Ádebıet

ҒАШЫҚ БОЛЫП ӨЛЕҢ ДЕГЕН «ПЕРІГЕ»…

«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан».

Адамзат баласының асыл болмысын, тіршілігінің мәнін, өнер-білімнің дүниеуәи маңызын тап баса білген қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы осылай толғайды. Әркімнің санасын мазалайтын дертпен тең таңдаулы пендесіне ғана бұйыратын сөз өнерінің құдіретін хакім Абай «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» деген бір-ақ ауыз сөзбен сипаттап берген.
Рәтбек Қасымбектегі әкесінен жастайынан айырылып, жалғыз анасымен бірге өмір талқысын көп көрген. Тағдырдың осы қатал сыны мен сынағы оның рухы биік мықты азамат болып қалыптасуына ықпал етіп, келешекте өлең әлеміне қанат қақтырғаны рас. Бастан өткерген теперіш бертінде ұлы мұратқа айналып, ақын бойынан өлең болып төгіледі.
Ақынды жақын танып-білу үшін оның өмірі мен еңбек жолына тереңірек үңілген жөн сияқты. Рәтбек Қасымбектегі 1956 жылы Жуалы ауданының Бақалы ауылында дүние есігін ашты. 1972 жылы Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепті бітірген.
Бала Рәтбек кейіннен өзі жазғандай өлең деген «періге» ықыласы ауып, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, түрлі тақырыпта қалам тербей бастады. Аудандық «Жаңа өмір», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде «Кім кінәлі?», «Өлген шымшық», «Қыз жылаған күн», «Ұлжан» және тағы басқа да тақырыптардағы шағын мақалалары мен өлеңдері жарық көрген.
Бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеу, жас ұрпақтың рухты болып өсуі жолына арнаған Рәкеңнің жыр шумақтарынан өмірдің нәзік иірімдерін байқауға болады.
Сыршыл ақынның қаламынан әр жылдары шыққан өлең шумақтары «Перзентімін анамның» (2009 ж.), «Туған жерім – жұмағым» (2012 ж.), «Шарпыды мені бір сезім…» (2013 ж.), «Нұрлы жұрттан келдім мен» (2015 ж.), «Абыройға лайық өмір сүр!» (2020 ж.) атты жыр жинақтарына арқау болған. Оның шығармашылығы туралы ақын-жазушылар – Мырзахан Ахмет, Марат Құлибаев, Нұржан Манасұлы және т.б. пікір жазған болатын.
Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған жалынды жастың ұстаздық жолы сонау 1976 жылы басталады. Әуелі аудандағы бірқатар мектептерде, содан кейін ұзақ жылдар Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді.
Саналы шәкірт тәрбиелей жүріп, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылды. Оқушыларының өнегелі азамат болып қалыптасып, өмірден өз орнын табуына аянбай тер төкті.
Сөйткен Рәкең 2019 жылы зейнет демалысына абыроймен шықты. Еліміздің білім беру саласына сіңірген көп жылғы еңбегі ескеріліп, Жуалы ауданы мен Жамбыл облысының Құрмет грамоталарымен, бірқатар Алғыс хаттармен мадақталды. Ең биік марапат – «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін иеленді. Ол өзі сүйіп оқитын аудандық, облыстық газет-журналдармен шығармашылық байланысын ешқашан үзген емес.
Қорыта айтқанда, ардагер ұстаздың өлеңдерінің жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол екені даусыз. Жақында ақынның «Есті ұрпаққа естелік» атты жаңа кітабы жарық көрді. Оған ақынның кейінгі жылдары жазған жаңа өлеңдері топтастырылған.

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close