Basty bet

Сәндік ағаштар отырғызылды

3 қазан күні елімізде барлық мектепте «Эко сағат» кең көлемді акциясы болды. Акцияның мақсаты – экологиялық сағат өткізуді дәстүрге айналдырып, халықты экологиялық тұрғыда тәрбиелеуге үлес қосу, әлемді дүр сілкіндірген ғаламдық экология мәселесіне үн қосу.
Жалпы бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 3 қазан –Дүниежүзілік мекендеу орнын қорғау күні болып аталып өтеді. Осыған байланысты алдағы уақытта еліміздегі барлық мектептерде «Эко-сағат» атты факультатив оқытыла бастайтын болады.
Бұл күні Қазақстанда 200 мыңнан аса ағаш отырғызылады деп жоспарланған. Республикалық экологиялық сабақ біздің аудан мектептерінде де өтті.
Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда «Эко сағат» акциясының ашылуы мектеп ауласында болды. Оған аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов қатысты. Акцияны аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы ашты.
-Бұл жақсы бастама. Жуалы – табиғаты тамаша, ауасы да, суы да шипалы қасиетті мекен. Табиғатты қорғау – барлығымыздың азаматтық парызымыз. Табиғатты қорғайтын арнайы заң бар. Табиғатқа қиянат келтіру – бұл адамзатқа қиянат келтіргенмен бірдей.
Бүгінде білесіздер, жер шарында тұщы су қоры азайып келеді. Сондықтан «Судың да сұрауы бар» дегендей суды да үнемдеп жаратуымыз керек.
Бүгінгі шараның тәрбиелік мәні зор. Акцияға бәріміз үлес қосайық! Тек бүгін ғана емес, үнемі табиғатты қорғауға, тазалыққа, айналамыздың әсем болуына үлес қосып жүрейік,- деді аудан басшысы.
Аудан әкімі бұдан соң мектептің 9 сынып оқушыларымен бірге мектеп ауласына сәндік ағаш көшеттерін отырғызды. Ағашты немқұрайды егуге болмайтынын, ағашты жанашырлықпен, шын ықыласпен егу қажеттігі және дұрыс отырғызу жолдарын түсіндірді.
Акция әрі қарай әр сыныпта ашық тәрбие сағаттарымен жалғасты.

Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close