Ádebıet
Жанғазы би – өз заманының әділ биі әрі айтулы тұлғасы
Адам тани білетін, болар баланы отты көзінен тани білетін, кемеңгер де көреген бабаларымыз қай замандарда да болған. Сол кемеңгер мен көрегендер «көзінің оты бар, жүрегінің түгі бар, ой санасы мен сөз сарасы сәйкес келетін ел дегенде өбектейтін, елді алға жетектейтін әділ сөзімен әлдіні тоқтататын, елге бір әділ би керек деп» таңдау жасаған екен. Таңдау 13 жасар Нәрестеліұлы Жанғазыға түскен екен. Сөйтіп, Жанғазы он үш жасында би болған. Осылай ел ақсақалдары баталарын беріп, қолына биліктің белгісі қамшысын ұстатып, оны атқа мінгізіп би сайлаған. Өз заманының әділ де әділетті биі, айтуклы тұлғалы болған Жанғазы Нәрестеліұлы 1883 жылы туып, 1932 жылы дүниеден өткен.
Үлкеннің айтқанын ұғынып, әділдікке жүгініп, қия баспай, әділ сөз турасын айтып ел көзіне көріне бастаған. Ол замандарда Сиқым бабадан тараған Асан ата ұрпақтары Қаратаудың күнгейі мен теріскейін қыс қыстау, жаз жайлау еткен. Күнгейде Қызылсу, Иірсуды және Қаратау Көсегенің көк жонын, Асан сай, Ақтасты әулие, Ханқожаны жайлаған.
Жанғазы би Қаратай және Темеш аталарды үнемі жанына жақын ұстап, бірге көшіп-қонып жүрген. Бұл кісілердің жасы атаммен қатар. Менің әкем Сауатбек пен Қаратайұлы Балқыбек екеуі Қызылсуда бір күнде дүниеге келген. Жанғазы би небір түйіні шешілмейтін, шешуі қиын дауларда «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» әділ билік айтып отырған. Ол кісінің елге, ағайынға, көмек сұрағандарға жасаған қайырымды істері аз болмаған. Қандай да бір дау-дамай болсын, оған әділ билік айтып, ақыл-парасатқа салып, төрелігін тура айтқанда, араздасқан екі тарап та ризашылықпен тарасқан деседі. Мен атамды көрген жоқпын, апам Тасбикенің көзін көріп, тәрбиесін көрдім. Апам айтқандарын құлақпен тыңдатып, жүрекпен ұғындыра білетін кемеңгер ісі еді.
Ел болған соң тентегі мен телісі, еркесі мен серкесі әрине болған. Күсеп баласында Нұрсейіт деген бай, Нұртай деген ақсақ аталар болған дейді. Екеуі де шатақ кісілер екен. Жиын-той, тамашаларда екеуі ылғи шатақ шығарып елді ұятқа қалдырып жүретін көрінеді. Арызданып көрші ауылдың адамдары Жанғазыға келіп шағымданып: «Мына екі тентегіңізді тыйыңыз, әйтпесе өзіміз сазайын тартқызамыз» дейді. Сонда би баба оларды шақырып алып көптің көзінше өз шешімін айтқанда, оған ешкім қарсы сөз айтпаған.
Тасбике – атамның үшінші әйелі. «Күндестік деген біздің арамызда болған емес» деп айтып отыратын жарықтық. Үлкен апамыз Күләш, ортаншы апамыз Кішкене, үшіншісі Тасбике. Үшеуі де Шымырдан тараған рулардың қызы болған. Күләштан Иса, Мұса атты екі бала болған. Кішкенеден Қанымкүл атты қыз. Бұл кісі Билікөлде Байжұман деген кісінің әйелі еді, ол кісіден ұрпақтар бар.
Тасбикеден Тұрсынбек, Сауатбек, Орман, Жібек деген ұл-қыздары болған. Тасбике апамның айтуынша, үшеуінен барлығы 15 бала тараған. Ашаршылық, қуғын-сүргін жылдары аман қалғаны – үшеу. Олар – Тұрсынбек, Сауатбек (менің әкем) және Қанымкүл.
Жанғазы бидің әділдігімен қатар, ешкімнің ала жібін аттамайтын адалдығы, тазалығы және бес уақыт намазын үзбейтін тақуалығымен бірге өте күшті қамшыгер болған. Қара сөздің хас шебері, шешендігі, шайырлығын ел танып өз ағайыны ғана емес өзгелер де мойындаған. Құдайдың сүйген құлы деп бастарын иетінін Тасбике апам айтып отыратын.
Мұның бір дәлелі, ол тұста әр рудың билері жылына бір рет Ташкентте өтетін құрылтайға барып тұрған. Сондай бір сапардан қайтарда үш рудың билері (Қаңлы, Құлбайымбет және Асан) жолда кездескен бір үйге ат басын бұрып түнеуге тоқтайды. Үй иесі жас жігіт пен әйелі екеуі ғана екен. Әйелі екеуі үш биді құрақ ұшып қарсы алып, барын алдарына қояды. Үйдің іші-сырты мұнтаздай таза, жасауы келіскен екен. Баланың бесігі, ойыншықтар көзге ерекше көрінеді, бірақ жас бала көрінбейді. Қайтар кез келіп жолға шығарда үй иесі: «Отау құрғанымызға біраз уақыт болды, бірақ бала сүю бақытына ие бола алмай жүрміз, бізге баталарыңызды беріп кетіңіздерші» деп сұранады.
Сонда Жанғазы би үзеңгіге сала берген аяғын тартып алып, жанындағы серіктеріне былай депті. «Үшеуміз үш рулы елдің биіміз, дәулетсіз де емеспіз, ұрпақсыз да емеспіз. Мына екі жастың ұрпақты болуы үшін үшеуміз бір-бір перзентімізді Аллаға қияйық, осыған келісесіңдер ме?» дейді. Екі би де тегін адамдар емес әрине, ақыл-парасатты кісілер болған. Үшеуі жаңа сөзге тоқталып, келісіп баталарын беріп аттанып кетеді.
Ол кезде құрылтайға барып қайтуға бір ай көлемінде уақыт кетеді екен. Содан елге келсе, алыс жолдан келді деп алдарынан шығып қарсы алған ешкімді де көрмейді. Сонда Жанғазы би серіктеріне қарап, «Құдай біздің шын ниетімізді қабыл алған екен, өтінішіміз қабыл болыпты, өкінбейік» депті. Аттан түсіп мән-жайды білсе, үшеуінің де бір-бір баласы шетінеп кеткен екен. Алла тағала шын ниетімізді қабыл алыпты жылап-сықтауды тоқтатыңдар деп әйелдерге басу айтыпты. Ел не болғанын түсінбейді. Сонда сапарлас болып бірге барып қайтқан Темеш, Қаратай аталар мән-жайды елге түсіндіріп, болған жағдайды айтып берген екен. «Құдайдың сүйген құлының тілегі осылай қабыл болады» депті Қаратай атамыз.
Осылай өтіп жатқан мамыражай күндерге де көлеңке түсе бастайды. Себебі жаңадан Кеңес өкіметі орнайды. «Кеудесі соқыр, санасы саяз» шолақ белсенділердің заманы келеді. Сондай күндердің бірінде Ақтасты әулие төңірегінде отырған Жанғазы бидің есігінің алдына бір топ қызыл әскер мен ауылдың шолақ белсенділері сау етіп жетіп келеді. «Еліңді Қытайға өтуге үгіттеп жүр екенсің, бай-кулаксың, теріс пиғылды адамсың» деп оны ұстап әкетеді. Мініп жүрген торы айғырын белсенділердің бірі алып кетеді. Ауыл жаппай кәмпескеленеді. Тасбике апам ертеңіне торы айғырдың артынан белсендінің үйіне барып болған жағдайды әкесіне айтады. Сонда ол кісі баласына былай депті «тақымыңа сай келетін атты мін, сен торы айғырға сай емессің» деп атты қайтарыпты. Бірақ бір апта өтпей қызыл әскер тағы келіп атты алып кетеді, сол кеткеннен мол кетеді. Жанғазы биді апарып Әулиеата түрмесіне қамайды. Ол қазіргі Тараздағы «СИ-13» түрмесі болса керек. Жан-жақтан әкелініп қамалған жазықсыз, жақсы менен жайсаң. Бұл 1931 жылдың қараша айында болған.
Түрмедегі азапты өмір басталады. Ақталып шығуға еш мүмкіншілік жоқ. Бір ғана үміт бар. Ол – ебін тауып, қашып шығу. Ол да оңай емес. Жанындағы жолдастарымен ақылдасыр бір шешімге келеді. Ол жер асты жолымен қашып шығу. Үш кісі кезектесіп қазып, басқалар да көмектесіп ақыры жерді үңгіп, тесіп шығады. Сыртқа үш кісі шығады, айдаладағы бір сайдың жағасы болса керек. Түнделетіп жүріп отырып үш күнде Билікөл өңіріне Тоғызтарауға жетеді. Жанғазының қайын жұрты, үшінші әйелі Тасбикенің төркіні осы Тоғызтарауда. Осында жасырынып жатқанда елден хабар келеді. Үлкен ұлдары Иса мен Мұсаны да ұстап Шымкент түрмесіне апарып қамаған екен. «Бұлай жата беруге болмас» деп жолға шығады. Ол кез ақпанның аяғы, наурыздың басы болса керек. Билікөлдің мұзымен тура тартады. Шетіне шығып жағаға енді іліге бергенде, мұз ойылып Жанғазы ойыққа түсіп кетеді. Қалың киініп алған ойыққа кептеліп қалады. Ары-бері бұлқынады, екі жолдасы оны тартып шығара алмайды… Сонда бір құдіретті күш жас баланы табанынан ұстағандай табанынан сыртқа итеріп шығарады. Үсті-басы малмандай су, мұз қатып қалтырап жаурайды, көл жағасындағы ауылға баруға болмайды. Тау асып, ауылға тіке тартады. Таң атпай тауға шығып үлгереді. Жолда аздап демалып, кешке қас қарайғанда үйіне екі жолдасы алып келеді. Келе құлайды. Әбден суық өтіп кеткен. Екі жолдасы жылынып тамақтанып алған соң өз жөндеріне кетеді…
Ертеңіне қызуы көтеріліп сандырақтап қатты ауырады. Көрші орыс ауылында орыс дәрігер бар соған апарайық десе көнбепті. Жанғазы: «Маған жазылған күнде де бәрібір тыныштық бермейді» депті. Содан бір апта жатып қайтыс болыпты. Жаназасына адам көп жиналыпты. Қаратай атамыз бір жеті бойы бейіт пен екі арада жылап жүріпті. Жанғазының жаназасынан кейін үлкен ұлы Исаны абақтыдан босатқаны туралы жақсы хабар келеді. Алайда бұл қуаныш ұзаққа бармапты…
Осыдан кейін-ақ елді қынадай қырған ашаршылық басталады. Байлардың малы түгелдей кәмпескеге ілігеді. Суатқа түскенде Боралдайдың суын тоқтататын Нұрсейіттің бес мың жылқысы, Қарасайдың суын тауысатын Омар байдың 10 мың қойы және басқалардың да малдарын тігерге тұяқ қалдырмай шолақ белсенділер сыпырып алып кетеді. Осылай елде ашаршылық басталып, ел жан-жаққа ауып жол-жөнекей әлсіздері аштан қырыла берген.
Қарап отырсаңыз, мұның барлығы тарих. Бабалардың жүріп өткен өнегелі жолы мен елдің басынан өткен қиыншылықтар. Мұны ұмытуға әсте болмайды. Бұл оқиғаларды айтуға Кеңес өкіметі кезінде тыйым салынды. Сол тұстағы саясат солай болды, айта алмадық. Өйткені әкеміз «коммунист» болатын…
Қанша жерден жас бала болсам да, әлі есімде. Кейбір теріс пиғылды адамдар әкеме «кулактың баласы» деп ойын-шыны аралас айтатын. Мен бұл жазғанымды бабалардың алдындағы қарызым, ұрпақтық парызым деп білемін. Қазір Аллаға шүкір, Жанғазы биден тараған ұрпақтар өсіп-өнуде.
Нұрғали САУАТБЕКҰЛЫ,
Жанғазы бидің немересі.
Б.Момышұлы ауылы