Ádebıet

МЫҢ БІР КҮН, МЫҢ БІР ТҮН

ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

Біздің әкей – Сұлтанбек атамның жалғыз баласы. Атамыздың жасы сол кезде жетпістен асқан. Құдайдан сұрап алған жалғыз ұлы болған соң жақсы көретін, одан тараған ұрпақ – бізді одан да жақсы көретін. Бетімізден емірене сүйген, маңдайымыздан аялап сипаған. Алдында талай отырғанбыз.
Атамыз екі әйел алған кісі. Біздің әкеміз бірінші әйелінен туған. Екінші әйелі жастау кісі, есімі Әпен еді. Одан бір қызы бар, аты Нәзипа болатын.
Атамыз да өз малы өзіне жететін, дәулетті кісі. Ауылы бөлек. Біздің үйде не болып, не қойғанынан бейхабар. Осындай жағдай болды деп жібере қоятын адамның жөні болмады ма, әлде өзім жеткізейін деді ме, әйтеуір шешем жаяу-жалпылап барады. Түрден түр жоқ, көз алды домбыққан. Қайғының қанын жұтып жеткенде алдынан тағы да тас болып атылатын жаманат хабардың шығарын қайдан білсін.
Көк түтіні көлбеңдеп, өз қызығы өзінде қыз-қыз қайнап жататын ауылда жалғыз үй – атамның үйі ғана қалыпты. Үйде кіші апамыз қызы екеуі отыр екен.
– Әтиім қайда? – дейді сәлем жасап кірген бетте.
– Сендер естіген жоқ па едіңдер? – дейді салы суға кетіп, жабырқап отырған енесі. – Шошақ бөріктілер әнебір күні алып кеткен.
– Не дейді?.. – деп шешеміз есеңгіреп, жылайын десе жылай алмай, өң-түсі қуқылданып, тұрған жеріне тізерлеп отыра кетеді.
Сөйтсе, шошақ бөріктілер бұл ауылға да келген. Аунап-қунап жатқан. Құдалыққа барғандай төрді бермеген, ішкен-жеген. Ертеңінде атамыздың қолын артына қайырып, байлап-матап атқа мінгестірген. Қарттығына, сақалының ақтығына қарамаған…
Атамыз орта бойлы, қызыл шырайлы кісі еді. Қарынды болатын. Ойымда қалғаны солай. Қатты дауыстап сөйлейтін. Сол кісіні алып кеткенін шешеміз барып білмесе, өз қайғымызға өзіміз бөгіп отыра бергендей екенбіз.
Шешеміз жылап-сықтап үйге келді. Ол кісіден қайда бардың, кімге бардың деп сұрайтын, қайғысына ортақтасатын кім бар? Біз – баламыз. «Аталарыңды да алып кетіпті» деді. Онсыз да қамкөңіл, онсыз да жасымыз тиылмай жүрген бейбақтар тағы да жыладық. Өзімізбен-өзіміз жыладық. Қой дейтін, басу айтатын кісі жоқ.
Дүниеде жалғыз жылаған жаман екен…

* * *
Екі-үш күннен кейін шешем әзірлеген оны-пұны тамағын алып жолға шықты.
Баратын жері – Шоқпар. Әуелі сонда соғып, біледі-ау деген елден сұрастырып, әйтеуір қалайда әкеммен жолығып, жүздесіп қайтпақшы. Қандай күйде? Тірі ме?.. Шошақ бөріктілердің қатын, бала-шағасының көзінше жасағаны анау… Сол көрініс көз алдына келді ме, шешеміз тағы да ащы жасын бір сығып алды. Біз де жыладық. Қалғымыз келмей, жыладық. Әкемізді бір көруге асық болып жыладық.
– Бейбақ болған балапандарым-ау, мені бір ерігіп барады дейсіңдер ме?.. Жол алыс. Әкелеріңнің қайда екенін өзім де білмеймін… Көрем бе, көрмеймін бе… – деп шешеміз бейшара бізді де қалдыруға қимай, қинала-қинала жолға шықты.
Үш бала үйде қалдық. Сол кезде ағам Әлиакпар небары он бірде. Ішіміздегі естиярымыз – сол. «Үйге абай болыңдар, ашығып қалмаңдар, ананы өйт, мынаны бүйт» деген секілді ескерту сөздерін шешем соған арнап айтқан.
Сөйтіп, бір-ақ күнде біз әкесіз жетімнің күйіне түстік. Әкеміздін соңынан жолға шыққан шешеміз де мұңға батырып, сары уайымға салып ол кетті. Әкемізді қайдан табады? Жолыға ма, жолықпай ма? Қашан келеді? Ертерек оралса екен… деп ойымыз алаң. Дәл қазір келіп қалатын сияқты елеңдеп, Шоқпар жақтың жолына сүзіле, үзіле қараймыз. Киіз үйдің есігінен шешемізді ұзатып салған соқпақ жол айқын көрінеді. Мүмкін, басқа жақтан жетіп келер ме екен деп қайта-қайта сыртқа шығып, жан-жаққа көз саламыз. Жоқ, ол кісі көрінбейді. Сонымен түс ауады, қараңғылық үйіріледі – келмейді; түннің бір уағына дейін ұйқтай алмай елегізіп жатамыз. Түн қорқынышқа толы. Есік алдында ұзақ түн көз ілмейтін Қоймас пен Таймас әредік-әредік кезектесе үріп қояды. «Біз бармыз, қорықпаңдар» дейтін сияқты. Соның өзінде ойымыз онға бөлініп, елегзиміз, қорқамыз. Үшеуміз бүрісіп, көрпе астында бір-бірімізге тығыла түсеміз. Тезірек ұйықтап кетсек дейміз. Бірақ көзіміз ілінбейді. Әкенің аялы алақаны, шешенің ыстық құшағына үйренген бейбақ емеспіз бе, ойламайық десек те ол екеуін есімізден шығара алмаймыз. Ұйықтап кеткеніміз бір кезде түсімізден шошып оянамыз. Әкемізге қосып шешемізді де ұрып-соғып, шашынан сүйрелей әкетіп бара жататын секілді. Кілең қорқынышты түс, үрейлі елес.
«Әке, әке!» – деп Әлғапар інім жылап шығады.
«Шеше, шеше!» – деп мен жылаумен болдым…
«Әлғапар, Әлғапар, қорықпа… жылама, жылама», – деп шешеміз секілді Әлиакпар алақанымен аялай арқасынан қағады.
Киіз үйдің алдында жатқан екі иттің еріншектене «әуп-әуп» деп үрген даусы естіледі. Артынша дүние тынши қалады. Тып-тымық түн. Құлаққа шегірткенің шырылы ғана жетеді.
Елегізіп, шошып оянған ағайынды үшеуміз ұйлығысып, бір-бірімізге одан бетер тығыла түсеміз. Ойымызда – шешеміз бен әкеміз. Олар да ұйықтай алмай жатыр ма екен? Қандай халде?.. Шешем жүздесе алды ма?.. Енді қашан оралады?..
Сонымен сарыла күткен таң себезгілеп атады, шешеміз келмейді.
Күн ұясына кіреді, шешеміз тағы да келмейді.
«Шешем қашан келеді?» – деп жылайды Әлғапар…
Сөйтсек, ол кісінің кешігетін де жөні бар екен. Шоқпарға барғаннан кейін, біледі-ау деген әркім-әркімдерден сұрастыра жүріп, әкемізді Новотройцкіге әкеткенін естиді. Ол – аудан орталығы. Түрме сонда екен. Шешем сұрастырып жүріп, оған да барады. Барса, алдында шашын жалбыратып өсірген ұзын бойлы біреу тұр. Басында шошақ бөркі бар. Қазақтар оны тараншы дейді екен. Аздап қазақша сөйлейтін болу керек. Басына іс түсіп, мүсәпір халде жүрген қазақтар оның аз-аздап болса да қазақша білгеніне мәз. Бірақ бөксесіне тапанша ілген тараншыңыз ешкімге пысқырмайды. Таяп кеткен қазағыңды тепкілейді, таяғымен ұрады, жуытпайды. Елді мал көреді, ешкімді аямайды. Дегенмен менің шешем пысық, кісімен тіл табысқыш адам еді. Әйтеуір тарпаң мінез тараншының қойнына пұлын тығып жіберді ме екен, әкемізге деп арнап апарған тамағын бергізуге және өзін оңаша жолықтыруға жағдай жасапты.
Кейін Новотройцкіде тұрған кезімізде шешем: «Ана жерде «Ардом» болған» деп жүретін. «Арыстанский дом» дегені шығар, шамасы. Менің тұрғызған үйім соның бергі жағында, таяу жерде еді. Сол кезде аты өшкір жаман үйдің орны жататын…
«Ардомға» апарып атамызды тыққан екен. Ол кісінің үстіне әкемізді апарған. Баласын көрген кезде атамыз екі иығы селк-селк етіп, еңкілдеп жылапты. Құшағын босатпай, мауқын баса алмай ұзақ тұрса керек. Сонда тараншы аузына келген боқтығын сапырып, айқайлайды, жекіп ұрсады. Соған қарамай атамыз сақалынан жасын тамшылата жылап тұрып: «Сенен бір уыс топырақ бұйырмайды ғой деп едім, Құдайдың мұнысына шүкір, енді өлсем де – сенің жаныңда өлсем екен… Өлмей шықпаймын ғой мына тас қамалдан… Не істейін, қайтейін, тағдырымыз осылай болған шығар, балам… Бәрінен де саған обал болды-ау!.. Көрер қызығың көп еді… Балаларың жас еді… Қошақандарым сенсіз қор болатын болды-ау!.. – депті. – Не бүлдіріп қойып ек, не жазып едік мына өкіметке? Қылдай қиянатым жоқ момақан бір пенде едім, өлесі шағымда тірідей қорлайтын нендей күнәм бар еді, балам-ау, айтсайшы сен, айтсайшы?!»
Әкем де бір мүсәпір, міскін халде емес пе, не десін? Айтар сөзі жоқ, екі иығы дес бермей селкілдеп, қанды жасын тамшылата ағызып, үнсіз жылапты. Аз ғана уақыттың ішінде қампайған қарнынан айырылып, қу сүйек болып қалған кәрі әкесінің біресе қабырғасы ырсиған арқасынан, біресе әппақ қудай болған басынан сипап, жылаған. Дүниеде адамды жазалаудың, түсінік, тәрбие жұмысын жүргізудің тәсілі көп. Бірақ мынадай үлгіні ұшырату, ақтап алу мүмкін бе? Кімді қарғайсың, кімді кінәлайсың? Қолың көтерілмейді, тілің сөйлемейді. Дәрмен жоқ. Осылай жігері құм болған әкем де Сұлтанбек атамыздың басын кеудесіне қойып, иегін сүйеген күйі: «Не дейін, әке, не дейін?.. Тәңірінің жазуы осылай болған шығар», – депті.
– Екеуі осылай көз жастарын бұлап, құшақ айырыса алмай қанша тұрарын Құдай білсін, жыландай ысқырынған тараншының айқайы болмаса, – дейтін еді шешем. – «Уақыт болды! Жетеді осы тұрғандарың! Давай, тездетіңдер!» деп атамның ырсиған иығынан жұлқылап, әкемнің кеудесінен ары итеріп, құшақтарын күштеп ажыратты.
Әруағыңнан айналайын атам содан кейін ғана келініне жүзін бұрып, немерелерінің, кемпірі мен қызының аман-есендігін сұрапты.
«Кұдайдың сендей келін бергеніне де шүкір. Аллаға қазір алса да разымын, Зейнетай айналайын, – депті Сұлтанбек атам өксік аралас сөзін үзіп-үзіп. – Бұған дейін мен сені әйел есебіне санамаушы едім, сөйтсем қателесіппін, танымаған екенмін, қарағым. Сен нағыз жігіт екенсің… Сенің әкең Төлепберген би болған адам, елдің арасында беделді еді. Сен тура әкеңнің өзіне тартыпсың. Тілім тасқа, алтыным, сенен тараған балалар аман болса, түбі біздің тұқымымызды өсірер. Қор болмай, зор бол! Бала-шағаңның қызық-қуанышын көр, айналайын. Шыда, көрмегенді көрдің ғой, естімегенді естідің. Әлі де талай құқай күтіп тұр. Сағың сынбасын, шырағым», – деп атам көз жасына тағы да ерік беріпті…
Содан бір жұма өтпей-ақ біздің атамыз Новотройцкінің түрмесінде – «Ардомда» қайтыс болады.

* * *
Мың жерден жазалы болып түрмеде отырса да, өлімнін аты – өлім. Сұлтанбек атамыздың қайтыс болғанын әкемізге естіртеді. Қалай естірткенін білмейміз. Алайда ақырғы парызына мұрсат бергеніне де тәубе дейміз. Әйтпесе қаншама арыстарымыз түрмеде шіріді, тайгада іздеусіз қалды. Соларға қай бауыры, болмаса ұл-қыздарынан топырақ бұйырыпты…
Әйтеуір естігеніміз: әкеміз атамызды ақырғы сапарға өз қолымен аттандырған. Мұсылманшылықтың рәсімі бойынша ақ жуып, арулап көмген. Ең ауыр сәтте қолұшын берген алыстан жуысатын туыстарымыз екен.
Сол кезде Новотройцкіде Алматыға барып оқу бітіріп, қызметке келген Сүттібай деген жігіт болыпты. Әлгі, алыстан жуысатын туыс деп отырғаным сол ағамыз. Оның білім алуына әкеміздің септігі тиіпті. Бірақ қандай оқу бітіргенінен бейхабармын. Дегенмен өзін көрдім. Орысша киініп, шашын өсіріп, сыланып жүретін тапал бойлы, дембелше қара жігіт еді. Қызметке келісімен үй алыпты. Сүттібайдың Салмақты деген шешесі бар болатын. Өзі түрмеде отырған әкеміз қайда барады, кімге барады? Дүкеннен сатып ала қоятын ақшасы тағы жоқ. Не істеймін, әкемді қалай жерлеймін деп таусылып, жабығып, күйзеліп отырған әкеме Салмақты апамыз басындағы шаршысын беріпті.
Бала болсам да есімде, Шудың күншығыс жағында көп мүрделер болатын. Қазақ зираты. Атамның денесін сонда қойыпты. Кебінге Салмақты апамыздың әдемілеп жуып берген шаршысын пайдаланған екен. Мен мұны сол кісінің өз аузынан естідім.
Әр кездескен сайын:
– Әй, Әлжапар, мен сенің атаңа басымдағы шаршымды шешіп бергенмін, – дейтін еді…

«ЖАУ» БОЛДЫҚ…

Әкемізді әкеткен күннен айналамызда тату-тәтті өмір сүріп, күйбең тіршілігімен айналысып жүрген ағайынның бізге деген пікірі кілт өзгерді.
Біз аяқ астынан «жау» болып шыға келдік.
Саясат солай. Оның айтуы бойынша әкеміз халықты өмір бойы «қанаған». Атамыз да «арамтамақ». Олардың қоралап қой, табындап сиыр ұстауы бекер емес, «бәрі елдің есесін еншілеп, еңбегін жеумен жиналған байлық».
Бізді қойшы, «арамтамағы» не, «кісі еңбегін қанаған», «елдің есесін еншілеп, еңбегін жеумен жиналғаны» не, ондай қай сөздің байыбына барыппыз, баламыз. Үш баламен тағдырдың таяғын жеп жападан-жалғыз қалған анамызға ауыр тиді. Десе де бізді тапқан шешеміз намысқой, жігерлі жан екен, соққының қандайына да шыдады. Тосыннан түскен ауыртпалыққа, шымбайға бататын жала сөзге төзе алмай морт кеткен туыстарымыз да ұшырасты. Солардың бірі – әкемнің немере інісі, есімі Қойбағар еді. Сол кездері сексеуіл жинауға жұмыскерлер алыпты. Қойбағар ағамызды соған жібереді. Шудың арғы бетіне, елу-алпыс шақырым құм арасына барып сексеуіл жинайды. Бүгінде ол жақты Мойынқұм ауданы дейді. Бұрын Көктерек ауданы болатын.
Ол уақыттағы сексеуілдер бүгінгідей емес, ірі-ірі болушы еді. Жүз жыл жасаған, иен құмның арасында еркін өскен, сондықтан үлкен-үлкен. Сексеуілдің беріктігі сондай, оған балта да, ара да өтпейді. Оны темірмен емес, өзіне өзін ұрып сындырасың. Қойбағар ағамыз қара жұмыста жүріп, қатты ауырып Үшқызылға келді. Аяқастынан жабысқан қандай кесел екенін білмеймін, әйтеуір бір жұмаға жетер-жетпес төсек тартып, көз жұмды.
Дәметкен деген апамыз да біздің үйге жиі келіп-кетіп жүретін кісі еді. Сұлтанбек атамыздың бір бауырының кемпірі. Сол уақытта жетпістерде болар. Екі көзі тостағандай, сұлу жаратылған адам еді. Әкемізді керемет жақсы көретін. «Балам» дейтін. Шошақ бөріктілердің көрсеткен қорлығы қабырғасына қатты батты. Ұрып-соғып, күшке салып атқа мінгізгенін, қолының артына қайырылған, байлаулы күйінде аузы-мұрны жоқ қапас вагонға қамап, белгісіз бір жаққа алып кеткенін естігенде дода-додасы шықты. Даусы қандай ащы, сөздері қандай зілмауыр еді. «Балам-ай, жарығым-ай! Жаның қиналды-ау!.. Көкешім-ай, енді мен кімге иек артам, кімге сенем?.. Сені әкеткенше, неге мені алмады? – деп дауыс салды. – «Апатай» дейтін кім қалды? Кім менің соғымымды сойып, ұнымды түсіріп береді? Отынымды кім жарады? Жарылқайтын кім қалды енді? Қандай өмір, қандай қызық қалды, қалқам-ай?.. Ендігі өмір не керек маған? Құдай, бүйткенше мені-ақ ала салғаның жақсы болар…»
Расында, апамыздың тілегі орындалды. Әкеміздің қайғысы жаралы көңілі мен жарымжан жүрегінің лүпілін тежеді. Қарсы тұрар қайраты қалмады. Ол кісіні де, Қойбағар ағамыз секілді, араға бір жұма салып Шыңғыс атамыздың қасына апарып қойдық.
Шыны керек, кейде оқыған нәрсем, естігендерім ұмытылып қалады. Ал әлгі оқиғалар тасқа басылған сияқты: көз алдымда, ойымда, тіпті адамдардың даусына дейін құлағымда. Біз апамыздың денесін түйеге артып, отыз-қырық шақырым жердегі ата-бабаларымыздың қорымына апарған едік…
Міне, сөйтіп қайғы үстіне қайғы қосылды, жамандыққа жамандық жамалды.
Тағдырдан пенде оза алмас,
Мен де соның бірімін, – деген екен аштықты, алапатты көрген, бірақ аман өткен ғалым, жазушы Қапан Қамбарұлы Қандөзи. Біз де соның бірі едік. Құты қашқан, жылуы жоғалған Үшқызылда көп отырмаппыз. «Тозған жұртта тоқтау жоқ» деп, кетуге мәжбүр болыппыз.
Сондағы жағдайымыз жеңілдене ме, шырайымыз кіре ме деп барған жеріміз – Шоқпар станциясы.
Біз Шоқпарда да тұрақтай алмадық. Өйткені көзге шыққан сүйелдей көріп түртпектеген елдің сөзі, жәбір-жапасы шыдатпады. «Қой, бүйткен елі бар болсын!» деп түйіншектерімізді көтеріп, әнебір күні ғана келместей, көрместей болып аттанған Үшқызылға қайта оралдық.
Үшқызылда үш үйіміз қалған. Үшеуінің де туырлығы жабық, есіктері ашық еді. Сол қалпында тұр екен, көзімізге оттай басылды.
Біз кеткенде ол жерде иттен басқа ештеңе қалмаған.
Сол бір қиямет күндеріміз есіне түскен сайын шешем байғұс:
«Адамның итке де жаны ашиды екен. Итті де аяйды екенсің…», – деп күрсіне әңгімелеп отыратын еді.
Біз Үшқызылдағы үйімізді қимай, екі көзіміз боталап, жүрегіміз егіліп кетіп бара жатқанымызда, иттеріміз біршама жерге дейін ілесіп келген. Шешемізді алдыға салып, соңынан өзіміз еріп жүре бергенбіз. Сол кезде біресе алға озып, біресе қатарласып келе жатқан иттеріміз бірте-бірте қалыңқырай бастаған. Қыр басына шыққаннан кейін соңымызға бұрылып қарасақ, екі ит екі жерде шоқиып, «сендер қайда бара жатырсыңдар?» дегендей, құлақтарын тіктеп, көз алмай қарап отыр екен. Соны көрген кездегі шешеміздің солқылдап жылағаны-ай…
Иә,Талғатжан, ит екеш ит те өзі үйренген жерді, кіндік қаны тамған топырақты қимайды… қимайды екен… Ал, біз адам емес пе едік?..
Құданың құдыретін айтсайшы, қалай сезгенін, әлде күн сайын біз кеткен жаққа қарайлап жүрді ме, кім білсін, әйтеуір Шоқпардан қайтып бара жатқанымызда иттеріміз баяғы шығарып салған қыр басында құйрықтарын бұлғаңдатып қарсы алды.
«Апырмай, тамақ беріп өзім өсірген иттердің бізді көргеніне қуанып, еркелегенін көргенде, шыдай алмай жылап жібердім ғой, – деп отырушы еді қайран шешем. – Ит екеш иттің де адамға жаны ашиды екен. Бауыр басқан иесін, тамақ беріп, асыраған кісісін аңсайды екен…»
Сексенге қадам басқан шағымда ойлаймын, ойлаймын да жауабын таба алмай қиналамын: сонда өзіміз көріп жүрген, аралас-құралас болып жүрген адамдар бізге не үшін өшікті екен? Соншалықты жауығатындай біз нені бүлдірдік? Оң-солын танымаған, ненің не екенін білмейтін сары ауыз балапан емес пе едік? Кімнің ала жібін аттадық?..
Біреуді біреу өлтірейін десе, я басқадай қастық жасаса, онда кінәлі кісіні жазаласа жарасар еді. Ондайдың бірі жоқ. Тектен-текке кісі баласын зәбірлеу деген… шыны керек, әлі күнге дейін менің миыма қонбайды. Бұл қандай саясат? – деймін.
Құдайдың көзі көреген. Жапа шеккенді заматында жарылқай қоймағанымен, түбі жаман қылмайды. Ал, қиянатшыл адамның аты оза қоймайды, оны Құдай жазалайды. «Момынның есебін қу толтырады, қудың есебін Құдай толтырады» деген сөз жайдан-жай айтылды деймісің!
Бізге кісәпірлік жасағандардың, әкемізді алып кетіп, өзімізді қаңғыртып қойғандардың ішіндегі мен білетіндерден артында тұяқ қалды ма, қалмады ма, ол жағын анық айта алмаймын. Бар болса, ертеректе ұзатылған қыздарынан тарағандар ғана шығар. Өз кіндіктерін жалғастыратын ұлдар қалмады-ау. Олар ашаршылықта, қалғаны соғыста опат болды, оралмады…
Міне – қысастықтың ақыры, қиянаттың түйіні.
Оған дейін көп жылдар бар еді. Алдымызда біз айналып өте алмайтын ауыртпалық, азап пен жанкешті өмір соқпақтары тізбектеліп келетін күндеріміз бен жылжып жететін жылдарымыздың тасасында жатқан…
Қысқасы, жұрттың бізге деген пейілі тарылған. Жанымызды жегідей жеген жабырқау тіршілік арқа сүйер азаматынан айырылған анамыздың арқасына аяздай батады. Қайтсем осыларды көзтүрткі қылмай өсіремін, айналадағы атажаудай анталаған кейбіреулердің мазағына қалмаймын деп ол кісі бізді қанатының астына алып Қырғызстанға көшіпті.

ҚЫРЫҚ ЖЕТІНШІ КҮН

Арып-ашып, ауыр жолдың азабын артқа тастап бір ауылға жақындағанымыз есімде.
Тоқтаған жеріміз – айдалада қаңырап қалған жалғыз үй. Әйтеуір бір қырғыздың үйі. Шешеміз бізді сонда тастап, өзі бір-бір жарым шақырым жердегі селоға қарай кетті. Діңкесі құрып, шаршап келгеніне де қарамады. Бізге талғажау боларлық бірдеңе тауып келу үшін кеткен шығар дедік.
Қанша шаршап-шалдықтық дегенімізбен ойын баласы емеспіз бе, жата бермей сыртқа шығып, айнала төңірекке көз салдық. Біз кірген үй, әсте қойшының үйі болу керек. Сыртының сылағы кеткен, қожыр-қожыр үй әйтеуір. Кішкене терезесі бар, есігі бүтін: ашылып, жабылады.
Күннің әбден ысыған кезі. Мезгіл маусымның аяғы, әлде шілденің басы. Шыжыған күннің аптабына шыдамай торғайлар да көлеңке іздейтін болу керек, біздің сыртқа шыққанымызды күткендей, топ-тобымен үйге кіре бастады. Шымшық-торғайлар ғой, тарыға тыныштық бермейтіндіктен, оны біздің жақта жауторғай немесе жаушымшық дейтін. Шиық-шиық етіп кіріп жатыр, кіріп жатыр.
Қайдан ойына келгенін, Әлиакпар жүгіріп барып есікті сыртынан жаба қойды. Күллі торғай ішінде қалды. Бір қауіптің төнгенін сезген болу керек, лап беріп терезеге ұмтылды. Шыныға тарс-тарс соқтығысып, қанаттарын сабалап, шығатын саңылау іздеп, ұйлығысып пыр-пырлады да қалды.
– Әй, бері келіңдер! Мұнда келіңдер! – деп бұйыра дауыстады Әлиакпар. – Қазір ішке кіріп, бәрін ұстаймыз.
Ағам есікті ашты. Ғафу үшеуміз кіреміз дегенімізше екі-үш шымшық ұшып шығып кетті. Одан қалғанының өзі көп еді. Есікті іштен бекітіп алдық та, ал кеп қуаладық. Ажалды бейшаралар жарыққа қарай ұмтылады. Бірден сыртқа шыққысы келіп терезе шынысына тұмсықтарымен соғылып, жанұшыра тыпырлап жақтаудан жақтауға тығылады.
Біз шетінен шап беріп ұстап аламыз да, мойындарын жұлып лақтыра береміз, лақтыра береміз…
Үйде қамалған торғайдан торғай қалдырмай қырып, сыртқа шыққанымызда шешей де келді. Барған жағынан нан алып келіпті. Оны әдемілеп орамалына орап, қолтығына қысып алған. Сонда мен бірінші рет шошқаның майын көрдім. Бір килодай болып қалар. Одан басқа әкелген пияз, картобы бар. Өзі жоқта қан-жоса қылып қырып тастаған торғайларымызды көріп: «Мыналарың не? – деді. Артынша: – Ой, айналайын балапандарым!» деп қуанып кетті. Шешеміздің неге қуанғанын содан соң білдік. Ол кісі дереу шылаушынға су құйып, пешке от жағып, қайнаған кезде тырайып-тырайып жатқан торғайлардың бәрін ішіне салды. Қол тисе болды, қайнаған суға жидіген жүндері өз-өзінен сыдырылып түсе береді екен. Біз де шешемізге жәрдемдестік. Ол кісі ішін жарып, тазарта бастады.
Өзіміз әрең жүргенде, көтеріп әкелетін қазан қайдан болсын. Әлгі шылаушынға қайтадан су толтырып, торғай еттерін сонда салдық. Мен осы жасыма дейін татпаған дәмім қалмады десем, асылық болар. Қазы-қарта, жал-жаяның тәттілігінде сөз жоқ. Әйтседе біздің сондағы асып жеген торғай етінің дәмі… әй-әй, айта алмаймын, оның тәттілігін жеткізуге сөзім жетпейді!.. Әсіресе сорпасын айтсайшы! Соншалықты тәтті. Ойыма алсам, тіпті күні бүгінге дейін дәмі аузымда тұрғандай сілекейім ағып, тамсана беремін…
Қытайлықтардың торғайдан торғай қоймай қуалап, ұрып алатынын теледидардан көрдік. Сөйтсек, олардың соншалықты жауығуы тегін емес…
Ал, біз шымшықты қырамыз деген жоқпыз. Күнде кіріп, ыстықтан қорғалана тығылып жүрген үйге өздері кірді. Дәл сол жолы ашыққан бізге Құдайдың арнайы жіберген несібесі секілді болды. Сорпасын ішіп, етін жеп, әжептәуір әлденіп алдық. Анамыздың әкелген оны-пұны тамағын келер күнге қалдырдық.

* * *
Біз ауылдан жырақ тұрған сол үйді бір айдай паналадық.
Балалар үйде қаламыз.
Шешеміз жұмысқа асыққандай күн сайын ертелетіп үйден шығады, кештетіп қайтады. Құр келмейді, бірдеңе-бірдеңелерін ала келеді.
Сол күндерден тағы бір есімде қалғаны: шешей арқасына бірдеңені жауып, киіп алатын. Онысы көйлегінің сыртында. «Бұл не?» деп сұрамаппыз. Сөйтсек, ол кісінің өзімен бірге арқалап, тастамай жүретіні – ақша, сол кездегі өкіметтің ақшасы екен. Әкеміздің базарға мал айдап барған сайын әкелетін ақшасы. Содан жиналған. Өзі жалпақ-жалпақ сары қағаз болатын. Бөлек, әдемі бір исі бар. Мен мұндағыға дейін біреуін сақтап жүретін едім, жоғалтып алдым.
Не керек, шешеміз бұны қашанғы арқалап жүремін, құтылайын деді ме екен, бір орысқа көрсетіпті. Орыс ұн, жүгері беретін болыпты. Біз оны білмейміз. Үйге бір кіріп, бір шығып жүрген едік.
– Әлжапар, ана жаққа қарашы, арбамен біреулер келе жатыр, – деген Ғафудың даусы оқыс естілді.
Айтқан жағына қарасам, шынында, селодан шыққан ат арба біз тұрған үйді бетке ұстап келе жатыр. Ағайынды үшеуміз үпір-шүпір болып, бірте-бірте таяй түскен үстіндегілерге көзімізді қадаймыз. Біз мұнда жатқалы ат ізін салған кісі жоқ, бұл кім екен дейміз ғой, баяғы.
– Ойбай, орыс қой! – деп шошына үн қатты Әлиакпар.
Орыс дегенді бұрын көрмегенбіз. Атынан қорқамыз.
Сондада анықтап көріп алайықшы деп қадала көз тіктік.
– Артында бір әйел отыр, – деді тағы да Әлиакпар. – Әйел… Шешемізше ұқсайды…
– Қой, басқа әйел шығар. Біздің шешемізді кім арбасына мінгізе қойсын?
– Жоқ, өзің жөндеп қарашы…
– Шынында да, біздің шешеміз. Арбамен келе жатыр… Қарашы, дәл өзі, біздің шешеміз арбамен келе жатыр! – деп, қуанғаннан даусым қатты шығып кетті.
Барар жер, басар тауымыз қалмай – Үшқызылдан кеткен, одан Шоқпарға барып байыз таба алмаған, ағайынның қаңқу сөзі мен шаншу сөзіне шыдамай Үшқызылға тағы барып, тағы да теперіш көріп, көзге күйік болып, қырғыз еліне ауып келгенде кім бізді құрметтей қойсын?! Біз кімбіз? Мұнда ешкімді танымаймыз. Қошеметтейтін құда, жекжатымыз бар дейсің бе?! Шешеміздің арбаға мініп келуі мүмкін емес деп, әуелі қорқа қарап, артынан қайран қалып тұрғанымызда орыстың арбасы дәл есіктің алдына келіп бір-ақ тоқтады.
Орыс арбасынан қарғып түсіп, екі қолымен екі қапшықты көтеріп үйге кірді. Оған ілесіп шешем де кірді. Біз артынан ілестік.
Үйге енгеннен соң шешей үстінен бір тастамайтын нәрсесін шешті. Апыл-ғұпыл тігісін сөге бастады. Сонда ғана біз оның ішінде ақша бар екенін білдік. 250, 300, 500 сомдық қағаз ақшалар. Құдай біледі, орыстың сатқан ұны мен жүгерісі үшін алған ақшасы жүз мың сомнан кем емес. Қымбатқа алып қойдық па, әлде өз бағасы солай ма, ол жағына мән бермеппіз. Әйтеуір ұн алдық, жүгеріміз бар. Соған көңіліміз тоқ еді.
Шешеміз үнемі ертеңгі күнді ойлап жүретін кісі. Бар екен деп бықпырата бермей, ұнның жартысынан астамын жалпақтау қалтаға салып, аузын буып, баяғыдай арқасына таңып, тастамай алып жүретін болды. Қалған ұнды да үнемдеп пайдаланды. Көз ұшындағы селоға барып, күнделікті әкелетін азын-аулақ картобы, наны бар, әйтеуір қинала қоймадық.
Бірақ, неге кеткенімізді білмеймін, арада бір ай шамасы өткенде шешеміз: «Ертең басқа жаққа кетеміз», – деді.
Әкенің де парызын, шешенің де міндетін мойнына жүктеп, мойымай жүрген сол кісі: қайда апарады – өзі біледі.
Сонымен, ертеңінде буыншақ-түйіншектерімізді алып, анамыздың сонынан ілесіп, жолға шықтық.
Күн жаз. Қайда жатам, қайда түнеймін дейтін емес. Жүріп-жүріп келіп жеткен жерімізде тыныштау, ыңғайлы бұрыш болса, жантайып жата кетеміз, таң атырамыз. Жолда кезіккен ауылдағы үйлерге барып нан сұраймыз. Айран берсе – айранын, талқан берсе талқанын аламыз. Қолға тиген тамақпен жүрек жалғап жүре бердік, ілгерілей бердік…
Алайда талай шақырымдарды артқа тастап тоқтаған Тоқмақтағы жағдайымыз онша болмады. Күн суытып кетті. Тамақтан да тарыға бастадық. Шешемізге ілесіп біз де қайыр тілеуге көштік.
Ақ қар, көк мұз. Шұнаңдаған қыстың нақ өзі. Бұндайда аш адам тоңғақ келеді. Інім Ғафу екеуміз, кейде ағайынды үшеуміз бүрсең-бүрсең етіп үй-үйді адақтаймыз. Орыс селолары бақуат. Әйелдері болсын, кемпір-шалдары болсын аяйды, дастарханынан алып шыққанын қолымызға ұстатады.
Бесін ауа қайыр сұрап жүріп тапқан азын-аулақ тамағымызды көтеріп үйге ораламыз. Дорбамыз тоқтау болса, табалдырықтан көңілді аттаймыз. Ал, кейде күні бойы көше кезіп, сенделіп, әр үйдің қақпасын қағып, итін абалатып, құр қайтамыз. Ондайда сүйретіліп, үйге әрең жетеміз. Ішіміз итше ұлып шығады. Қыстың ұзақ та суық түні, тіпті ұзара түскендей, әбден сарылтып барып әрең атады.
Айнала жарықтана шешем дорбасын көтеріп бір жаққа, біз бір жаққа қайыр тілеуге кетеміз…

ЖЕТПІС СЕГІЗІНШІ КҮН НЕМЕСЕ ҚАРТАЙҒАНДА КІРГЕН АҚЫЛ

Әр үйдің берген бірді-екілі картобын суға қайнатып, жарық барда пісіріп жеп алайық деп шешем қазан-ошақтың қасында жүрген. Сырттан «Кім бар?» деген тосын дауыс естілді. Бәріміз елең ете қалдық.
– Кім екен, көріп келіңдерші, – деді ол кісі ошақтың отын көсеген күйі.
Үшеуміз бірдей орнымыздан атып тұрып, жарысып сыртқа шықсақ, өзіміз бұрын көрмеген бір кісі есік алдында тұр. Түр-түсі жылы көрінді. «Ассалаумалейкүмімізді» айтып, бірімізден кейін біріміз қолымызды ұсындық.
– Ой, айналайындар, кімнің баласысыңдар? – деді әлгі кісі.
– Мұстафаның, – дедім мен.
– Мұстафаның, – деді Әлғапар мен Әлиакпар да.
Сол-ақ екен, біз танымайтын кісі қолындағы қапшығын тастай салып, шетімізден құшақтап, айналып-үйіріліп бетімізден сүйді.
– Шешелерің үйде ме? – деді даусы дірілдеп. Ол кісінің кемсеңдеген үні мен толқыған түрінен-ақ бөтен адам еместігін сезіп, жүрегіміз жылып сала берді.
Шешеміз қазан-ошақтың маңында жүргенімен, құлағы біз жақта болу керек, шыдай алмай өзі де келе жатыр екен. Бұрыннан білетін, жақсы танитын адамды көргенде қандай күйде болсын? Елді сағынған, жерді сағынған, қиналған, күйзелген… жетімдік пен жесірліктің тақсыретін тартқан мынадай жағдайда оңай ма, еңіреп жылап жіберді. Состиып-состиып қарап тұрдық, ана кісінің де көзінен тарам-тарам жас ақты.
– Шырақтарым-ай… Жарықтарым-ай, сендерді де көретін күн бар екен-ау!.. Әйтеуір, тірі екенсіңдер-ау!.. – дейді. Дейді де жылайды. Ер адамның, егде адамның еңкілдеп, солқылдап жылағаны қалай ауыр еді. Оған шешеміздің даусы қосылды. Оларға біз қосылдық. Ботадай боздадық. Бірақ жылауымыз тез басылды. Ал келген кісі мен шешеміздің айдауда кеткен әкемізді ауызға алып, ажалынан үш күн бұрын көз жұмған атамыздың атын айтып жылаған даусы, Құдай біледі дейін, кемінде бір сағатқа созылған шығар…
– Арманда кеткен ағатайым-ай! – деп жылайды әлгі кісі. – Әкемдей болған ағатайым-ай! Жығылғанда тұрғызған ағатайым-ай, қандай күйде екенсің? Қайда жүр екенсің? – деп жылайды. Оған іштегі зарын, қыстыққан жасын шығара алмай арманда жүрген шешем қапталдаса қосылады. Жәй жыламайды, жоқтап жылайды.
Ағыл-тегіл жас анамыздың иегінен тарам-тарам болып тамшылайды…
Дәл сондай тарам-тарам жас үлкен кісінің де бетін жуып, сақалынан сорғалайды… «Бұл не қылған жас, не деген таусылмайтын көз жасы? Қайдан шығып жатыр? Неге бітпейді?..» дейміз ғой. Қасіреттің жасы көл-көсір екенін, ащы екенін, ауыр екенін есейе келе ұға түстік қой. Ол уақытта ұға қоятындай жаста емес едік…
Сол кісі біздің үйде бір жұмадай жатты. Оның кім екенін, бізге қандай тумалық қатысы бар екенін білу үшін кейінірек, осы Алматыда тұрғанда шешемнен сұрадым. Сонда шешем жарықтық: «Бұл жылан жылы болған оқиға еді», – деп бастаған әңгімесін.
Иә, жылан жылы болған оқиға. Ол уақытта бүгінгідей теледидар, радио жоқ. Ауылдың ақсақал, қарасақалдарының кешке қарай, мал келетін кезде қыр басына шығып алып, дөңгелене отырып әңгіме-дүкен құратын әдеті бар емес пе. Біздің әкелеріміз тоғызқұмалақ ойнайтын. Мен оны сол уақытта-ақ білетінмін. Жандарында жүріп үйренген едім.
Міне, сондай кешқұрымғы сәттің бірінде алыстан қарайып көрінген бір адам жүріп келе жатып құлайды, тұрады да қайта жүреді, одан тағы да құлайды. Жайдан-жай кісі құлай ма? Бұл тегін болмады деп әкем белдеуде байлаулы тұрған атына міне салып, жетіп барса, әбден ашыққан бір балаң жігіт дейді; әлсіреген, жүре алмайды. Әкей әлгі жігіттің қолтығынан демей көтеріп, атына мінгестіріп үйге әкеледі, тамақтандырады, әлдендіреді. Содан кейін ол бізге өз үйіндей бауыр басады. Әкей де туған інісіндей көріп, қамқорлық жасайды. Кейін ер жеткенде үйлі-жайлы етіп, еліне көшіріп салады. Туған жері Мойынқұм жақта. Және өзінің бізге бөтендігі жоқ сияқты. Шешеміздің шыққан руынан. Сол кісі әкейдің мал-мүлкі тәркіленіп, өзі айдауда кеткенін, шешейдің қырғыз жерінде тентіреп жүргенін сұрастырып білген; содан шыдай алмай бізді әдейілеп іздеп жолға шыққан…
Басымызға қайғының қара бұлты үйірілгенде, сонау шалғайдан ат арытып арнайы іздеп тапқан ағамыздың аты-жөнін шешемнен сұрап алмағаныма әлі күнге өкінемін. Кезінде жастық қылдық, мән бермедік. Бертінде шешемізді өлмейтіндей көрдік. Мұндай-мұндайға өте мұқият болу керектігін енді ғана, аяғымыз үзеңгіге іліккенде ғана түсініп отырмыз ғой.
Егер аты-жөнін білсем, қазір де іздеп барар едім. Бала-шағасын көрер едім. Немере-шөбересіне аталарының қиямет-қайымдай көрінген сол бір сұрқай заманда жанашырлық жасаған жақсы ісін жыр етіп айтар едім… Ол кісі зар жылап, запыран құсып жүрген бізге туған жерді көшіріп келгендей әсер етті. Бір пұттай жүгері әкелген еді.
Ашаршылықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кете ме? Сол ағамыз әкелген жүгерінің бәрін шешеміз жақсылап қуырып, талқан қылды. Жартысын жедік; жартысын баяғысынша қапқа салып, жатса – жастанып, күндіз арқасынан тастамай арқалап жүретін болды.
Бәрі біз үшін ғой…

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close