Ádebıet

МЕН АРМАНДАҒАН МАМАНДЫҚ

Адам өміріндегі ең маңызды екі таңдаудың барын білеміз: біріншісі – мамандық, екіншісі – жар таңдау.
Саналы адам мамандықты саналы түрде таңдауы қажет. Санаулы күндерден кейін үлкен өмірге жолдама аламын. Болашақта бізді үлкен асулар мен биік белестер күтіп тұр. Өзіміз, еліміздің игілігі үшін мамандық таңдаудан жаңылмауымыз керек. Мен армандаған мамандықтың түрі журналистика. Мамандық таңдау туралы шешімді көп ойланбадым. Себебі, бала кезімнен көркем сөзбен айналысып, қазақ тілі мен әдебиетін жақсы көрдім. Мектепте оқып жүргенде көптеген пікірсайыстарға қатысып, жүлделі орын алдым. Бүгінде арманыма жету жолын нақты қолға алып ізденіп, жаңашылдыққа бастап, өзімді-өзім дамытып келемін. Журналист болу үшін бойда жігер, жасқанбайтын батылдық қасиет болуы шарт. Бұл қасиеттердің барлығы менің бойымда бар деп айта аламын және таңдаған мамандығым өмірлік мәнге айналады деп үміттенемін.
Орыс ғалымы Н.Михалковский айтқандай: “Журналист қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды. Қоғам тірлігінің тамыры қиылса, журналистика да бітіп тынады”. Рас, бұл арпалыс пен айқасқа толы, буырқана бұлқынып, шарпысып жатқан сезімтал әлем болғандықтан, өте жауапты алаң. Көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын болғандықтан, қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік деп айтатыны содан. Журналист – халық пен қоғам арасындағы алтын көпір.
Қорытындылай келе айтарым, мен таңдаған мамандық балалық шағымнан алға қойған мақсатымның, қиялымды кеңге жайған аққанат арманымның нәтижесі. Болашақ бүгіннен басталады. Мен ұшқыр ойымды серік еткен өз ісінің шебер маманы болатыныма сенемін! Менің арманым журналистика саласына өзіндік дара жол салу.

Арслан МЕЙіРБЕКҰЛЫ,
№30 Көктөбе орта мектебінің
11-сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close