Ádebıet

Аңыз адам туралы мөлтек сыр

Біздің Жуалы өңірінде ізі қалған тағы бір тарихи тұлға – Қазақстанның халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, ең бастысы Ұлы Отан соғысының ержүрек батыр партизаны Қасым Қайсенов.
Біздің тіршілік жорығына талпынған жас кезімізде, алпысыншы жылдардың ішінде, балалығымыздың базарлы шағының кенересінен асып «Отан», «ерлік», «батырлық» деген биік, ұлан-ғайыр ұғымға бастайтын өрісі теңіздей шалқар патриот деген түсінік болды. Сол кезеңде бізді соғыс, жауыздық пен зұлымдық атаулыға қарсы тұрып, ерлік пен өжеттікке жетелейтін кітап атты қымбатты қазына бар еді. Ол асыл қазына ұйықтарда жастанып жататын, кітапханадан кезекке жазылып қана қолға түсірер дүниелер біздің бала жүрегімізге ұя салған – Қасым Қайсеновтың шығармалары болатын. Біз оның кейіпкерлерімен жауға қарсы бірге соғысып, бірге қиыншылықтарға тап болып бірге жеңіске жетіп қуанып жататынбыз. Біздің балғын сезімімізге шұғыласын түсірген оның: «Жау тылындағы бала», «Переславля партизандары», «Ажал аузынан», «Партизан соқпақтары», «Жау тылында» атты кітаптары болатын.
Ендігі хикаятымыз сол тамаша патриоттық туындылардың авторы, жауынгер жазушы Қасым Қайсенов хақында, оның жұлдызы биік Жуалы жерінде қалған ізі туралы, естеліктері туралы болмақ.
Ескі дәуірдің елшісіндегі, өмір жүгін қара нардай көтере білген, кеудесіне жарқыратып Алтын Жұлдыз таққан 95 жастағы анам Досанқұлқызы Ұлбосыннан Қасым Қайсенов туралы сұрағанымызда ол кісі өткен шақтағы жастығының сырлы да мұңлы шежіресін қайта еске түсіріп төмендегідей естелік әңгіме шертті…
«Ол кезде біз 30-ға да жетпеген жас болатынбыз. Партия қайда жұмсаса, сонда көшіп жүретін көшпелі көшпенді кезіміз. Әкем жаңадан ашылған Қазақ орта мектебіне директор болып ауысып, Бурныйға көшіп келгенбіз. Бұл соғыстан кейінгі 1947 жыл болатын. Үйіміз мектепке жақын терең сайдың батыс бетіндегі қабағында еді. Жанымыздағы ұзын барақта аурухананың бас дәрігері Әділхан деген Шымкент жақтың жігіті тұрды.Оның жанындағы екі бөлмеге Алматыдан Қасым деген жігіт көшіп келіп қоныстанды. Оның әйелі сұңғақ бойлы сары келіншек еді. Қазан-ошағымыз араласып, барымызды ортаға салып аралас-құралас тұрдық.
Соғыстың жаңа біткен кезі болғандықтан ба әлгі Қасым басына шекесінде қызыл жолағы бар папаха, галифе сым, аяғына қырым етік киетін. Ат қойғыш әйелдер қауымы Қасым көршімізге «Қауғабас» деп ат қойды. Оның Қауғабас атанғаны толқынды қара шашы дудырап бас киімінен шығып қауқиып тұратын.
Қасым ауданда атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарды. Жұмысқа ерте кетіп, кеш қайтатын. Қызметіне байланысты шаруашылықтарды аралап көп жүретін. Үй шаруасына, басқа тірлікке көп мән бере бермейтін.
Біз ол кезде Қасымның батыр екендігін білген жоқпыз. Май мерекесі күні кеудесіне барлық орден, медальдарын тағып шыққанда костюмінің өңірінде бос жер жоқ екенін көріп таң қалдық. Көршіміздің жай майдангер емес, нағыз хас батырдың өзі екендігін білдік.
Арада апта өтер-өтпес көршілер дастарқан ұйымдастырып, үш-төрт майдангерді төрге отырғызып Жеңіс мерекесін тойладық. Сол күні біз тылдағы жанқиярлық соғыс туралы оның өз аузынан естідік.
Бірде әкем (Жамалбек Байдалиев) Әділхан екеуі базардан қой әкеліп соймақ болды. Қойдың еті үш бөлікке бөлінуі тиіс болды. Сонда Қасым:
– Жамеке! Қойда қанша жамбас болады өзі? деп қызық сұрақ қойды. Әйтеуір үшеулеп жүріп, бүтін жамбасты балтамен шауып жатып етті үшке бөліп алды. Ертеңіне-ақ ел аузында: «қойда қанша жамбас болады?»-деген қалжың әңгіме гу ете қалды…
Келесі жылы әкемнің қызметі ауысып, біз Талаптыға ал, Қасымдар Свердлов ауданына көшіп кетті.
Сөйтіп, Қасым Қайсенов 1947-1949 жылдар аралығында Жуалы ауданында атқару комитетінде қызметте болып, соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласып, көп еңбек сіңірді.
Қас батыр Қасым Қайсеновтың Жуалы жеріне жолы арада елу жылдай уақыт өткен соң 1986 жылдың мамырында түскен. Мұнда ол қылшылдаған жас емес, жетпіске аяқ басқан бірнеше тамаша туындының авторы атанған, аты аңызға айналған ерлікке толы өмірі жайлы ұрпағына ұлағат айтар даналық жасқа келген шағы болатын.
Мезгіл мамыр айының ортасынан ауған Жуалы жерінің нағыз құлпырып табиғатының зерлі кілемдей шағы болатын. Аудан тарапынан батырды ауданымыздың бірінші хатшысы Сағынхан Әмірқұлов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Жүнісов, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Құралбай Түрікбаев сынды атқамінерлері қошеметпен қарсы алды.
Қасым Қайсенов бастаған топ ат басын сол кездегі Самсоновка (Күреңбел) ауылындағы Ленин атындағы мектепке бұрды. Мектептің акт залында мектеп директоры Зернеш Станбекова бас болып ұйымдастырған оқушылармен кездесу өткізді.
Мектеп оқушыларына Қасым Қайсенов өзінің партизан жорықтарындағы небір қызықты әрі қиын сәттерден естеліктер айтты.
Мектеп оқушылары тарапынан мынандай сұрақтар қойылды:
-Сіз соғыста өлімнен қорыққан жоқсыз ба? Батыр ойланып тұрып:
-Адам адам болып жаратылған соң оның бойында қуану, ренжу, қорқу сияқты сезімдер сөзсіз болады. «Қорыққан жоқпын»-деп айту өтірік болады. Біздің әрбір қадамымыз өлім мен өмірдің ортасында болды. Ең алғаш парашуттан секірер кезде қорықтым. Ондай самолет ішінде мауыздай екі адам отырады. Қорыққандарды қол аяғынан ұстап алып күштеп лақтырып жібереді. Өмір үшін өзің-ақ күресіп, қорқынышты жеңуіңе тура келеді.
Мен екінші рет парашутпен секіргенде межелі жерден сәл ауытқып, шіркеудің төбесіне қондым. Парашуттың жібі шіркеу төбесіндегі крестке ілініп, асылып қалдым. Бақытыма орай деревняда немістер жоқ болып шықты. Таңертең шоқынуға келгендер меннен қорқып, көктен түскен құдайдың елшісі санап шоқына бастады. Мен партизан екенімді айтып, айқайлап жатып зорға түсіндірген соң ғана олар мені босатып алды…
Батырдың оқушыларға айтқан осындай ерлікке толы әсерлі әңгімесінен Чапаев колхозының басшысы Қуат Асабаев (марқұм), партия ұйымының жетекшісі Құттыбай Есенбеков, ауылдық кеңестің төрағасы Жарқынбек Бейсенбеков (марқұм) бастаған топ Қасым Қайсеновты Берікқара аймағындағы табиғаты көркем жерге апарып дастарқан жайды.
Мұнда да партизан соқпақтары басып өткен шыншыл да шынайы қарапайым жауынгерлердің ерлігі туралы естеліктер онан әрі жалғасын тапты.Бабына келтіріліп дайындалған сырбаздан соң преферанс ойналды. Мұндай ойынның кейбір құрметті мейман үшін өтірік жеңілетін, жата беріс айласы болады. Батырдың қолы біраз «жүріп» ортадағы ақшаны ұтқан кезде ол балаша қуанып мәз болды. Батыр ата осы жолы өзімен бірге тастамай ылғи да алып жүретін қанжарын көрсетті. Неше уақыт өтсе де, жарқыраған жүзі сәуле шашқан қанжардың бүйірінде: «Батыр партизан Қасым Қайсеновке естелік. Колпаков. 1943 жыл» деген бедерлі жазуы жазылыпты. Ұзындығы 40 сантиметрдің шамасындағы қанжарды қызықтап бәріміз көріп шыққан соң, – Батыр: «Балалар, болды енді, қолдарыңды кесіп аласыңдар»,- деп алмас қанжарды қынына салып жасырып қойды. (Бұл естелік қазіргі Күреңбел ауылының тұрғыны, зейнеткер Құттыбай Есебеков қарияның аузынан жазып алдық). Бұл елінің еркесі, ержүрек батыры Қасым Қайсеновтың қасиетті Жуалы топырағына екінші рет аяқ басуы еді…
Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған халқымыздың біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсенов қаруын қаламға айырбастап, замандас ағалары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин сияқты жанқиярлық ерлікті суреттеген тамаша туындылар қалдырды.
Келер ұрпақтың келешегі үшін жауға қарсы қан кешулі өмірдің жолынан өткен батыр, әрі жазушы Қасым Қайсенов туралы жинақтаған деректеріміз міне осындай.
Атын жаттап, кітаптарын жастап өскен кейінгі ұрпақ оның «Партизан соқпақтары», «Жау тылындағы бала», «Ажал аузынан», «Переяслав партизандары» тағы басқа да шығармаларын жақсы біледі. Өз халқын, оның дәстүрін, тарихын, тілін, ділін жан-тәнімен сүйген, бар білім, қайрат-жігерін елінің өзі сенген игілікті болашағына жұмсаған Қасым Қайсеновтей қаһарман адамның біздің – Жуалы жерінде ізі қалғанын кейінгі ұрпақ біле жүргені абзал.

Таңдаулы материалдар

Close