Ádebıet

Абай – дана, Абай – дара қазақта!

Жақында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп- гимназияда «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты әдеби кеш өтті.

Шараның мақсаты – оқушыларға ұлы кемеңгер, ақын Абай Құнанбаевтың өмір жолы мен еңбегін таныстыру, ақынның өлеңдері, қара сөздері арқылы балаларды адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу, кітапқа деген құштарлығын арттыру.
Мектеп-гимназия кітапханасының меңгерушісі Гауһар Шитебаева мен кітапханашы Эльмира Құмарованың ұйымдастыруымен өткен шараға мұғалімдер мен 8-10 сынып оқушылары қатысты.
Тағылымды шараны мектеп-гимназия кітапханасының меңгерушісі Гауһар Шитебаева ашты. Ол «Қазіргі заманда алты құлаш әлемге аты танылып отырған Алаш деп соққан жүрегі бар қазақ деген халықтың ұлы ақыны Абайды осы күнде дүниежүзі танып отыр. Қазақ халқының ұлы ақыны-кемеңгер ұстазы, рухани айбары, елінің мыңжылдық мұңын шерткен Абайдың өлеңдері, қара сөздері мен аудармалары – асыл қазына, мәңгілік өлмес мұра» деп оқушыларға ұлы ақын туралы мол мағлұматтар берді.
Кештің жүргізушісі Эльмира Құмарова кітапхана бұрышында жасақталған ақынның кітаптарына шолу жасап, балаларды ақынның әртүрлі бағытта жазылған еңбектерімен таныстырды.
Кезек мектеп оқушыларына берілді. Алғашқы болып ортаға шыққан 9 сынып оқушысы Балнұр Рымбаева ақынның өмірбаянына шолу жасаса, ал 10 сынып оқушысы Аяулым Палман Абайдың ақындық, оның ішінде суреткер ақын екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, оқушылар ақынның сазгерлік, аудармашылық қырын ашып, шығармаларына талдау жасады.
Одан кейін Арна Абдраимова, Назгүл Оспан ақынның «15-ші қара сөзін» және «Қарға мен бүркіт» аудармасын жатқа оқыса, Аяулым Палуан, Гүлсезім Оразбек, Гауһар Мұратбек кезек-кезегімен «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Жаз» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, 8 сынып оқушылары хормен «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады.
Әдеби кешті ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сағаткүл Артаева «Өлді деуге болама айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ақын өзі жырлап кеткендей, Абай есімі, ақын мұрасы, поэзиясы мәңгілік. Кемеңгер тұлғаның келешекке қалдырған алтын қазынасын дәріптеп, ақын атын мәңгі жүрегімізде сақтайық» деп қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close