Ádebıet
Жайнамаз бар…
Кешір, Ана, сізді кеш түсініппін,
Шырмауында жүріппін «үф пен сүфтің».
Артып қойып мойныңа бар салмақты,
Тек жеңілдің үстімен мен жүріппін.
Қателіктің жасасам не шатпағын,
Қабағыңды анашым бір шытпадың.
Менің жүрген жерлерім той-тамаша,
Кірпік қақпай атты ғой қанша таңың.
Тамақтың бар дәмдісін маған сақтап,
Ал, өзің отырушы ең сабыр сақтап.
Төбең көкке жетердей қуанушы ең,
Жүрсе егер бәзбіреулер мені мақтап.
Жайып алып алдыңа жайнамазды,
Уақтысында өтеуші ең әр намазды.
Мен үшін күнде Ана жалыныпсың,
Дегендей-ақ, Тәңірім ол не жазды?
Анашым, өзің жоқсың, жайнамаз бар,
Жүрегіме жайнамаз бергендей нәр.
Рақымын Тәңірдің сұрап жүрмін,
Анашым, өзің үшін намазда әр!!!