Basty bet

Асыл жандарға – құрмет

Қошқарата ауылында Қарттар күніне орай «Қарттарым-қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекені ауылдық округ әкімі Ж.Мырзалиев ашып, ақ жаулықты аналарымыз бен қарияларымызға денсаулық, отбасыларына береке тілеп, құттықтады.
Іс-шара барысында концерттік бағдарлама қойылып, қарттарымыз мәз-мейрам болды. Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Е.Тілеубековтың Алғысхатымен А.Мырзалиев атамыз, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметованың Алғысхатымен З.Хамитова апамыз марапатталды. Ауылға еңбегі сіңген бірнеше ата-апаларымызға округ әкімінің Алғысхаты табысталды. Қарияларымыз жастарға ақылын, өсиеттерін айтып, ақ батасын берді. Мереке соңында дастарқан жайылып, қарияларға құрмет көрсетілді.
96 жасқа толған тыл ардагері Н.Әбдікерова апамызды (суретте) округ әкімі мен ардагерлер алқасының төрағасы үйіне құттықтап барып, аудан әкімінің Алғысхатын табыстады. Сонымен қатар округ әкімшілігі тарапынан Абай көшесінің тұрғыны Ә. Жолдықұлов атамыздың үйінің , қора-жайының шаруасына көмек көрсетілді. Арамызда аман-сау жүрген қарттарымызды құрметтеп, ерен еңбектерін ескеру – бүгінгі ұрпақтың міндеті екенін естен шығармағанымыз жөн.
Қарлығаш Сапарбаева,
Қошқарата ауылдық округі
әкімі аппаратының бас маманы

***

Аудандық балалар кітапханасында Қарттар күніне орай «Аталар сөзі – тәрбие көзі» атты танымдық сағат болып өтті. Ауданымызға 40 жыл еңбектері сіңген зейнеткер ата-әжелеріміз: «Қазақтелеком» АҚ-да қызмет атқарған Хабарбек Аюбаев, Жуалы тоқыма фабрикасында тігінші, тоқымашы болған, он саусағынан өнер тамған Алтынай Жетпісбаева мен Ажар Наурызбаева, Қошқарата ауылында Абай мектебінде қызмет жасаған ұстаз Ақбөпе Рысқұлбековалар қатысты.
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 6 «ә» сынып оқушылары ата-әжелерге арнаған тақпақтарын айтып, би биледі, К.Мұстафа мен С.Ормахан ән шырқады. Ата-әжелер оқушыларға ақыл-өсиеттерін айтып, баталарын берді. «Қарттарым – асыл қазынам» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кештің мақсаты – оқушыларға ұлттық қадір-қасиеттер, имандылық, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керектігін түсіндіру.
Күләш Таубалдиева,
аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы

***

Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебінің акт залында Қарттар күніне арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты тақырыпта «Көгілдір от» кеші өтті.
Мерекелік кеш Шақпақ ауылдық округінің әкімі М.Бектұрғановтың құттықтау сөзімен басталды.
– Қарттар – біздің ең асыл қазынамыз. Олардың өмірлік жолы, мол тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, сондай-ақ тәлім-тәрбиесі келешек жастар үшін орны бөлек дүние. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарттарымыз елдің, әр аймақтың дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып, қалтқысыз еңбек етті. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларын дайындады. Еліміздің бейбіт те тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп білеміз. Бүгінде сол еңбектерінің зейнетін көріп, ұрпақтарына игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін көрсетуде. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына болары сөзсіз,- деді ауыл әкімі.
Одан әрмен сөз кезегін аудандық мәслихаттың депутаты Н.Тыныбеков алып, ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, оларды әрдайым қолдайтынын, барынша көмек көрсететінін баса айтты. Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің төрағасы И.Әбішев пен жақында ғана Төбе би болып сайланған П.Бердімбетов жиналған қауымды бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтап, қарттарға мықты денсаулық тіледі.
Кешке жиылған қарттарға мерекелік дастарқан жайылды.
Шара барысында Майра Шәкірбаева басқарған №4 Балалар өнер мектебінің өнерпаздары Қарттардың құрметіне ән шырқап, әуезді күйлер тартты.
«Көгілдір от» кеші соңында ауыл әкімі М.Бектұрғанов ауылға еңбегі сіңген қарияларды аудан әкімі Н.Ергебековтың, аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубековтың, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Ахметованың Алғысхаттарымен марапаттады.
Мерекеге келген ардагерлер Шақпақ ауылдық округі әкіміне және оның ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.

Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің
жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close