Ádebıet

Әшен қожа мен екі әйелдің айтысы

Жуалы өңіріне белгілі Әшен Айманбетов деген көкірегі көмбе әрі шежіре кісі болды.Ол кісі өткен ел тарихын, жер тарихын таңнан таңға дейін айтып отыратын.1934 жылдары Әшен бұрынғы Кеңес (қазіргі Ертай) ауылындағы мектепте мұғалім болып қызмет еткен.Сол кездегі ауылдың бір қызығы үйме-үй боза салып, жорабоза жасап бірін-бірі шақырысып тұрыпты.Ондай жиынның соңы айтысқа да ұласып жататын көрінеді.Сондай бір жорабозада алтыауыз өлеңнің соңы айтысқа ұласып жергілікті сиқымның екі әйелі мен Әшен қожа айтысып қалады. Шежіре қарияның аузынан естігенімді ойға тоқып,соңғы ұйқастарын есте сақтап қалған едім.Айтыстың жалпы нобайы төмендегідей:

Әйелдер:
Әкең сенің ақсүйек,тегің-қожа,
Үй қыдырып ішкенің тегін боза.
Жора боза өтеуі өлең болар,
Қара өлеңге қалайсыз, Әшен қожа?

Әшен қожа:
Бозаның бұйырғанын жұтып жүрмін,
Айтысқа да тартынбай түсіп жүрмін.
Сумақай сыйқымдардың қатындары,
Қай күні соқтығар-деп күтіп жүрмін.

Қымыз бенен бозаны ішпейді кім?
Жалған емес, жұртқа аян қожалығым.
Қандай десең, дыңдаймын алты ауызға,
Ешкімнен кем түспейді сөз арыным.

Әйелдер:
Ғашырат қып сен жүрсің,тамағың тоқ,
Елге үйретер иманды сабағың жоқ.
Бекерден қоқырайма «қожамын» деп,
Аузыңда оразаң мен намазың жоқ.

Әшен қожа
Ол рас,ғашыратпен тамағым тоқ,
Ұстаған оразам мен намазым жоқ.
Ит жеккенге айдалып кетем бе деп,
Құранды қойып кеткем,амалым жоқ….

Әшен қожаның: «Итжеккенге айдалып кетем бе-деп,Құранды қойып кеткем амалым жоқ»-дегені содан бір-екі жыл бұрын сол Кеңестің молдасы мен оның көмекшісін сыйқымдар «ескіліктің сарыншағы»-деп домалақ арыз жазып, Сібірге айдатып жіберген көрінеді.Осы тұста айтыстың соңы насырға шауып кете ме деп қариялар айтысты тоқтатып тастапты.
Ғашырат-дүниенің қызығын қуып сауық-сайран мен күн өткізу-деген мағынаны беретін сөз.

Таңдаулы материалдар

Close