Ádebıet
ЖАЗУШЫ ОҚЫРМАНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Жазушы, кинодокументалист және журналист ретінде Доқтырхан Тұрлыбектің есімі республика жұртшылығына кеңінен танымал. Өзінің шығармашылық еңбек жолын аудандық «Жаңа өмір» газетінен бастаған қаламгер бүгінгі таңда Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясында Бас директор болып қызмет атқарады. Белгілі қаламгер жетекшілік ететін шығармашылық ұжым түркітілдес туысқан халықтардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы мен тарихи тұлғалары туралы деректі фильмдер түсіріп, айтарлықтай табыстарға жетіп жүр.
Қаламгер Доқтырхан Тұрлыбек отызға жуық деректі фильмнің авторы, әрі режиссері. Белгілі қаламгер ретінде онға жуық прозалық, сатиралық және ғылыми-танымдық жинақтардың авторы. Шығармалары орыс, ағылшын тілдеріне аударылған жазушы Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Бүкілдүниежүзілік «Алтын сафран» кинофестивалінің жеңімпазы. Ол сондай-ақ, Санкт-Петербургтегі Халықаралық психология Академиясының академигі, республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет» Рухани жаңғыру газетінің алқа мүшесі.
Жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының Бас директоры, жерлесіміз Доқтырхан Тұрлыбек «Жомарт түлек» жобасының аясында Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте ұстаздармен және оқушылармен кездесті.
«Ғұмыры ғибратты тұлға» тақырыбындағы кездесу жазушының шығармашылығы және өнегелі өмір жолына арналды. Кездесу барысында қаламгер оқушылармен сұхбат құрып, авторлық кітаптары мен бейнефильмдерін мектепке табыс етті. Оқушылар да өз кезегінде жазушыға сұрақ қойып, кездесудің мәнін аша түсті.
Кездесу кешінде аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы Сейітхан Жұмашев, ардагер журналист Ақылжан Мамыт, облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Марат Құлибаев сөз сөйлеп, жазушыға шығармашылық табыс тіледі.
Сондай-ақ, жазушының ұстазы, ардагер Рысбек Қазақбаев, Құнанбай Нартаев, Балтабай Жаманбаев және Сағындық Тоқбергенов сөз сөйлеп жазушыға ұзақ ғұмыр тілеп, ақ тілектерін жаудырды.
Кездесуден кейін Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған монументке гүл шоқтарын қойып, кездесу одан ары қарай ауылдық мәдениет үйінде жалғасты.
Кездесудің шымылдығы «Аға» әнімен түріліп, одан әрі қарай өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Алғашқы құттықтау сөз ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы мен Қарасаз ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Ермахан Қойлыбаевқа берілді. Олар жерлес қаламгерге ізгі тілектерін жеткізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Ал, ауыл тұрғындары мерейтой иесіне ат мінгізді.
Режиссердің «Тағдырыма ризамын!» атты деректі фильміне кезек берілді.
Жазушымен кездесуге ауылдық округ әкімінің аппараты мен тұрғындар тыңғылықты дайындық жасаған. Қаламгер туған жеріне келіп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, өзіне құрмет көрсеткен жерлестеріне алғысын білдірді.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»