Ádebıet
“Алдымызда ағалар бар аймаңдай”
Қаламгер ағалардың мерейтойы – қазақ әдебиетінің және руханияттың тойы
Жұлдызы биік Жуалы талай тұғыры биік тұлғаларды түлеткен қасиетті өлке.
Биыл бірқатар жуалылық ақын, жазушы, журналист, генерал ағаларымыз мерейлі жасқа толып, туған жерінде мерейтойларын атап өтті. Тұғыры биік тұлғалар құрмет-қошеметтен кенде емес. Алайда туып-өскен туған жерінің, туған елінің ыстық ықыласы мен сый-құрметінің орны бөлек.
Өткен жұма күні ауданда төрт бірдей ғұмыры ғибратты тұлғалардың мерейтойы аталып өтті. Атап айтқанда, жазушы, журналист, кинодокументалист Доқтырхан Тұрлыбектің 75 жасы, сатирик Толымбек Әлімбекұлының, жазушы-журналист Талғат Сүйінбайұлының, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлының 70 жас мерейтойына арналған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Таңертең аудан әкімі Жалғас Мұртаза мерейтой иелерін Ардагерлер үйінде қарсы алып, шағын кездесу өткізді.
Кездесуде қонақтар шәй үстінде игі тілектерін білдіріп, пікір алмасты.
“Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін, дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап” деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, қаламгерлер тебіреніп, туған жерге деген сағыныштарын жеткізіп, іс-шараны ұйымдастырған барша жерлестеріне алғыс білдірді.
Әрі қарай іс-шара мерейтой иелерінің туған ауылдарында жалғасты.
Тағылымды шара түстен кейін аудандық “Достық” мәдениет үйінде қорытындыланды.
Мәдениет үйінің фойесінде қонақтар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындаған “Қаламы жүйрік жерлестер” тақырыбындағы көрмемен танысты.
“Алдымызда ағалар бар аймаңдай” атты кеш нар тұлға ағалар туралы түсірілген бейнекөрсетіліммен басталды.
Мерейтой иелері сахна төріне жерлестерінің құрмет-қошеметімен шақырылды.
Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевқа берілді.
Лесбек Құралбайұлы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың құттықтау хатын оқып, мерейтой иелеріне құрметпен табыстап, қазақы дәстүрмен шапан жауып, басына бөрік кигізді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы да игі тілегін білдіріп, құттықтау хаты мен сый-сияпаттарын тапсырды.
Кештің әдеби бөлігін “Жаңабаевтар” халықтық – отбасылық ансамблінің жетекшісі Нұржан Жаңабаев жүргізді.
Гүлнар Қашкееваның орындауындағы “Қара шаңырақ” әнінен кейін жүргізуші кеш иелерімен сырлы сұхбат жүргізді.
Қаламы қарымды қаламгерлер атақ-даңқ, заман мен уақыт, өмірлік ұстаным, ұрпақ тәрбиесі туралы сұрақтарға жауап берді. Мәдениет үйінің қызметкерлері қаламгерлердің шығармаларынан үзінді оқыды.
Қаламгерлер жаңа кітаптарын аудандық кітапханаға тарту етті.
Талғат Айтбайұлының “Айтар ойым болған соң…” атты жаңа кітабының тұсауын ауданның қадірменді қариясы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері, ұлағатты ұстаз Әбілқасым Ергебеков кесіп, ақ батасын берді.
Ал, Талғат Сүйінбайдың кітабының тұсау кесу рәсімін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жасады.
Мектеп оқушылары мерейтой иелеріне арнаған арнау өлеңдерін оқыды.
Кездесу қырғыз әні “Жолыққан қандай жақсы” әнімен қорытындыланды.
Жерлестеріміз, жазушы-журналист, сатирик ағаларымыздың тойы – қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының тойы. Тағылымды шара барысында қаламгерлер туған елінің, жерінің ыстық ықыласына бөленіп, тебіреніп, мерейі өссе, жерлестері, жас ұрпақ үлгі тұтар ағалардың еңбек жолы мен шығармашылығынан ғибрат алды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»