Ádebıet
Біздің қазақ жақындатқан Жеңісті
Соғыс, соғыс… аты қандай ызғарлы,
Еске аламыз, сол сұрапыл жылдарды.
Біздің қазақ, жан аямай Отан қорғау жолында,
Бастан кешкен небір азап, сындарды.
Отқа оранып жатқан шақта жер үсті,
«Ұрпақтарым өмір сүрсін деп келісті»,
Жау аяғын туған елге жеткізбей,
Біздің қазақ жақындатқан Жеңісті.
Жау жақындап қалған кезде Мәскеуге,
«Шегінуге болмайды!» деп жас кеуде,
Батыр Баукең ұрандатып, қорғаған,
Ол – қазақтың хас батыры, зор бағы!
Бейбіт күннің жетеріне тек сеніп,
Партизандық іс атқарған белсеніп,
Ерен ерлік, зор шеберлік танытқан,
Ол қазақтың қайсар ұлы – Қайсенов!
Аянбаған отан үшін, Елі үшін, Ар үшін,
Қас-дұшпанға таптатпаған намысын,
Ару қыздар – Әлия, Мәншүк, Хиуаздар,
Күресті олар Жеңіске арнап бар күшін.
Аты аңыз боп сол сұрапыл күндерден,
289 фашистің көзін жойған сұр мерген,
Өшпес ерлік жасаған Сүлейменов,
Ол есінде елінің, ерекше ерлік рухымен.
Бойға біткен қасиетті бар асыл,
Дер кезінде бермеген әділ бағасын,
Тура қарап үйренбеген шындыққа,
Сұм саясат арқалаған,
өр халықтың наласын.
Әділдік орнап, әйтеуір түптің түбінде,
Қаһармандық атағын алған бұл күнде,
Біздің қазақ ұлдары – Батырлардың Батыры,
Жұлдыздары жарқыраған көгімде!
Шын көңілден ерлік жырын ақтара,
Батырлармен аламыз біз, мақтана,
Бүгінгі ұрпақ Жеңіс күнін тойлайды,
Ерлік туын жоғары ұстап шаттана!
Ерлік туын жоғары ұстап шаттана!!!
Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА,
ардақты ана, ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылы