Basty bet

«Қарты бар ел – қазыналы ел»

атты ақсақалдар байқауы өз мәресіне жетті

Халықаралық қарттар күніне орай аудандық мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесі, «Жастар ресурстық орталығы» мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Қарты бар ел – қазыналы ел» тақырыбында аудандық ақсақалдар байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпаққа қарияларымыздың өз өмірлерінің игі кезеңдерін баяндау, үлкенге құрмет, кішіге ізет тәрбиенің бастауы екендігін жастарға ұғындыру және өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеу, азаматтық сана-сезімін қалыптастыру.

Алдымен LED экраннан ауданымыздың Құрметті азаматтары Әбілқасым Ергебеков ақсақал мен Аманжол Дүрәліұлы қарияларды мерекелерімен құттықтап, қазыналы қариялар, имандылық, үлкенді құрметтеу, даналық туралы айтып, ақ баталарын берді.
Байқауды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ашып, жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа баулыйтын бәйгеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Қарияларды аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы да құттықтады.
Қатысушыларды сахна төріне шақырып, жайғастырғаннан кейін мәдениет үйінің әншілері Мадина Свамбаева мен Салтанат Мейіржанқызы «Қайран уақыт» әнін, әнші, термеші Мәлік Мықтыбеков «Сақтан» термесін шырқады.
Байқауға 60 жастан асқан әр ауылдық округтен 13 қатысушы қатысты.
Бірінші «Бердім сәлем бәріңе, үлкен-кіші кәріңе» таныстыру бөлімінде қариялар әнмен, өлеңмен, қара сөзбен өздерін таныстырып шықты. Бұл бөлімде Шақпақата ауылынан келген өзін мандолина тартып әндетіп таныстырған Әбдікерім Болысбаевтың, домбырамен таныстырған қошқараталық Амалбек Шопанбаевтың, қызыларықтық Сайлаубек Оразбаевтың, баянмен таныстырған көлтоғандық Мақсатбек Байболовтың, қара сөзбен таныстырған көкбастаулық Болатбек Қайыпбековтың, бәйтеректік Әбдіразақ Құдайбергеновтың және поэзия тілімен таныстырған аудан орталығынан қатысқан Дәулетжан Байдалиевтің таныстыруы жақсы шықты.
Бұл бөлімде Мақсатбек Байболов өмірлік жары, ауданымызға белгілі ақын Әлия Жақсыбекованы құрметпен сахнаға шақырды. Ардагер ұстаз Әлия Жақсыбекова қарттар туралы, рухани жаңғыру жайлы өлеңдерін оқып берді.
«Беремін бата бәріңе» бата беру сайысында Қайрат ауылынан Мақұлбек Қуанышбековтың, боралдайлық Әбдіқожа Науатбековтың, қарасаздық Жоламан Елеусіновтың, күреңбелдік Әмірқұл Садықовтың, Амалбек Шопанбаевтың баталары ерекше болды. Сонымен бірге Дәулетжан Байдалиев жаттанды бата емес, өзі құрастырған батасын берді. «Аталы сөз сүйек балқытар» демекші, Болатбек Қайыпбековтың, Сайлаубек Оразбаевтың әрбір сөзінің өзі жас ұрпаққа үлгі боларлық. Жалпы, қариялардың өз заманынан мысал келтіріп, жастарды барын бағалай білуге, еңбексүйгіштікке шақырған ғибратты әңгімелерінің өзі сөз қадірін білген жан үшін қымбат қазынамен бірдей.
Соңғы «Өнерлі отбасы» бөлімінде қариялар немерелерімен бірге өз өнерлерін көрсетті. Бірі музыкалық аспаппен, немерелері эстрадамен ән айтса, қарасаздық Жоламан Елеусінов қария «сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші, шешендер туралы ғибратты әңгімелерімен бөлісті.
Бұл бөлімде әсіресе, Дәулетжан Байдалиевтің немересі екеуінің өнері тамаша шықты. Яғни, атасы «Қайықта» әнін шырқаса, талантты немересі, бірнеше өнер байқауларының жеңімпазы Санжар атасының сөзіне жазылған «Қазақ қыздары» әнін орындады.
Жалпы, бұл байқауға кілең жақсылар мен жайсаңдар қатысқан. Шетінен өнерлі, баталы қариялар. Олардың бірі бар ғұмырын туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған еңбек ардагері болса, бірі ардагер ұстаз.
Байқаудың қазылар алқасы ақылдаса келіп, бас жүлдені жан-жақты қария, ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевке берді. Ал, бірінші орынды Амалбек Шопанбаев, екінші орынды Мақсатбек Байболов, үшінші орынды Әбдікерім Болысбаев иеленді. Сонымен бірге «Батагөй қария» номинациясы Мақұлбек Қуанышбековке, «Өнегелі қарт» номинациясы Жоламан Елеусінов қарияға берілді. Жеңімпаздарды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, әділқазылар алқасының төрағасы Кемелбек Дәуренов, мүшелері халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Ришад Қуанышев, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов Диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close