаларыңыз үшін судағы қауіпсіздікті сақтаңыз!
Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close