Ádebıet
Ана жайында
Иегіне жас жармасқан кездер өтті,
Нәресте нар көтерер кезге жетті.
Есейіп, ескеретін ес болғанмен,
Құшағыңда өмір сүру өзгерек-ті.
Көзімді ашып көргелі жарығымды,
Суарып әлі жүрсің тамырымды.
Халіңді бір сұрамай пенделікпен,
Қорқамын кеш білуден қадіріңді.
Біз қуансақ, ортақтасып күлетін-ді,
Қажетінде қабағын да түйе білді.
Ұл мен қызың өзгеден кем болмасын деп,
Жүрсің бе әлі сырқыратып сүйегіңді?!
Ана деген ұлы атқа сен лайықсың,
Кеткенде, көзден ұзап талмай күттің.
Кейде көріп, жүзіңнен байқағаным,
Жастығыңды уақыт ұрлап, сарғайыпсың.
Тілегім бар Жаратқанға айтар бекем,
Бүршік атқан жемісің жайқалса екен.
Перзенттерің сен төккен мейірімнің,
Бір тамшысын болса да қайтарса екен.
Рашид Кемелбек,
Қоңыртөбе ауылының тұрғыны