Ádebıet
САТИРА ӨНЕРІНІҢ ТАРЛАНЫ
Сатира – жауынгер жанр. Сол сатира сарбаздарының қатарында жерлесіміз жазушы, журналист, сықақшы, сатирик Толымбек Әлімбекұлы да бар.
Күлдіре жүріп көп мәселенің шешім табуына түрткі болған Толымбек Әлімбекұлы сатираның сұр жебесін тартып, әр қадамын нық басып, 70 деген жастың жалынан сипады.
Жуалы жеріне атбасын бұрған белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлы өзінің туған жері Шақпақата ауылына табан тіреп оқушылармен кездесті.
“Жомарт түлек” жобасының аясында Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте “Сатира өнерінің тарланы” тақырыбында өткен шараға ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында сатирик Толымбек Әлімбекұлының шырмашылығымен таныстырылып, оқушылар өлеңдерін оқыды.
Жиында аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдиваитов пен Шақпақ ауылдық округінің әкімі Затыбек Пашенов құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне құрметпен шапан жапты.
Ауыл ақсақалдары да жерлестеріне ақ тілектерімен, ақ баталарын жаудырды.
Келесі кезекте мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып ән мен биден шашу шашты.
Жиын соңында оқушылар сатирикке көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып мәнді әрі нақты жауап алды.
Фариза АЙТБЕК,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы