Basty bet

«Кітапхана ақыл-білім мен адамгершілік ордасы»

аудан кітапханашылары өңірдегі қоғамдық іс-шаралардың көш басынан табылуда

Қазақ елі қандай қиын заман болса да рухани құндылықтары мен мәдени мұраларына селкеу түсірмеген. Өткенімізді ой елегінен өткізер болсақ, тағылымға тұнып тұрған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениет, әдебиет, тарихын қағазға түсіріп қаттап, кітап қылып шығарамасада, ауыздан ауызға таратып, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап, аманат етіп отырған. Кешегі дуалы ауыз дана бабаларымыз бен жырауларымыз ізгілік пен ізеттіліктің, имандылық пен ибалылықтың жаршысына айналған еді.

Бүгінде сол асыл қазынаны жас буынға жеткізуші алтын көпір – кітап пен кітапханалар. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихы да, əдебиеті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» деген сөзінде де терең мағына жатқаны сөзсіз.
Ауданымыздағы тарихы тереңнен бастау алатын, рухани орда саналатын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де бүгінде жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдау, оқырманның талап-тілектерін орындау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып отырғаны баршамызға белгілі.
Рухани орданың тарихына үңілер болсақ, алғашқы кітапхана 1928 жылы аудандағы МТС қарамағында ашылған. Ол тұста кітапхананың кітап қоры небәрі 3400 дананы ғана құраса, оқырман саны 417 болған. Одан бөлек, бір жыл ішінде оқырмандарға 5000 дана кітап таратылған деген тарихи дерек те кездеседі.
Аудан жұртшылығына қызмет көрсете бастаған кітапхана 1946 жылы аудандық орталық кітапхана болып қайта құрылады. Бұл уақытқа дейін кәсіподақтар ұйымына қарайтын жеті кітапхана ашылып үлгереді. Осылайша 1950 жылдары аудандағы кітапханалар саны 15-ке жетіп, оның ішінде алты колхоздық, сегіз кәсіподақтық, бір аудандық кітапхана болады. Кітапханалар саны артып, 1960 жылы аудандық балалар кітапханасы, әр ауылда ауылдық кітапханалар ашылып, ондағы кітапханашылардың үшеуінің ғана арнаулы білімі болады. Жыл санап, оқырмандарының саны артып, 1973 жылдары аудандағы кітапханалар саны 43-ке жетеді.
Тарихы тереңнен сыр шертетін аудандық орталық кітапханалар жүйесінде бүгінде 25 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде, аудандық орталық кітапхана, ауылдық балалар кітапханасы және 23 ауылдық кітапхана оқырмандарының талап-тілектерін қанағаттандыруда. Соның ішінде 21 аудандық және ауылдық кітапханаларда заман талабына сай цифрландырылған ақпараттық орталықтар бар болса, өткен жылы Рысбек батыр ауылдық кітапханасында цифрландырылған ақпараттық орталық ашылып, бүгінде кітапханалар ауыл тұрғындарына электрондық үкімет порталы арқылы қызмет көрсетуде.
Қазіргі таңда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 83 қызметкер, оның ішінде 62 кітапханашы толық бірлікте жұмыс істеуде. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесін бүгінде Қайсар Асылбеков басқаруда. Аталған кітапханалардағы кітап қоры – 297679 дана, оның мемлекеттік тілдегісі – 167 176 дана кітапты құрайды. Өткен жылы кітапханаларға 3846 дана жаңа кітап пен мерзімді басылымдар келіп түскен. Бүгінде аудандық кітапханалар жүйесі заман талабына сай компьютермен қамтамасыз етіліп, интернет желісіне қосылған. Бұл да кітапханашылардың жұмысын жандандырып, оқырмандармен тығыз байланыста жұмыс істеуге өз септігін тигізуде.
Сонымен қатар, кітапханашылар ауыл тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында жыл бойы айтулы даталарға, діни экстремизм мен терроризмге қарсы, нашақорлыққа қарсы, саламатты өмір салтын ұстануға тағы басқа да тақырыптық іс-шараларға жоспар жасалып, өткен жылы 1310 мәдени шара өткізілген.
Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен ең ауқымды шаралардың бірі ретінде «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафон» жобасын атап айтуға болады. Жоба аясында кітапханашылар оқырмандарға қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен насихаттаумен қатар, өздері де жаңашылдыққа бет бұруда. Олар түрлі тақырыптағы шараларды ұйымдастыру арқылы өзара тәжірибе алмасып, оқырмандарды кітапханаға тартудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйренгені сөзсіз.
Жоба аясында кітапханашылар қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың мерейтойларына арналған шараларда оқырмандарды көптеп тарта білді. Әсіресе, жас ұрпақ шығармашылық қабілеттерін арттырып, бос уақыттарын рухани азық алуға арнады. Кітапханашылар жоба аясында бірін-бірін қайталамайтын тақырыптағы әдеби-танымдық іс-шараларды ұйымдастыруды да ескергені байқалады. Яғни, кітапханаларда ақын-жазушылардың шығармаларына арналған поэзия сағаты, әдеби экспедиция, жыр сағаты, әдеби кеш, танымдық кеш, әдеби рандеву, жыр кеші, әдеби сағат, адалдық сағаты, әдеби понарама, өлең өрен кеші өткізілгені де жобаның мән-маңызын аша түскендей. Сонымен қатар, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жобаны қорытындылау мақсатында «Ең үздік көрме инсталляциясы», «Үздік іс-шара», «Үздік әдістемелік библиографиялық құрал», «Үздік библиографиялық көрсеткіш», «Үздік бейнеролик» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталған.
Оқырмандарын тек кітапханаға тартуды көздемеген кітапханашылар ауыл тұрғындарының мәдениетін көтеруге, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, жастарды өнерге баулуға да өз үлестерін қосып отырғанын айта кеткен жөн болар. Бұл сөзімізге мұнда ұйымдастырылған ақын Мағжан Жұмабаевтың туылғанына 130 жыл толуына орай «Мағжан жыры мәңгілік» аудандық байқауы, 15 қыркүйек – Отбасы күніне орай «Үздік оқырман отбасы» атты аудандық байқауы дәлел болса керек.
Өткен 2023 жылды орталықтандырылған кітапханалар жүйесі табысты әрі нәтижелі қорытындылағаны белгілі. Яғни, білімі мен біліктілігін оқырманның рухани азық алуына жұмсайтын кітапханашылардың еңбегі лайықты бағаланып, үздіктердің қатарынан көрінді. Яғни, Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған «Үздік ауылдық кітапхана-2023» облыстық байқауында Т.Дүйсебайұлы ауылдық кітапханасы І орынды иеленуі де бекерден-бекер емес. Бұл барша кітапханашылардың бірлесе жұмыс атқарып, қай істе болса да ауызбіршілік пен ынтымақты ту еткенінің айқын көрінісі болса керек.
Бүгінгі техника мен технологияның қарыштап дамыған сәтте бәрі жаңашылдыққа бет бұруда. Күнделікті алған біліміңді шыңдап, жаңашылдықты үйрену – заманның басты талабына айналды. Осы ретте, кітапханашылар да бір-бірімен өзара тәжірибе алмасып, оқырманмен жұмыс істеудің тиімді жолдарымен бөлісуде. Осы мақсатта Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Кітапханалардың тиімділігін талдау: іске асырылған жоспарлардан жаңа идеяларға дейін» кітапханалық конвенттің берері мол болды. Сондай-ақ, облыстық әмбебап ғылыми кітапхана аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесіп, «Бір өңір – бір кітап» облыстық акциясының аясында қазақтың халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған «Халық жадында жатталған есім» атты Шерхантану сағатын өткізген.
Аудандық орталық кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімінде 56 азамат, яғни оқырманы бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да уақтылы қызмет көрсетілуде. Кітап берілімі 235-ті құрайды, бедерлі нүктелі Брайль шрифты 164, аудио 81. Кітап қоры 169 болса, бедерлі нүктелі Брайль шрифты 117, оның ішінде 52 аудио бар. Дауыстап іздеу батырмасын басу арқылы іздеп тауып беру, жаңа инновациялық технологиялармен таныстыру мақсатында кітапханашы М.Темірбаева ЛОГОС бағдарламасы бойынша AV3715 қызметін таныстырып, ақпаратты кеңінен алу мүмкіндіктерін үйретуде. Сонымен қатар, көзі көрмейтін және әлсіз көретін зағип жандарға брайль машинкасының көмегімен дауыстап оқып беру арқылы іс-шаралар өткізуде.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен оқырмандар тек қажетті әдеби кітаптарды оқып қана қоймай, сонымен қатар, мерзімді басылымдардағы рухани тақырыптағы мақалалармен және ел жаңалықтарымен танысуда. Жалпы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақстан дәуірі», «Жас Алаш», «Айқын», «Заң газеті», «Алтын босаға», облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай», «Ғұмыр дария», «Жамбыл-Тараз» және аудандық «Жаңа өмір» тағы басқа да мерзімді басылымдарды алады. Бүгінде оқырмандардың сұранысына мерзімді басылымдардың ішінен «Егемен Қазақстан» республикалық газетінен бастап, «Қазақстан дәуірі», «Алтын босаға», облыстық «Ақ жол» және аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеттері ие болып отыр.
Қорытындылай келе, қазіргі таңда кітапханашы оқырманның сұраған кітабын тауып беруші ғана емес, көптеген маңызды жұмыстардың көшбасшысына айналды. Бүгінгі заманға сай күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жеткізуші, кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі іс-шаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, әр оқырманның талап-тілегіне сай бағыт-бағдар беруші, кітап пен кітапхананы, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы да кітапханашылар екені даусыз.
Көрнекті жазушы Оралхан Бөкей бір сөзінде: «Адамға ауа қандай қажет болса, кітапхана да сондай қажет» деп айтқан. Ендеше, бүгінде ғылыми-техникалық прогресс пен адамзат өркениеті қаншалықты жедел қарқынмен дамып жатса да кітапхананың орны бөлек.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close