Basty bet
Халық мемлекет қамқорлығын сезінеді
Қазір әлем елдері коронавирустық инфекциямен күресуде. Қауіпті індеттің таралмауы мен оның алдын алу жұмысы біздің елде де жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комисияның отырыстарында да тиісті ведомство басшыларына нақты тапсырмалар беруінің нәтижесінде ел аумағындағы күрделі жағдай біршама түзелді. Ел Президенті халыққа арнаған Үндеулерінде де коронавирустың таралуын барынша бәсеңдету үшін қажетті шаралардың жасалып жатқанын айтып, халықты барынша сабырға шақыра білді. Әлемде және өз еліміздегі қалыптасып отырған күрделі жағдайға байланысты жарияланған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын да ел тұрғындары халық еңсесін көтеретін өте маңызды да мазмұнды үндеу деп қабылдады.
Шынында, елімізде індеттің алдын алуға алғашқы күннен-ақ баса көңіл бөлінді. Президент тапсырмасымен өте шұғыл шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстар әр өңірде атқарылып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп отыр. Сын-қатерлерге толы уақытта мұндай шаралардың маңызы зор. Күрделі кезеңде халықтың жағдайына да баса көңіл бөлініп, жұмысынан уақытша айырылғандарға ең төменгі мөлшердегі жалақының көлемінде жәрдемақылар берілуде. Сауда орындарындағы азық-түлік бағасына да баса назар аударылуда. Бұған жауапты тиісті министрліктердің бірлескен бұйрығымен бірінші қажеттіліктегі азық-түліктің шекті бағалары да бекітілді.
Президент пандемияға байланысты наурыз бен мамыр айлары аралығында екі айға созылған төтенше жағдай режиміне, сонымен қатар, елдегі күрделі жағдайға қарамастан көктемгі дала жұмыстарының сапалы атқарылуын өзі қадағалады. Өйткені, бұл қай жағынан да маңызды. Одан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша бірқатар жобалар қолға алынып, көптеген азаматтар жұмыспен қамтылуда. Мұның бәрі халықтың тұрмысы мен балаларымыздың ертеңгі жарқын болашағы үшін жасалып отырған жағдай. Сол себептен де, мұндай қиын-қыстау кезеңде қарапайым халық қашанда мемлекет қамқорлығын сезінеді. Осыларды терең ескере отырып ел ішіндегі жағдайға әлі де түсіністікпен қарап, сақтық шараларын барынша сақтау маңызды міндет болып қала бермек.
Әлемде жағдай күрделене түскен алмағайып уақытта бір-бірімізге жанашырлық танытып, жомарттығымыздың сыналар сәті келді деп ойлаймын. Бұл бағытта біздің ауданда да қайырымды жандардың көмегімен бірқатар қайырымдылық шаралары қолға алынып, атқарылып жатқанынан хабардармын. Мұндай шаралар аз қамтылған отбасыларға, көңілі қаяу, жалғызбасты жандарға әжептеуір көмек. Күрделі кезеңде халықтың жағдайына баса назар аударылатынын естен шығармаған жөн.
Кәрібай ҚҰРМАШЕВ,
Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы