Ádebıet
«Тұлғаларға тұғыр берген қаламгер»
атты әдеби-сазды кездесу
Жуалы өңірінде талай жайсаң дүние есігін ашып, қазақ көркемсөзінің көсегесін көргетуге атсалысқан жандар көп.
Солардың бірі жазушы-журналист Талғат Сүйінбай. Ол «Шөбі шүйгін, суы бал» аталған, батырларды, жазушылар мен ақындарды дүниеге әкелген құтты мекен, генерал Т.Дүйсебайұлы ауылында дүниеге келген, яғни генералдың ұрпағы.
Талғат Сүйінбай мектепте оқып жүргенде-ақ жазуға деген құлшынысы ерекше болған. Қаламгердің жазған шағын мақалалары сол кездің өзінде газет беттерінде жарияланып тұрған.
Жазушы-журналист Талғат Сүйінбай Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын «Екпінді еңбек» (қазіргі – «Атамекен») газетінде корректор, тілші, жауапты хатшы болып бастап, зейнетке шыққанға дейін дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Алматы бөлімшесінің жетекшісі қызметтерін атқарған.
№28 Амангелді атындағы орта мектептің акт залында мерейтой иесіне арналған оқушылармен кездесу өткізілді. Мектеп оқушылары мен ұстаздары өз ауылдарының төл перзенті, жазушы-журналистке бар қошеметтерін көрсетуде. Іс-шара соңында оқушылар жазушы-журналистке сұрақтар қойып, оған тұщымды жауаптарын алды.
Мерейтой иесі мен келген қонақтар Т.Дүйсебайұлы ауылына кіреберістегі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Әрі қарай іс-шара ауылдық клубта жалғасты. Клубтың алдыңғы алаңында «Елдіктің, ерліктің мекені – Жуалы» кітап көрмесі, Талғат Сүйінбайұлына арналған стенд, «Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров» тарихи-ғұмырнамалық эссесінің макеті қойылған. Кіреберіс фойеде «Қолөнер – асыл қазына» қолөнер үйірмесінің заттарынан көрме жасалған.
КСРО Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистикасының қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Талғат Сүйінбайға арналған кездесу кеші «Тұлғаларға тұғыр берген қаламгер» деп аталды.
Мерейтой иесінің сынып жетекшісі, ауыл ақсақалы Лесбай Назарбаев шәкіртіне ақ тілегін жеткізіп, ақ батасын берді.
Әрі қарай сөз кезегі ауданнан арнайы келген қонақтарға және сыныптастарына берілді.
Жазушы-журналист өзінің мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шара үшін жерлестеріне алғысын айтты. Іс-шара соңында жерлестері мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»