Ádebıet

Тәуелсіз елімнің келбеті

Отанымның осы күнгі келбетіне ризамын! Себебі аз ғана уақыт ішінде қарыштап дами алды. Ел басына қаншама қиыншылық түсті. Соның барлығын еңсере білді.
Тәуелсіздік – ұлы сөз. Бабалардың аңсаған арманы – бостандық болды. Оған оңай қол жеткізгеніміз жоқ. Ол аспаннан түскен сый емес. Талай оттан, асқар таудан асып жеткен бағалы құндылығымыз. Дәл сол құндылықты дұрыс бағалай білуіміз керек. Себебі, біз жеткіншектер, егемендіктің бізге қалай жеткенін көзбен көрмесек те, тарихтан оқып білдік, ой түйдік.
Жүрегім әрқашан қазақ деп соғады. Өйткені қазақтың топырағында кіндік қаным тамып, шыр етіп дүниеге келдім. Осында білім нәрімен сусындап, ұстаздарымнан үлгі-өнеге алып отырмын. Сөзіме дәлел ретінде аудандық «Тіл – парасат» байқауына қатысып, қазақ тіліне, еліме деген зор ықыласымды білдіргенімді келтіре аламын.
Биыл – ел Тәуелсіздігінің 33 жылдығы. Бұл еліміздің шоқтығы биік мерекесі болмақ. Талай тағдырдың өткелінен сүрінбей өтіп, ерен еңбектің арқасында арқамызды кеңге салдық. Мерекені 16 желтоқсанда дүркіретіп атап өтеміз. Желтоқсанның ызғары ешқашан ұмытылмайды. Қаншама қандастарымыз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Айта кететін болсақ, Тұрар Рысқұловтың айтқан ақырғы сөзі жастардың күш-жігерін көтеріп, батыр бабамыз ел, жер болашағы үшін өз өмірін қиды. Жалындаған сөздері жастардың жүрегіне жылу сыйлады. Дәл осындай патриотизм қазақстандық азаматтардың бойында бар.
Тәуелсіздік – Тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік байлығы. Біз бүгінге дейінгі жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің негізінде жеттік. Мен тәуелсіз елдің ұрпағымын. Зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқаныма бақыттымын. Ешбір қиыншылықты басымнан өткермесем де, жүрегіммен сезінемін. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – бірлік пен Тәуелсіздіктің нәтижесі.
Болашақта еліміз бәсекеге барынша қабілетті 30 мемлекеттің қатарынан орын алатынына ел тұрғындары күмәнсіз сенеді. Алға серпіліс жасау үшін барлық қоғамдық ресурстарды топтастыру мен жұмылдыруға тура келетіні сөзсіз. Әркез еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақ елі жайнай берсін. Керегеміз кең, тереземіз тең болсын!

Кәусар ОРДАБЕК,
№21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.
Қоңыртөбе ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close