Basty bet
Әйел – отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы
Әйел тұлғасының сауатты дамуын қалыптастыру – отбасы мен мемлекеттің әл-ауқатының жетістігі. Сондықтан “AMANAT” партиясының жанынан Әйелдер қанаты құрылған болатын.
Әйелдер қанаты 10 басым бағыттың аясында жұмысын жүзеге асырады. Олар: әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау; тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу; мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету; қоғамның әл-ауқатын қолдау мақсатында психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу; еңбекті қорғау және жұмыстағы әйелдердің қауіпсіздігін сақтау; ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу; әйелдер денсаулығы мен отбасылық құндылықтарды насихаттау; заң жобаларына белгілі сараптаманы ұйымдастыру; әйелдердің қаржылық сауаттылығын және гендерлік бюджетті қалыптастыруға көмектесу; ғылымдағы әйелдерді қолдау.
“Topjargan” оқу орталығында “AMANAT” партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жөніндегі кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Айман Әшімова ауыл әйелдерімен кездесу өткізді.
Кездесуді “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков ашып, қоғамдағы әйелдердің рөлі, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша несие алып, кәсіп ашқандардың 40 пайызы әйелдер қауымы екенін айтты.
Партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты жөніндегі кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты, жеті баланың анасы Айман Серікқызы әйел-аналардың бала тәрбиесіндегі, ұлт тәрбиесіндегі рөлі туралы әңгімеледі.
-Халқымызда “Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді” деген сөз бар. Әйел – отбасының ғана емес, елдің де ұйытқысы. Әйел білімді, мәдениетті, парасатты, ар-ұяты жоғары болса бала да, қоғам да дамиды. Сондықтан Әйелдер қанаты қоғамда орын алып жатқан мәселелердің шешілуіне ықпал ету, әйелдерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылып отыр. Облысымызға қарасты барлық аудандарды аралап, әйелдермен еркін форматта әңгімелесіп, тәжірибе бөлісіп, өтініш-тілек, сұраныстарын тыңдап, ауыл әйелінің мәселелерін жинақтап жүрудегі мақсатымыз да осы.
Облысымыз ажырасу мәселесі бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Өздеріңіз естіп, көріп жүргендеріңіздей, қаншама отбасылық зорлық-зомбылықтар болып жатыр. Сондықтан алдымызда “бұл мәселелердің шешімін табуға қалай ықпал ете аламыз?” деген үлкен сұрақ тұр.
Әрбір ата-ана өмірге алып келген ұрпағына жақсы жағынан үлгі болып, өнегелі тәрбие бере алса қоғамның, елдің дамуына қосқан үлкен үлесі сол. Ұл мен қызды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеуіміз керек. Қыз баланы жастайынан жат жұрттық екенін, өз үйіне қонақ екенін, барған жерінде ата-енесін, бауырларын сыйлауды бойына сіңіру керек. Қазіргі таңда көптеген шаңырақтардың шайқалуына себеп болып отырған осы ер мен әйелдің өз жауапкершілігін, міндетін сезінбеуінен,- деді Айман Серікқызы.
Аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты, көпбалалы ана, “Topjargan” орталағының басшысы Нүрилә Мәлібекова, қауымдастықтың, оқу орталығының жұмысымен танысытырды.Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауылдық округтегі әйелдер қауымының белсенділігі туралы айта келіп, “ешқандай мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай отырған әйелдерге қандай көмек көрсете аламын?” деген сауалын қойды.
Нүрилә Мәлібекова қоғамдық қабылдауға кейбір жас әйел-аналар үкімет маған көмектесуге міндетті деген масылдық пиғылда келетіндерін қынжыла жеткізіп, еңбек қана адамды бақытқа, абыройға бөлейтінін айтты.
-Кәсіпкерлікке бағытталған үш айлық курста кәсіптің қыр-сыры ғана емес, “eGov” порталы арқылы жұмыс жасау, бизнес жоспар жасау, қаржылық сауаттылық, кәсіп ашуда нарықты зерттеу, бәсекеге қабілеттілік, тәуекелдік туралы да арнайы сабақтар өтеді. Курс сабақтарына толық қатысып, оқу адамның кәсіп ашып, жұмыс істеуіне пайдалы баспалдақ. Курс барысында байқағанымыз көп әйелде кері тартпалық басым. Күйеулерінен қолдау болмай жатады. Қазір кері тартып, ерініп немесе бөтен оймен сананы улап отыратын заман емес. Олай отырсаңыз, отырған орныңызда отыра бересіз. Даму керек, қандай мүмкіндік бар бәрін пайдаланып, жұмыс істеп, табыс табу керек,- деді Нүрилә Эдиханқызы.
Қосбөлтек ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер, ауданның Құрметті азаматы Күнсұлу Қамбарова өзінің кәсібі, яғни наубайханаға жұмысшы табуда қиналатынын, кейбір ауыл әйелдерінің жұмыссыз бола тұрып жұмыс істегілері келмейтінін тілге тиек етті.
-Мен 28 жасымда ерімнен айырылып, төрт баламды бейнетпен жеткіздім. Қазір Аллаға шүкір, барлығы отбасылы, өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, елдің дамуына өз үлестерін қосуда. Оларды жастайынан еңбекке баулыдым. Еңбекқор адам жаман өмір сүрмейді. Қазір жасым алпыстан асса да өз кәсібімді айналдырып жүрмін, мал асыраймын. Қаладағы балаларымды ауылдың табиғи, таза өнімдерімен қамтамасыз етіп отырамын.
Өкініштісі, наубайханама кейде жұмысшы таппай қиналамын. Жастар жұмыс істеп, жанын қинағысы келмейді. Оңай жұмыс істеп, жақсы табыс тапқысы келеді.
Наубайханада жұмыс істеу оңай емес, таңертең нан дайын болу үшін түн ұйқыңды бөліп, ыстық жерде нан пісіру керек. Нан тазалықты, көңілдің тазалығын жақсы көреді. Сондықтан жұмысшыларымнан осыны талап етемін. Нан пісіріп жүріп жаман сөз, өсек айтқызбауға тырысамын. Көңілді жүріп пісірген нан, оны жеген адамға да қуат береді, одан тапқан табысы да берекелі болады. Сондықтан қолымнан келгенінше жұмысшыларымның еңбегін бағалап, ақысына сыйақы қосып беруге тырысамын,- деді Күнсұлу Мұқанқызы.
Ауыл әйелдері үшін пайдалы болған кездесу барысында Қоңыртөбе және Қайрат ауылдарынан келген әйел-аналар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»