Ádebıet

Тәлімдік дайджест

Мұғалім мамандығын таңдап алған соң…

Мұғалім мамандығын таңдап алған соң, ол мамандықтың жауапкершілігін бірге алып жүруіміз керек. Біздер темір немесе ағаш өңдеп жатқан жоқпыз. Біздің алдымызда тіршіліктің иесі, адамның баласы отыр. Оның тағдыры біздердің қолымызда. Ұстаз деген ұғым – ғұламалыққа жақын ұғым. Ол өз пәнін ғана емес, дүние сырын, қоғамдағы өзгерістерді, адам мінездерін, өнердің қуат-әсерін, сырын, т.б. білетін жан болуға тиіс. Оның бойында мейірім, парасат, талап қоюшылық, мәдениеттілік қасиеттердің ең жоғарғы сапасы болуға тиіс. Сонда ғана ұстаз ұстаз деген атқа лайық болмақ.
Шәкірт ұстазынан өзімен түйдей құрдас бала мінезін де, өзінен жүз жас үлкен дана мінезін де сезініп, көре білсе, оның сол ұстазына еліктеп, өзіне өнеге тұтып, оқытқан пәніне деген қызығушылығы артады. Ал ұстазын өнеге тұтпаса, ол сабақ уақыт өткізу сабағы болады. Жүсіпбек Аймауытов: «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе, әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» дейді. (Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы, төртінші том. 335- бет, А., «Ғылым» баспасы). Мысалы, Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын мұғалім өзі оқып, жазушының талантына өзі табынып, тамсанбаса, оқушыны ол әлемге қалай апарады?
Мұғалім нәрсеге өзі қызығып қарай бастаса, баланың да ілтипатын өзіне аударады. Балаларға «бері қараңдар» дегеннің орнына мұғалім өзі қарап, бақылап, тамашалауы, таңдануы керек. «Қараңдаршы, балалар, не деген тіл, не деген ой! Жазушының кейіпкер психологиясын осыншама шынайы беруі ғажап емес пе?» деп, кітаптан үзінділерді, оқушылармен бірге қарап, бірге оқыса, балалар еріксіз кітап ішіне енеді, көздері жетеді. Осындай ғажап дүние-әлеміне енгізгені үшін ұстаздарына іштей разы болады. Осындай жағдайға алып келген соң, ары қарай оқушыларға нақты тапсырмалар беріледі. Оқуды ізгілендіру деп жүргеніміздің сыры да осында жатыр. Балаға аз нәрсе беру ақылы, көп білім алуға өз бетімен жеткізу. Бұл жөнінде де Ж.Аймауытов жақсы айтқан: «Жақсы сабақ – баланың өзіне істеткен». (Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы, төртінші том. 335- бет, А., «Ғылым» баспасы).
Білім мен тәрбие – егіз. Ұстаз қолында бірі болып, екіншісі болмаса, нәтижесі нөлге тең болады. Баланың қисық, түзу болуы, ақылы, сезімі, қайратының жігерлі болуы мұғалімінің қимыл-әрекетіне, ықылас-пейіліне, жігерлі ықпалына тікелей байланысты. Мұғалімнің жігерлі болуы сүйегіне біткен қасиет болуға тиіс. Ұйықтап жүріп, қабағы түсіп, салбырап жүріп сабақ беретін мұғалімді мектепте ұстауға болмайды. Ондай мұғалім балаларды өрге емес, төменге, құрдымға сүйрейді.
Тұжырымдап айтар болсақ, ұстаз өнеге иесі болуға тиіс.

Туған жердің тасы да ыстық

Гуманитарлық пәндер мазмұны толығымен ар сабағын жүзеге асырады (Мысалы, Қазақстан тарихы, тіл, әдебиет, құқық пәндері). Ал география, табиғаттану сабақтарында туған жердің табиғаты, жер-суы, тауы-тасы, аң-құстары, жан-жануарлары туралы жалаң айтылмай: «осы жер, осы табиғат – бұрын сендердің ата-бабаларыңның, қазір сендердің, болашақта сендердің ұрпақтарыңның байлығы, өмір сүретін мекені. Сондықтан бұл табиғатқа, жерге қалай болса, солай қарай алмаймыз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деп, жауапкершілікпен қатар өз елінің әр тасына, құмына дейін сүйгізе білу керек. Қазақтың адал перзенті Қаныш Сәтбаевтың Ұлыбританияға барғанда мұражайдағы тасты танығаны сияқты. Ол былай еді ғой. Совет елінен барған делегация Лондонда табиғат мұражайын аралап жүргенде Қаныш Сәтбаев Лондондағы музей қызметкеріне: «мына тастың қай жерден табылғаны туралы мына дерек дұрыс емес, бұл Қазақстанның тасы, оның ішінде Жезқазғанның тасы» депті. Музей қызметкері: «Жоқ, мүмкін емес, бізде ондай қателесу болмайды» деп, дауласа қалғанда, басқа лауазымы үлкендеу қызметкері бұл тастың тарихын, шыққан жерін анықтауға өз қызметкерлеріне тапсырма беретіндігін айтыпты. Қаныш аға да тезірек анықтауын өтініпті. Кешке қонақасы берілген кезде, музей директоры, кішкентай тасты қолына алып, Қаныш ағаға ұсынып тұрып: Мистер Қаныш Сәтбаев, Сіздің айтқаныңыз дұрыс екен, міне, бұл тастың тарихы – Қазақстан, Жезқазған» деп, Қаныш Сәтбаев, Сізге бір сұрақ қойсам: «кешіріңіз, көп тастың арасынан Сіз осы тасты қалай таныдыңыз, кұпия болмаса, айтыңызшы»,-депті. Сонда Қаныш Сәтбаев: «Туған жердің тасы да ыстық көрінеді» деген екен.
Кез келген шәкіртіміздің жанында ізгіліктің бұлағы бар, біз тек соны молайтуды, көбейтуді, жабылып қалмауын ойластырғанымыз жөн. Ол үшін ізгі әрекеттер жасауымыз керек. Көре білуге, тани білуге, өмірге қолдана білуге үйретсек, жеңіске жетеміз.

Бақыттымысың?!

Адам баласы өмірге келгеннен соң бақытты өмір сүргісі келеді. Иә, барлық адамның бақытты болуға қақы бар. Десек те, бәріміз білетін шындық – адамдардың бәрі бақытты болмайды. Неге? Көбі бақытты болудың ереже, тәртібін білмегендіктен бақытты бола алмайды. Әл-Фараби: «Адамның бақытты болуы мінез-құлқына байланысты» деген болатын. Мінез-құлық адамның өз қолында емес пе? Өзін-өзі басқара алу өнері емес пе? Өзін бағындыра алмаған адам басқаларды, ұжымды, елді қалай басқарады?
Мысалы, бақыт деген мен үшін өзімдегі сезім әлемім. Ешнәрсе менің сезімімдей шексіз бола алмайды, терең бола алмайды, таза бола алмайды. Сезімім арқылы өз дүниемді көрікті ете аламын, адамдарды жақсы көремін, қолымнан келгенінше жақсылық жасаймын. Сүйе аламын, сүйікті бола аламын. Барлық істі жақсы жасауға тырысамын. Өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Сабақ беруден, университетімнің дәлізінде жүргеннен, шәкірттеріммен кездесіп, сәлемдесіп, әңгімелесуден өзіме рақат сезімін аламын. Жақсы жандарға сыйлық жасағанды, қуантқанды жақсы көремін. Дәл ол сәтте өзімді бақыттымын деп сезінемін. Ата-ана, бауырларымды жақсы көремін, олардың барлық әрекеттері, адам сыйлауы, өтірік айтпауы, адалдықтары, қонақ күтуі, дастарқандарындағы берекесі, бәрі – мені қуантады. Олармен мен бақыттымын. Өзімнің отбасымды жақсы көремін. Балаларымның адалдығы, тазалығы, адамгершіліктері маған ұнайды. Мен олар үшін ұялмаймын. Олардың бойында жасандылықтың, ақылсыздықтың, өзімшілдіктің, өтіріктің вирусы жоқ. Мен бақыттымын.
Достарымды жақсы көремін. Олардың маған адалдығы, табиғилығы ұнайды. Мен жалпы талантты адамдармен, шәкірттеріммен дос боламын. Олардың қырандай қанаттарын қомданып, ұшуға дайындалғандай серпілістері, көңілдегі сезімнің бұлқыныстары, сырлылығы маған жақсы әсер етеді. Мен олардың шабыттарына дем бере аламын.
Менің жақсы көретін ағаларым, әпкелерім бар. Олар соншама зиялы, мәдениетті, елін сүйетін патриоттар. Мен мынау тірлігімде сондай ізгі, абзал жандардан көп өнеге, тәрбие алдым. Мен оларға қарыздармын, мен оларға бауырмын, оларды мен ерекше жақсы көремін. Олар – менің бақытым.
Міне, осындай ұлы бақыттың мекен-тұрағы – менің жүрегім. Ең бастысы, менің жүрегім менің Отанымды, туған жерімді, елімді, қасиетті тілімді сүйеді. Оларсыз мен бақытты емеспін.
Мен мынау жарық дүниені, ғаламды, олардың иесі Жаратушыны сүйемін. Бір ғажабы, мен бәрімен үндестікте, үйлесімде, жарықта бірге өмір сүре аламын. Мен бақыттымын.
Мені бақытты болуға тәрбиелеген бірінші – әжем және ата-анам, екінші – ұстаздарым, үшінші – достарым, ең бастысы – менің шәкірттерім және оқыған кітаптарым.
Шәкірттерімнің және балаларымның бақытты болуы үшін мен өзімде бармен бөлісіп отыратын боламын. (Қысқасы, осындай ойға келдім).
Ата-аналарым, қасиетті әжем маған өз үлгі-өнегелерімен, өрнектерімен тәрбие берсе, ұстаздарым білімнің нұрлы, жарық екендігіне көзімді жеткізді, достарым қарым-қатынастағы тазалықтарымен тәрбиеледі. Ал шәкірттерім жастықтарына тән қасиеттерімен, от-жалындай жігерлерімен, өткір де ойлы пікірлерімен, ғажап шығармашылық қабілеттерімен тәрбиеледі. Менің шәкірттерімнің үш қайнаса филологияға, не журналистикаға, тіпті таза гуманитарияға да қатысы жоқ. Олар техникалық мамандықты таңдағандар. Бірақ Жүрек Әлемінде олар кен орны сияқты… Олар адами табиғатымен ойлайды, жаны ашиды, қуанады, күледі…

Сын айту – кеудеге
ұрғанмен бірдей…

Американдық психолог Дейл Карнегидің «Достарды қалай табу керек және адамдарға қалай әсер ету керек?» деген кітабын оқып шығып, дос іздеп жүрген достарыма жеткізуге асықтым. Әрине, мен ол кітаптың орысша нұсқасын оқыдым. Ал достарым үшін шамамның жеткенінше, қажет-ау деген тұстарын қазақшаға аударып беруді жөн санадым.
«Адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде әр ісін ойланып істейтін адамдармен емес, өздерінің әрбір қадамын мақтан тұтып, кеуде көтеретін сезімге берілгіш адамдармен байланысқаныңызды естен шығармаңыз.
Ал мұндай адамдарға сын айту – адамның кеудесінен жұдырығыңмен ұрғанмен бірдей. Бенжамин Франклин уақыт өте келе адамдармен қарым-қатынас жасауда үлкен табысқа қол жеткізіп, Франциядағы Американ елшісі болып тағайындалған. Оның мұндай зор жетістікке қол жеткізуінің сыры неде? «Мен еш адам туралы жаман әңгіме айтпаймын, ал осы адамдардың әрқайсысы туралы білетін барлық жақсы әңгімелерімді ылғи да айта жүрем» деген ол.
Біреуге сын айтып, кінә тағу кез келген ақылсыздау адамның да қолынан келеді, қазір көптеген ақымақ адамдар солай жасап та жүр.
Бірақ адамдардың басындағы жағдайға түсіністікпен қарау үшін адам бойында мықты мінез бен өзін-өзі басқара алу қасиеттері болуы шарт.
«Ұлы адамның ұлылығы оның қарапайым адамдармен қарым-қатынасынан байқалады» – дейді Карлейль.
Адамдарды кінәлаудың орнына, оларға түсіністікпен қарауға тырысып, неге олардың басқаша емес, дәл өзі ойлағандай шешім қабылдауының астарына үңіліп көрелік. Бұл сын айтудан гөрі пайдалы және қызықтырақ, адам бойында айналаңдағыларға деген аяушылық сезімін оятуға көмектеседі.
Тек өзі туралы ғана айтып, өзі туралы ғана ойлайтын адам қай жерде және қанша оқығанына қарамастан, білімсіз адаммен тең.

Ешқашан бұйырып сөйлемеңіз…

Жақында мен американ биографтарының ішіндегі ең көнекөзі Ида Тарбеллмен дәмдес болдым. Мен оған өзімнің кітап жазып жатқандығым жөнінде айтқан соң, екеуміз маңызды тақырыпта – адамдармен тіл табыса білу туралы әңгімелестік. Тарбелл ханым ОуэнД.Янгтың өмірбаянын жазу кезінде Янгпен жұмыс бөлмесінде үш жыл қатар отырған бір адаммен әңгімелескен екен. Ол адамның айтуы бойынша, Янг ешкімге, ешқашан да бұйырып сөйлемеген екен, бұйырудың орнына ақыл-кеңес беріп отырған. Янг ешқашан «ананы былайша жаса, мынаны бүйт-сүйт» деп айтпаған. Оның орнына «Бұл жөнінде сіз әлі де ойланып көріңіз», «Сіздің ойыңызша, бұл нәтиже береді ме?» деген сөздерді қолданған. Хат жаздырып отырып та: «Сіздің бұл туралы ойыңыз қалай?» деп сұрап отырған. Қол астындағы қызметкерлерінің бірі әзірлеген хатты оқи отырып, «Біз бұны былайша жазсақ қалай болар еді?» деген. Бір сөзбен айтқанда, ол адамдарға өз мүмкіншіліктерін толық пайдалануға жағдай жасаған, не істеу керектігін атап көрсетпей, өз қателіктерін өздері түзеу арқылы әрекет етуге мүмкіншілік берген.
Мұндай әдіс адамның кемшіліктерін жоюға, адам ретіндегі өзінің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді, қарсыласудан, ерегісуден гөрі адам бойында бірлесе еңбек етуге деген ұмтылысты оятады.
Сонымен, сіз адамға реніш сезімін оятпай-ақ ықпал еткіңіз келсе, мына ережені есте сақтаңыз:
Әңгімелесуші адамға бұйырып сөйлемей, қарсы сұрақ қоя отырып, өз жағыңызға тартыңыз.
(Жалғасы бар)

Гүлтас Сайынқызы,
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close