Ádebıet
Алаштың сөнбес жұлдызы
«Кітап – қазына» жобасы Күреңбел және Қоңыртөбе ауылдық кітапханаларында жалғасын тауып, Алаш қайраткері, көрнекті жазушы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына орай «Алаштың сөнбес жұлдызы – Жүсіпбек Аймауытов» атты әдеби панорама өтті. Кеш барысында жазушы Ж.Аймауытовтың өмірбаянын №21 Дмитрий Пахомов атындағы орта мектептің оқушысы Тамила Магамадова таныстырып, Кәусар Ордабек «Жазушыларға» өлеңін, Айжан Қадірәлі «Көшу» өлеңін, Медина Құндыбай «Ұран» өлеңін, бұрын жарияланбаған Ж.Аймауытовтың «Тез өлмен» өлеңін Даниал Қамбар, Санжар Асқар, Айбек Манатбек мәнерлеп оқып берді.
№21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Сейітбекова, 10 сынып оқушысы Гүлдана Бейсенбек Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек монологын образға кіріп орындады. 10 сынып оқушысы Аида Тұрсын өз қаламынан шыққан «Жүсіпбекке арнауын» мәнерлеп оқып берді. №10 Күреңбел орта мектебінің оқушылары Айдана Құттыбай «Неғып жатыр дүние» өлеңін, Аяулым Қуатбек «Елес» әңгімесінен үзінді, Нұршат Әбзелбек Ж.Аймауытовтың «Психология» кітабындағы пікірлерге тоқталды. Кітапхана оқырманы Әбдірахман Қабылбек «Ерке сылқым» күйін күмберлете шертті. Ал, «Айару» би тобы «Өзбек» биін және «Қызғалдақ» би тобы «Қазақ» биін мың бұрала биледі.
Қоңыртөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы К.Айтбаева «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы» атты кітап көрмесіне шолу жасап, оқырмандарды кітап оқуға шақырды. «Қазақтың таң жұлдызы» әдістемелік құрал, «Қазақтың ұлы перзенті» библиографиялық көрсеткіш, «Жарық жұлдызды Жүсіпбек» ауызша журнал, «Жүсіпбек Аймауытов – 135 жыл» атты ақпараттық-жарнамалық флайерді таныстырды.
Іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындары кітапхана қызметкерлері дайындаған кітап инсталляциясын тамашалады.
Аида Шәкір,
аудандық орталық
кітапхананың қызметкері