Ádebıet

Шераға!

Құрметті достар!
Менің жандүниемде ғажайып өзгерістер болып жатыр. Теңіздей толқыған ойды сіздерге жеткізуге толымды сөз таппай отырмын.
Шіркін, өмір зымырап бара жатыр. Аялдауға еш уақыт жоқ. Мен де өмірмен бірге асығып барамын. Көмейімде тұрған айтар сөзім көп. Өмір – теңіз, халық – кеме. Сол халыққа Шерхан Мұртаза адал қызмет етті.
Жақында Шерхан Мұртазаның 1943 жылдан бері жазылған хаттары мен күнделігі табылды. Жазушының қоғам білмейтін өмірінен сыр шертіледі. Иә, ол кісінің басынан қаншама қиындық өтті. Өмірдің ащы дәмін анасының құрсағында жатқанда-ақ, татқан болар. Қызметтік мансабында «Қазақша бағдарламалар көбейіп кетті» деп сыналып, жұмысынан қудаланған кездері де болған. Әрине, осының барлығына қарамастан салы суға кетпей, өмір қиындықтарына қасқая қарсы тұра білді.
Шерхан Мұртаза қай салада да өзіндік орны, ұстанымы бар жан еді. Журналистика саласына Ахмет Байтұрсынұлынан кейінгі, екінші тыныс беріп, жаңа белеске көтерген тұлға. Ақ қағазы мен қаламын қолға алып, шындықтың шырақшысы болды. Ұлттық мінез қалыптастырды. Қазақ тілінде жүргізілген ең алғашқы бағдарламалар да сол кісінің мінезіне сай өткір мәселелерді ашық көтере білді.
Қаламгерлік жолында тынбай еңбек етті. Халық зиялысы, Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұлов жайлы кітап жазу, жазушыға оңайға соқпады. Жуалының боранындай қайсар мінезінің арқасында бес томдық кітабын жазып, оқырманына ұсынды. Қызыл Жебедей шауып ойнаған Тұрардың балалық кезінен бастап, өз ұлтының қамқоршысына айналған, ел тізгінін қолға алған образын көркем тілмен шебер суреттей білді.
Өмірді, жазатын тақырыбын жетік білмеген жазушының қаламынан жақсы шығарма тумайды. Жазушы құр біліммен де тың салада қалам тербеуі екіталай. Жазатын дүниеңнің алуан нақышты сипаты көзіңе айқын елестеп тұрғанда ғана қаламың өз жолын табады. Жазушы Шерхан Мұртазаның шығармасын оқысаң, сол заманның кейіпкеріндей боласың. Кейіпкермен қоса тебіреніп, жанарыңа жас үйіріледі. Шераға ауыл көрінісін, адамдардың шынайы келбетін көркем шығармаларына арқау етіп, оны адами және рухани суреттей алды. Тек шынның жүзімен жүріп, біздің тілімен шындықтың шырағын жаға білген суреткер де болды..
Халыққа рухани азық болған Шерхан Мұртазаның сепкен нәрі күннен-күнге арта берсін! Ізбасарларының тауы шағылмай, қаламы мұқалмай, еліміздің мерейін өсіріп жүре берейік!

Таңдаулы материалдар

Close