Ádebıet
Тұлға Талғаттың туған ауылына тағзымы
жерлестері жазушыға ат мінгізіп, сый-құрмет көрсетті
Қасиетті Жуалы топырағы талай-талай тұлғалы азаматтар мен ақын-жазушыларға алтын бесік болған құт дарыған қасиетті өлке. Қайраткерлігі һәм қаламгерлігімен елге танылған, белгілі қаламгер, публицист-жазушы, қоғам қайраткері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Талғат Айтбайұлының мерейлі 70 жасқа толуына орай жазушының кіндік қаны тамған туған ауылы – Қошқарата ауылында «Елінің мақтанышы!» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті.
Жазушы ең алдымен ауылдың орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым жасады.
Т.Айтбайұлы келесі кезекте өзі оқып, білім алған №9 Абай атындағы орта мектепте шәкірттермен кездесіп, сондағы ауыл тарихы мен ауылдан шыққан азаматтардың өнегелі өмір жолдарына арнап ашылған «Туған өлке тарихы» музейінің жабдықталып, қайта ашылуына қатысып, ұстаздарға және оқушы жастарға ізгі тілектерін арнап, шәкірттер тарапынан қойылған сұрақтарға қызықты етіп жауап берді.
-Барлығымыз балалық шақтан келгенбіз. Менің де жазушы, ел адамы болуыма туған ауылым Қошқарата ауылының тигізген әсері мол. Қасиетті өлкенің бауырында өстік. Бала кездегі болған бір оқиға әлі есімде. Бір күні ауыл маңындағы сайда ауыл балаларымен ойнап жүргенмін. Ол кезде ауылда орыс ұлтының өкілдері көп тұратын. Содан бізбен құралыптас бір орыс бала маған тиісе бастады. Мен де қарап қалмаймын. Қалтамда үнемі кішкентай қара бәкі жүретін. Соны ала салып, ана балаға қайрат көрсетіп, пышақты ауаға бір-екі рет осып-осып жібердім. Сөйтсем, бәкі бағанағы орыс баланың бетіне тиіп кете жаздаған екен. Өстіп тұрғанда орыс баланың әкесі келіп қалмасы бар ма?!
Әңгіме осымен тамам болған сияқты еді. Қыркүйекте жаңа оқу жылы келіп, алғашқы сабақ та басталды. Оқу кабинетінде алаңсыз отырғанбыз. Сабаққа орыс баланың әкесі кіріп келмесі бар ма? Көп оқушының ішінен бір баланы іздейтін сияқты. «Мен ол баланы білемін, түрін де жақсы танимын. Жаңылыспасам, ол осы класта оқуы керек» деді. Ол кезде баламын, бойым қайбір ұзын дейсің. Арт жақтағы партада отырмын, алдыңғы оқушыдан бойым да көрінбейді. Бір кезде басымды көтергенім сол еді, әлгі кісі: «Міне, осы бала, менің ұлыма тиіскен» деді. Бұл оқиға әкемнің де құлағына жетіпті. Әкем онда колхозда темір ұстаханасында балғашы болып жұмыс істейтін. Қатты қапаланды. Сонда әкем: «Бұл бәкі саған адам өлтіру үшін керек емес, тұрмысқа қажет!» деп, енді мұндай «бұзықтық» жасауға болмайтынын қатты ескертті. Кейіннен осы оқиға «Қара бәкі» атты әңгіменің дүниеге келуіне себепші болды. Иә, ешкім періште емес. Бала кезде барлығы болады. Бірақ болған істен сабақ алып, адам өз-өзін дер кезінде түзетуі қажет.
Айналайын, балаларым, жас ұрпақ! Сіздердің ешқашан бұзықтық жасамай, сабақтарыңды жақсы оқып, тәрбиелі, тәртіпті азаматтар болып өсіп, қалыптасуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Қазір білім мен ғылымның заманы. Білім алыңдар, сонда ғана көздеген мақсаттарыңа жетесіңдер,- деді жазушы Талғат Айтбайұлы.
Талай дарын мен таланттарды түлетіп, тәлім берген Қошқарата ауылындағы қасиетті қара шаңырақ – №9 Абай атындағы орта мектепте жабдықталған «Туған өлке тарихы» музейі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында ашылған болатын. Ауылдың 1954 жылы туған азаматтары, ауыл мектебін 1971 жылы бітірген түлектердің демеушілігімен жабдықталған музейдің ашылуына бастамашы болған да жазушы Талғат Айтбайұлы болатын.
Музейде осынау «қара шаңыраққа» қатысты құнды дүниелер, оның ішінде, жазба деректер, мектептің құрылу тарихы, онда еңбек еткен ардагер ұстаздар жайлы ақпараттар, фотоқұжаттар, түлектер мен ұстаздардың авторлық кітаптары, газет тігінділері, т.б. ауыл өміріне қатысты дүниелер қойылған. Тақтада ардагер ұстаздар мен түлектердің (оның ішінде әр салада қызмет істеп жүрген танымал түлектер бар) суреттері мен еңбек жолдары, шығармашылықтары көрініс тапқан. Айта кету керек, мұнда ауылдың түлегі, жазушы Т.Айтбайұлы құрастырған «Желтоқсан жаңғырығы» атты көптомдық кітапқа орын берілген. Бүгінде аталған кітаптың 12 томы жарық көрген.
Айта кету кеерк, «Жомарт түлек» жобасының аясында іске асырылған бұл игілікті істің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор
Аз ғана үзілістен кейін жазушы Т.Айтбайұлының 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар ауылдық мәдениет үйінде «Елінің мақтанышы» атты әдеби-сазды кешпен жалғасын тапты. Оған оқырмандар және ауыл жұртшылығы, жазушының қаламдас достары және Желтоқсан ардагерлері қатысты.
Кештің ашылуында құттықтау сөз сөйлеген «АМАNAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Марат Нарымбеков, туған ауылында шығармашылық кешін өткізіп отырған жазушыны мерейлі жасымен құттықтап, туған ауылдың топырағынан күш-қуат алуға, шығармашылық шабытының тасқындай беруіне тілектестік білдіріп, Талғат Айтбайұлының қоғам мен ел дамуына қосып отырған елеулі үлесін ерекше атап өтті.
Кеш тізгінін қолына алған республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты, осы жолдардың авторы Нұржан Манасұлы мерейтой иесімен сыр-сұқбат құрды.
Мерейтой иесі публицист-жазушы, «Қазақстанның Құрметті жазушысы», қоғам қайраткері Талғат Айтбайұлы, шығармашылық ізденіс жолында қандай дүниелер жазып, қандай кітаптар шығарғанын, еңбек жолын, Алматы қаласындағы әдеби орта, Жазушылар Одағының атқаратын қызметі, сонымен қатар, қоғамдық қызметінен де кеңінен әңгімелеп, оқырмандармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Әдеби-сазды кештің барысында ақын-публицист, Абай атындағы пединституттың «Абай университеті» газетінің редакторы Болат Шарахымбай, Шымкент қаласынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі, зейнеткер Сабыр Сәбеков, Тараз және Шымкент қалаларынан «Желтоқсан» ұйымының басшылары сөз сөйлеп, игі тілектерімен бірге, мерейтой иесіне сый-сияпат жасады.
Туған ауылға перзенттік тілегін арнап келген жазушы, қоғам қайраткері Талғат Айтбайұлына Қошқарата ауылдық округінің әкімі Мейіржан Телеушов ауыл жұртшылығының атынан ізгі тілек білдірумен бірге, мерейтой иесіне қазақи дәстүрмен иығына зерлі шапан жапты. Ауыл азаматтары жазушыға ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»