Basty bet

Бірлесе күресіп, дерттің алдын алайық!

Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың денсаулығына қауіп төндіретіні баршамызға белгілі. Осыған орай, мектептерде есірткіге қатысты түрлі іс-шаралар өткізілуде. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Бүгінде аудандағы білім мекемелерінде түрлі семинар, дәрістер мен дөңгелек үстелдер, сондай-ақ аудандық орталық аурухананың арнайы нарколог, профилактика бөлімі мамандарының қатысуымен жоспарға сәйкес шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Біз күш біріктірудің арқасында өскелең ұрпаққа оң ықпал етіп, саламатты болашақты қамтамасыз ететінімізге сенеміз. Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз, осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады. Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептер бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қолжетімділік. Бұған дәлел, күн сайын әртүрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар туралы ақпарттар.
Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне – мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан «бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас» деп, қалай нашақор болғанын білмей де қалады.
Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді.
Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді.
Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни, есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады, өзінің адамгершішік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға және өзіне зиян келтіреді.
Есірткілерді тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына (ауруларға және асқынуларға) әкеліп соғады және өміріне қауіп төндіреді.
Адам баласының жаман әдеттерден аулақ болуы ол өзін-өзі тәрбиелей білуі, өз денсаулығын қорғай білуі, адамдық қасиетін жоғалтпауы деп есептеймін. Біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі болатын ол қазіргі жас ұрпақ, сол мемлекетімізді биік шыңдарға жеткізу, халқына қызмет ету тек қана дені сау жастарымыздың қолынан келеді.
Нашақорлық туралы қаншама айтылып, жазылып, ол туралы ақпараттар көрсетіліп жүрсе де, оның азаймай тұрғаны өкінішті. Сондықтан бұл дертпен бірге күрессек, оның алдын ала аламыз. Нашақор жандардан дүниеге дені сау перзент келуі екіталай, себебі есірткі дүние есігін әлі ашпаған, іште жатқан сәбидің ағзасын улайды. Сондықтан жастар ойланайық, болашақ ұрпағымыздың өміріне балта шаппайық.
Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу – баршамыздың қолында, себебі біз жаңа дәуірде елімізді сақтайтын жігерлі, мықты, денсаулығы зор ұрпақ жалғастыратын қазақ елінің саламатты ұрпағымыз. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда тұңғиық түбіне батпай, ата-бабаларымыз бізге аманат еткен тәуелсіз еліміздің көк туын төмен түсірмей, бірге көкке көтерейік.
Айта кетейік, есірткі мен нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын атқару, жастардың арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жастарды нашақорлық індетінен алыстату барлық мүдделі органдардың міндеті.

Венера Сейтаева,
аудандық орталық аурухананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің «Сенім» жастар денсаулық
орталығының психологі

Таңдаулы материалдар

Close