Ádebıet

Мамыр шуағы

Анашымның мейіріміндей дауалы,
Мамыр келсе, нұрға бөлер даланы.
Қара бұлттың қабырғасын сөгілтіп,
Нөсерлетіп жылы жаңбыр жауады.

Жұпар иісін бұрқыратып гүлімен,
Жамыраған қозылардың үнімен.
Мамыр келсе қызғалдақтар ән шырқап,
Жапырақтар би билейді түнімен.

Мамыр келсе жалын атып жанары,
Жазар дәйім жүректегі жараны.
Ұйықтап жатқан сезімдерді оятып,
Шақырады махаббаттың аралы.

Бұлақ күліп, тау қуанып қарайды,
Бақыт тілеп таң да атады арайлы.
Достық, бірлік шапағаты мамырда,
Күннің ыстық сәулесімен тарайды.

Желбіретіп бейбітшілік байрағын,
Жырға бөлеп туған жердің аймағын.
Мамыр келсе мерекелер түрлі ұлт,
Ынтымақтың уыздай бал қаймағын!…

Ел боламыз терең кеткен тамыры,
Өркендеген қаласы мен ауылы.
Тәуелсіздік аспанында ән салшы,
Табиғаттың мамыражай мамыры!

Шырын МАМАСЕРІКОВА,
ақын, Меркі ауданының
Құрметті азаматы.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close