Ádebıet

ЖЕЛІСАЗДА ӨТКЕН БАҚЫТТЫ БАЛ ШАҒЫМ…

Батырбек бабамыздың күмбезінің Бөкейтау жағында Қоңыртөбе бар. Сол төбенің теріскей тұсында «Максим Горький» деген колхоз болған. 30-40 шақты ел-жұрт отырған. Бұрын орыстар көп еді, кейін бәрі көшіп кетіп, ылғи өзіміздің қазағымыз қалды. Осы Қоңыртөбенің етек жағында бұлақ бар. Қазір сол бұлақ кеңейіп, мол сулы бұлаққа айналып жатыр. Теріс өзенінің бас жағына барып қосылады.

Ермен атам мен Алтын қыз апам біздің бала күнімізде, 1945-1948 жылдары, үш жылдай «Төңкеріс» колхозының бір отар қойын баққан. Мен онда бес жасар баламын, атам мен апамның қойнында жатамын. Ол кезде қазіргідей сықылды қойшыларға жағдай жасалмаған, үйлер салынбаған, киіз үй де жоқ болатын.
Бұлаққа жақын жерге атам ауылдан қамыс орып, есек арбамен тасып әкелді. Ауылдағы өзіміз отырған үйде тал көп еді, арықта қамыс та көп болатын. Бізге дейін екі орыс отырған осы екі үйде. Колхоз үйді атам мен Мәдеш көкеме беріпті. Төбесі қамыспен жабылған биік үйлер еді. Ондай үйлер Төңкерісте жоқ болатын.
Апам кешқұрым ауылдан келді, артынып-тартынып дегендей, үйдегілердің қамы деген ғой. Мен атам, апам, үшеуіміз-ақпыз. Тәтем ауылда тұратын, ол кезде үйленген жоқ еді. Атам да қолынан іс келетін адам екен, күркені бітіріп қойды. Апам «ой, жарайсың» деп, мақтап жатыр. Апам келе, тамақ жағын қамдап, быламық істеп, бізге бір-бір табақтан берді. Оның ыстық болады екен, зорға тауысып жедік.
Қойлар иіріліп, есік алдында жатыр. Екі итіміз әрі-бері шапқылап жүр, атам айтады қасқырлар жүр деп. Мен «қорықпаймын, таяғым бар, бір ұрып құлатам» деп қоям. «Атам үйреткен» деймін. Атам осы күркенің сыртын сабанмен қаптап, қалың етіп жауып тастады. Жел де өтпейді, жауын да тамбайды. Өте жылы, кәдімгі үйдей болды. Төр жағына апам ескі абдыра қойып, үстін көрпе-жастықпен үйіп тастады. Ортасында үйден алып келген қысқа аяқты үстел қойылды, жан-жағына бір адамдық орындықтар қойылды. Апам айтады «енді қонақтар келсе де, ұялмаймыз» деп.
Анау Желісаздың арғы бетіне Оңласын деген кісі қоныстанып жатыр. Ол кісінің 3-4 баласы бар, Манат деген баласы онға толып, қолғабыс тигізе бастапты. Атам айтады «екінші класқа барып оқып жүр» деп. «Бірі інісінің үйінде» дейді. Жаяу бару оңай емес, әсіресе қыста қар қалың, 2-3 шақырым ауылға дейін. Інісі колхозда арпа айдап, малға шөп тасиды. Жақсы жігіт. Аты – Таңат, келіншегі колхоз жұмысында, анасы балаларын қарап отыр. Апам айтады «Манатты үйлендіру керек, болмаса, ауылда әр ағайынның үйінде жатып жүр» деп. Үйдің үш бөлмесі кең, бос тұр. Күзенбай деген «Қызыл жұлдыз» колхозынан көшіп келіпті, 3-4 баласы, шешесі бар екен.
Апам айтады «Манат үйленгенше, тұра беріңіздер дедім» деп. Атама қарап «атам менің баламды үйлендірейік, кейін көре жатармыз» деп малына шықты аңғару үшін. Қайтып кіріп «бұлақты кеңейту керек, су аздап ағып жатыр» деді апама. «Екі күрек бар, ауылда қалыпты, соны ертең барғанда ала кел» деді апама. Апам анау есегіңе мініп өзің алып кел, сол тез болады. Менің үйде жұмысым көп, тамақ істеу керек, тоқаш пісіру керек, Манат та келіп қалар жолдастарымен» деп ауыл жаққа көз салды. Атам есегін ерттеп, ауылға кетпеніне кетті. Мен «көбелек көп екен, бұлақтың басында» деп ойнап кеттім.
Қойлар Желісазда, қыратта жайылып жүр. Екі ит малдың арасынан қыңсылайды. Атам көк төбетті Борка деп Елепай ағасынан алып келген, үйдегі Данка екеуі бір-біріне үйреншікті, қасқырға екеуі серіктесіп бірге шабады. Екеуі де мықты иттер. Кеш болған сайын үйдің алды азан-қазан, екі ит жатпайды малды айналып, себебі қасқыр көп. Әсіресе, Бөкей жақтан келеді. Атам да, апам да анда-санда айқайлап қояды «айт-айт!» деп. Екі ит одан сайын өршеленеді. Әлде еркелегені ме, күш-қуат алғаны ма, егелерінен?
Екі иттің де тамағы тоқ. Болмаса, бір қора мал қасқырларға төтеп бере ала ма? Иттер болмаса, мылтық жоқ. Түс қайта апам айтты «ауылдан екі аттылы көрінді, Рүстембек атам, Жандарбек көкем отырған Көктөбеден. Бұл Көктөбеде ауыл адамдарын қайтқандарды жерлейтін. 30-40 адам болып қалыпты жерленгендерді. Көктөбеден әрі қарай 500-600 метрдей жерде «Көктеріс» колхозының екі сиыр сарайының бірінде сауын сиыр, екіншісінде тана-торпақ пен жас бұзаулар бөлек-бөлек қамалатын. Отыздай сиыр сауылатын.
Сауылған сүтті орыс колхозы «Комправдада» сырзавод бар еді, кейін 15-20 жылдан соң, ол тоқтатылып, кейін аудан орталығы Бурныйға көшірілді. Осы сырзаводқа әр жақтан «Кеңес», «Алексеевка», «Максим Горький», «Братск», Қызыл жұлдыз», «Таңшығыс» колхоздарына екі аттық арбамен 2-3 бидон сүт таситын жігіттерді көретінбіз.
Біздің «Төңкеріс» колхозынан Өксікбай дейтін көкеміз таситын 3-4 бидон сүтті. Дауысы өте қатты еді, айқайлап-ақ жүретін әйелдермен. Анда-санда ертең Рүстембек атама барып 1-2 сағаттай ішетіні бар еді. Мені ертіп алып жаяу баратынбыз. Рүстембек атамның Райхан атты менімен жасты қызы бар-ау деймін. Сол қыз екеуіміз достасып кеттік. Тамның артына барып қуыршақ, сынған шынылармен ойнап отыратынбыз. Жандарбек көкемнің Қаншайым деген әйелі бар болатын. Сол кісі сиыр фермасында сауыншы болып істейтін. Сол жеңешем 2-3 жасар қызын Райханға тастап кететін баға тұр деп.
Қаншайымның шешесі Қатипа шығар есімде болса, ол кісі де сауыншы, бұзау бағатын апай еді. Сол 2-3 сағатта ойнап, қуаласып, мәз болатынбыз. Атай біз қайтайық деген соң, қайттық үйге. Үйге келсек, Манат тәтем, Жандарбек көкемдер бар екен. Апам қойларды суғаруға бұлаққа айдап әкетеді. 300-400 қой, ешкісімен бар етін, бір сиыр танасымен қойдың арасында жүретін. Апамның 2-3 ешкісі бар еді, соны сауып маған қаймақ-ірімшік жасап беретін. Айран ұйытып соны беретін, аш емеспіз.
Манат тәтем ауылдан 6-7 оғы бар бір мылтық алып келді. Ол патрондар оқсыз екен, тек дәрімен толтырады екен. Тәтем айтады «тек қасқырды қорқытуға арналған» деп. Оның біреуін алып, атамды шақырып үйретті. Атамның қолына беріп, патронды мылтықтың ұңғысына тығып, шүріппесін басқызды. Бізге ескерту жасады дауысы қатты «гүрс» еткенде мен шалқамнан құлап түстім. Қарасам, атам ұстап тұр мылтықты. Мылтықтың аузынан түтін бұрқырап тұр, «ой, қызығын-ай!» деп қайран қалғаным бар.
Әлі есімде, сол «гүрс» еткен дауыс естен шықпайды екен. Қызық-ай, қазір басыңа әрнәрсе бала шағыңнан бері кіре береді екен-ау. Жаратушы қалай жаратқан дейсің, тек қана кейініректе, осындайды миды бастан ажыратып алып, кескілеп оқимыз деген ой келген жоқ қой. 5-6 жыл оқыдық сол оқуды, таңым бар, орыс студенттер үшке оқыды. Ал мен 4-5-ке, жоғарғы стипендияға оқыдым. Тағы бір әскери завод бар еді Алматыда С.М.Киров атында. Соның инфаркт бөлімшесінде дежурный фельдшер болып тағайындалдым. Айына 5-6 рет түнде болатынмын. Соған 50-60 сом беретін. Стипендия алатынмын 40 сом институттан. Сонымен қосқанда 100 сом болушы еді.
Ол кезде Қадишамен үйленіп қойғанбыз, пәтерде тұрамыз. Курстас жігіттер келіп тамақ жеп кетуші еді. Ол да бір қызық өмір еді. Енді, әркім әр жақта өмір сүріп жатыр. Ал біз 80-ді алқымдап қалдық. Бірді айтып бірге кетіп қалдым білем, тағы.
Сонымен, Манат тәтем мен Жандарбек көкем комбайнға кетіп қалды. Рүстембек атамның қасында үйі болатын. Кейініректе, мен онда 11-12-дегі баламын. Осы Жандарбек көкем соқыр ішектен қайтыс болды.
Самсоновкада Частухин деген әскери фельдшер бар еді, 4-5 колхозға бір-ақ кісі еді. Сол кісіні алып бара жататын атпен ауру адамға. Сол Жандарбек көкемнің ішін оқтаймен жұмсартқан ғой тәуіптер, содан қайтыс болып кетті.
Бурнооктябрь селосында хирургия бөлімі бар еді. Сол жақтан денесін көкемнің атпен алдына өңгеріп, ауылға алып келген жерлеуге. Манат тәтем ол жағдайды 11-12 жасымызда көзімізбен көрдік. «Жатқан жеріңіз жайлы болсын» дегеннен басқа не дейміз? Көкемнің артында Күләш атты қызы қалды, 70 жасқа келді-ау деймін. Осы қалада тұрады, оқта-текте кездесіп қаламыз.
Жандарбек көкеміз жақсы кісі еді, Қаншайым жеңгеміз осы 2018 жылы қайтты-ау деймін, кейін 2014 жылы ма, Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп барыпты өзіміздің Төңкеріс ауылынан. Сол Қаншайым жеңгемізді бабамызға күмбез орнатқанда, 2012 жылы көрдім. Әлі тың еді, ол кезде жеңгеміз 80 жасқа келген еді, «үйге жүр қонақ болып кетпейсің бе?» деген еді, жақсы, жайдарлы кісі еді, жатқан жері мамық болғыр.
Жандарбек көкем оқта-текте «Әй, Нұрмаш, қалың қалай?» деп басымнан сипайтын. Төңкерістің сиырларын бағатын сиыр фермада, үйінің қасында ғой, Манат тәтеммен ағайын арасында өзара жақын жүретін, сары аты бар болатын сиыр бағуға. Мен осы сары атты сегіз жасымда мінгенім бар.
Ол былай болып еді. Жамалбек көкем кешкі бесін уақыты еді, апам (Алтынқыз апамды айтам), бидай бастырып жатқан көше жақта, үйге келді де: «Әй, Нұрмаш, мін артыма» деп мені мінгізіп алды артына. Содан соң, апама барып, «мен Успеновканың ар жағы шанышқылыға апарып салсын» деп, әй-шайға қараған жоқ, алды да кетті.
Успеновка ауылына қарай асығыстау жүріп келеміз. Ол кезде киім ауыстыратындай жағдай жоқ еді елде. Әйтеуір бұтымызда дамбал болатын, оны апам тігіп беретін, жейде дейміз оны. Әйтеуір жеңі бар, жағасы бар, бөз деген матадан тігетін. Июль айы болатын, ол кезде колхоздар қызылша егетін. Жердің бәрі қызылша егісі, сары атты анда-санда қамшымен сабалап Жамалбек көкем жүріп келеді. Мен артында ердің артынан ұстап алғам. Оған қарап жатқан көкем жоқ. Біз бала болған соң үлкендерге сөз қата алмайтынбыз.
Успеновканың қызылша бағын басып өтіп, суғарып тастаған екен. Шынышқылы ауылында күн қарайып қалған уақытта жеттік те, бір үйге келіп түстік. Бір апай, бір жас әйел бар екен. Сәлемдестік жаңағы кісілермен. Маған бір пиала айран берді. Мен шөлдеп қалыппын, сіміріп жібердім. Жамалбек көкем «ал енді тез қайт, күн кеш болып қалды, аттың басын өзіне жібер, өзі алып барады» деп бір үлкен ақшаны ұстатты.
1947 жылы ақша ауысқан, көлемі үлкен еді, сол ақшалар ғой. Мен ол кезде ақша білмейтінмін. Әйтеуір үлкен көлемді ақшада Ленин, Сталиндердің суреттері бар болатын. Оны салатын менде қалта жоқ. Бөз дамбал мен бөз көйлек үстімде, аяғым жалаңаш. Атқа қолтығымнан көтеріп мінгізіп жіберді. Сонымен кеттік сары ат екеуіміз. Ауылды біліп тұрмын.
Сары ат кәдімгідей жүрісі жылдамдатып келеді. Дала тас қараңғы, жолдың бәрі арық, толған су, егістік жерлермен келеміз. Әйтеуір, бір уақытта Успеновка ауылының аттары көрінеді. Сары ат оңға бұрылады, мен солға бұрамын. Ешнәрсе көрінбейді.
Біраздан соң көптеген бұлақтардан өттік, кей жерінде сары ат ырғып өтеді, содан жүріп отырып, Құры сайға жетіппіз. Қырдың басына шықтық сары ат екеуіміз. Сары ат ауыл жаққа Төңкеріске бас бұрады, мен жүгенді кері бұрамын. Әйтеуір ай көрінді. Алыстан. Соған қарай келеміз. Келдік. Бір фонарь ілулі жанып тұр, соның жарығы екен. Бір ер кісі келді де «әй, Нұрмаш, қайдан жүрсің?» дейді. Мен ештеңе жауап бере алмаймын, себебі білмеймін қайда барғанымды, қайдан келе жатқанымды.
Әйтеуір жаңағы кісіні таныдым. Мақан деген үлкен кісі еді. Сейітхан деген баласымен ауылда ойнайтынбыз, ол бала он жасқа келіп қалған, Расылхан деген баласы да бар еді, ол менімен жасты. Сонымен маған төсек салып берді, Мақан көкем атымды арқандап қойды. Ертеңіне түске таман тұрдым.
Қолымда қымқырып ұстап келген қағаз ақшам жоқ, түсіп қалыпты. Құлақтардан қарғып жүріп түсіп қалған қой. Енді ойлап отырмын жаңағы бұлақтар бабамыз Батырбек кісінің бейіті жанындағы бұлақтар екен ғой. «Ой шіркін-ай, әулиелі жерден өтіппін-ау аман- сау» деп бетімді сипадым.
Тағы есіме түскені, 2012 жылы бабамыздың күмбезін соғарда, 100 000 теңге қосып едім Абай ініме, Рүстембеек атамыздың үлкен баласы ғой. Жақсы бала болды, 65 жаста болуы керек. Содан түске қарай атымды ерттеп қойыпты.

(Жалғасы бар)

Нұрмахан ЕЛЕПАЕВ,
жоғары санаттағы
маман-стоматолог,
облыстық «Қызыл крест» қоғамының бұрынғы төрағасы.
Тараз қаласы

Маған Кенжекүл апай шай берді. Мақан ағайдың әйелі еді ол кісі. Үйлеріне кіріп, Сейітқазы, Расылхандармен ойнайтынбыз. Арамыз 2-3 ай ақ болатын, бір мектепте оқитынбыз.
Үйге түс ауа келдім, апам ұрысқан жоқ, «неге кешігіп келдің?» дегеннен басқа. Бәрін айтып бердім, «бабамыздың бейіті арқылы жүріп, Спорныйдағы қойшылардың үйіне адасып қондым» дедім. «Айналайын, адам болғаның бұл» деп арқамнан қағып, бетімнен сүйді. Мен мәз болып қалдым. Атам ителгісін (құсы бар етін, соған ет беріп жүр екен, астыңғы арықтың жағасында). Содан апам айтты «Жандарбек көкеңнің атына апарып беп деп екі уыс бидай берді жегіз атқа деп алдымен суғар, шөлдеп қалған шығар, обал ғой» деді апам Алтынқыз.
Мен айтқандарын орындап, ауылдың басындағы Жандарбек, Рүстембек атамдардың үйіне кеттім сары атпен. Үйін біледі ғой сары ат, тез-тез жүрді. Рүстембек атама сәлем бердім, ол кісі ылғи «Правда» газетін оқитын сауатты кісі еді, өзінің тағы үлкен молдалығы да бар болатын. Жандарбек көкеме ат керек болды ма, үйге кіріп Рүстембек атама сәлем берді де, жөн сұрады менен. Мен айттым «адасып кетіппін, Жамалбек көкемнен кейін, түн қараңғы болды, Спорныйға малшы ауылға қондым» дедім. «Мейлі, қорқып тұр едім Нұрмашқа не болды екен?» деп айтқан Жамалбек көкем Шаңышқылыға апарып салсын, Нұрмашты тез қайтарам» деген. Жол кесуге болмайды. Әйтеуір аман-есен қайтыпсың, тағы түнделетіп» деді Жандарбек көкем.
Сонымен атына мініп, сиырларына кетті. Мен үйге келіп, ұйықтауға кірістім. Шаршап қалыппын, бірінші рет қой, мұндай мұндай қиын жолға шықтым. Жамалбек көкемнің арқасында бәрі. Содан бір айдан соң жеңгемізді Бүбайра екен аты, алып келді ауылға. Ауылдан Серке деген ағамыз көшіп кеткен «Крупская» деген колхозға. Сол кісінің үйіне кіріп алды Жамалбек көкем мен Бүбайра жеңгем. 2-3 айдан кейін мен Жамалбек көкемнің үйінде 6 ай жүрдім.
Жамалбек көкем тұрмайтын үйде, 2-3 ай бойы кетіп қалып, үйде жеңгеміз екеуіміз қалатынбыз. Жақсы кісі еді Бүбайра жеңгеміз. Кейін 2-3 қыз, 2 бала туып берді жеңгем. Қазір барлығы үйлі-жайлы осы өзіміздің Момышұлы ауылында Шынтас, Нұртас деген інілеріміз бар, балалы-шағалы.
Айта кететін бір жай бар. Жамалбек көкеміз менің әкем Нарымбекпен бірге оқыған қазақ-орыс лицейінде Шымкент қаласында орысша 7 жыл бойы. Оқуға орналастырған Жамалбек көкемнің әкесі Белқожа болыс екен. Бір үлкен молда кісінің үйінде жатыпты екеуі. Екеуі де бітіріп, дипломдарын алған. Әрі қарай Жамалбек көкем Совет өкіметінің ұжымдарына бармай қойыпты. Ал менің әкем Нарымбек ауылдың советтердің ұйымдарында 5-6 колхозда бухгалтер болып фронтқа кеткенінше жұмыс жасаған. 1942 жылы военком берген бір жылдық броньды қайта тапсырып, фронтқа кеткен бастығы екеуі 6-7 ай-ақ соғыста болған. Минаға түсіп жарақаттан қайтыс болған Мәскеу қаласында.
Хабарландыру атасы мен шешесіне келген. Екі баласы мен бір қызы қалған ғой әкемнің. 18 жасқа дейін бәрімізге Совет өкіметі көмек беріп тұрған. Атам мен апам колхоздың қойын өткізіп, ауылға үйге көшіп келген. Үйді сыпырып, әктеп жуып-шайып дегендей бірсыпыра әжептәуір болып қалды.
Мен мектепке барып жүрмін екінші класстамын. Апам матадан сөмке тігіп берді. 2-3 кітап бар мектеп берген, қаламсап жоқ, бір перо шыққан. Соны ағаш шыбыққа байлап, дәуітке сия езіп құймыз. Сол дәуітке қаламсапты батырып, кітаптың ақ жолағына жазу жазамыз. Дәптер атымен ешкімде жоқ болатын.
Дәптеріміз ескі кітаптар болатын. Сонымен-ақ 4 классқа дейін жаздық. Қолымыз ылғи сияға малынып жүретін. 1 кластан бастап бастап 5 класқа дейін жақсы оқыдым, тағы Серікбай, Фарида деген қыз үшеуіміз жақсы оқыдық, кейін мектебіміз Самсоновкаға көшті. Сонда бір жыл оқып, 7 класста балалар жетпегендіктен жабылды. Әркім әр жаққа тарап кетті.
Әпкемнің үйінде оқып жүрмін. Жездем мектепте математикадан сабақ беретін. Алға өтіп кеттім білем. Мектеп тараған соң, балалар тарап қызық болмай қалды. Жақсы көретін мұғалімдерімізден де айырылдық. Ахметжан, Сауранбек деген кісілерді өте жақсы көретінбіз, себебі олар өздері жақсы мұғалімдер еді. Кейін біз есейіп кеткенде көріп, жолығып сәлемдесіп жүрдік.
Басында бастаған тақырыбымыз Ермен атамның атымен аталған Ермен бұлағы еді ғой. Сол бұлақ басында 2-3 жылдай өмір сүрдік. Алтынқыз апам, Ермен атам және мен. Әйтеуір сол екі кісі мені аш қылған жоқ, үйде барлығы болды. Екеуінің еңбегі зор еді. Апам да жай отырмайтын, атам да. Ылғи бір тірлік істеп отыратын.
Есімде, бір күні атам маған «жүр, бұлақтың көзін ашайық» деп ертіп барды. Екі күрегі, кетпені бар. Біз шалбарды шешіп, дамбалшаң бұлақтың шет-шетін қазып, кеңейтіп, түбін тереңдетіп, балшықтарын бұлақтың шетіне лақтырумен болдық. Атам біраз демалды, бетінен тер сорғалап, қызарып кеткен. Біраз уақыттан соң, бұлақтың астынан қайнап су атқылады. Тереңдігі мен ұзындығы тізеге дейін жетті, кәдімгідей өзен секілденді маған, атам маған «біраз шомылып ал» деді.
Менің үстім балшық-балшық болған соң, суға түсіп сүңгіп-сүңгіп алдым. Тазаланып қалдым. Күн ыстық, 3-4 минутта үстім кеуіп қалды. Жейдемді, дамбалымды киіп, атам екеуіміз үйімізге келдік. Апам картоп қуырып қойыпты. Атам екеуіміз жеп алдық. Шай іштік, кәдімгідей жұмыс жасағандаймыз, әсіресе атам пора-пора болып, терлеп ұйықтады.
Мен қайта барып қарасам, бұлақтың суы тап-таза, мөлдірдей, тереңдігі тізеден асады, мұздай, кәдімгі кішігірім өзендей сарқырап ағып жатыр төменге қарай. Осы бұлақ «Ермен отырған бұлақ» болып аталып қалды ел ішінде. Міне, 70 жылдан асты, сол бұлақ әлі суы таусылған жоқ. Әжептеуір бұлақ болып қалды.
2001 жылы барлық ағайындармен бардық еске алуға бұлақтың басында жүрдік. 40 шақты адам едік, 3-4 машина болды. Қанша әңгіме болды. Отырған күркеміз де қалмады, Данка мен Борка деген иттеріміз қойға шабатын қасқырлар да қалмады. Ермен атам ұрып алған екі қасқырдың терісі ойымда қалмапты. Біреулер алған болуы керек. Кейін 2-ші сыныпта оқып жүргенімде, Манат тәтем үйленді Келеке деген қызға осы 3-4 үй-ақ арамыз.
Латипа деген апай бар еді. Ол кісінің үш қызы бар етін, Бибісара, Ортай, Келеке деген. Сол Келеке маған жеңеше болды. Есімде қалмапты той жағы. Кейін жеңешем 3-4 бала туды, бірақ бәрі өліп қала берді. Қалмұрат деп ат қойған атын, бала екі жасқа дейін өмір сүрді. Әдемі бала болатын, жақсы көретінмін. Ылғи көтеріп жүретінмін. 4 сыныпта оқып жүргенімде, үйге келсем, апам Алтынқыз айқайлап жүр үйде, Келеке жеңешем жылап отыр. 1-2 сағаттан соң, жеңешем апасының үйіне кетіп қалыпты, содан келмей қойды. Екі-үш айдан соң, басқа күйеуге шығып кетіпті Түлкібас жаққа. Содан соң жеңгемді көргенім жоқ.
Мен 4 сыныпта оқып жүрмін. Апамның бір аяғы мен бір қолы істемей қалды. 2-3 айдай жатып қалды. Кейінірек біраз жүруге келді, бірақ бұрынғыдай жүрісі болмады. Жоғарғы жақ дейміз Төңкерістің бас жағын. Ауыл бір қатар салынған еді. 50 шақты үй еді, барлығы кепе үйлер еді, қамыспен жабылған биік үйлер 3-еу ақ еді. Әмірхан деген мұғалімнің үйі және біздің үй мен Мәден көкемнің Бейсекүл деген әйелі бар болатын, сол кісі маған ылғи Төрежан деп нан беретін. Менен кіші 3-4 жас қыздары бар еді. Сәулеш, Зияш, Ұлаш атты. Баласы жоқ еді, кейін 3-4 жыл өткен соң бір ұл туып алды. Атын Әбілхабар деп қойды.
11-12 жасқа келдім. Үйіміздің сырт жағында шарбақ болатын, 2 үлкен арық Самсоновкаға қарай ағып жататын, суы мол еді. Астыңғы арықтың бойында ылғи қамыс өсіп шығатын. Сол қамыстың көбі біз жақта болушы еді. Соны атам, тәтем орып алатын, сөйтіп жинап қоятын үйдің алдына. Атам айтатын кейін «үйдің төбесін жаңалап жабамыз» деп.
Апам үйден шықпай қалды, көп жүруге шамасы жоқ. Бір күні «Нұрмаш, мені жоғарғы ауылға жетелеп апаршы, абысындарыма барайын» деді. Жетелеп, бір қолынан ұстап жүрдім. Кішкем апамның үйіне бардық. Жұмабек деген көкеміз 3-4 жыл бұрын қайтыс болған. «Төңкеріс» колхозының басқармасы болған екен 1930 жылдан бастап.
1930-1933 жылдары ауылда ашаршылық болыпты. Тек біздің ауылда ғана емес, барлық ауылдарда болыпты. Үлкендер «талай адам аштан өлді» деуші еді. Осы Жұмабек көкеміз көп еңбек етіпті ашаршылықты болдырмауға. Әр үйге адам басына жарты пиалайдан бидай бөліп тұрған. «Осының арқасында көп адам аман қалған» деп отыратын үлкен кісілер, Кішкене апамның үйінен соң Қанташбек атамыздың үйіне апар деді апам Алтынқыз. 4-5 үй еді арасы. Апардым, сол үйде кешке дейін болдық. Қыздаркүл деген апамыз еді Қанташбек атамыздың кемпірі. Жақсы кісі еді, қолынан тігін тігу келетін, маған жейде-дамбал тігіп беретін.
Қанташбек атамыз ұзын бойлы кісі болатын, көрдік. 1941-1945 жылғы соғысқа баласы Мейірбек қатысқан. Бауыржан Момышұлының батальонынан аман-есен ауылға келді. Ауылда жақсы еңбек етіп, жақсы өмір сүрді, жеңгеміз де жақсы еді, Қаншайым жеңгей мен Мейірбек көкеміз 1980 жылдары қайтыс болды-ау деймін ұмытпасам. Қыздаркүл апам Алтынқыз апамды біраз жерге дейін шығарып салды, бірін-бірін сағынып қалса керек.
Қас қарая үйге келдік. Манат тәтем бір жаққа кетті деді Ермен атам, «Крупская» колхозында Әзи деген қарындасымыз бар етін, сол кісі хабар беріпті «келіп жолығып кетсін» деп. Манат тәтем менің есімде қалса, бір атпен кетті Әзи әпкесінің үйіне. Билікөл деп отыратын әпкем, соның арғы бетіне деп. Сонымен 3-4 күн хабарсыз отырдық. 5 күннен соң осы өзіміздің аталас ағайындар «Чапаев» колхозында тұратын. Сол жаққа әкеліпті бір келіншекті. Нұрхан, Баршын деген апаларымыз бар еді. Солардың бетін ашқан дейді Манат тәтем.
Сол күні кешке екі атпен келді Манат тәтем мен жеңешем. Алтынқыз апам Ермен атаммен бәріміз шай іштік. Көрші Бейсенкүл жеңешем келді, Мәдеш көкем де келіп, шай ішіп, «құтты болсын келіннің аяғы» деп кетті. Жеңешемнің аты Алмакүл екен, «мені Молда бала деп атайын» деді апама. Сонымен Молда бала болдық 4 класста.
Маусым айы болатын, жеңешем тамның сылағын түсіріп, сылауға кірісті. Маған құм керек деген соң, менің қоңыр есегім бар, сонымен жарты қапшық құм әкеліп бердім. Там сыланды, әктелді. Енді шарбаққа кірістік. Картоп, ноқат, жасымық ектік. Солай біртіндеп үйдің жұмысы басталып кетті. Астыңғы арықтың астынан соқамен ат жегілген жер жыртты Манат тәтем, содан соң тырмалап арық істеп тары себуге атам, Мәдеш көкем дайындалды. Ертеңіне тары себілді.
Біз каникулдамыз. Күнде жоғары ауылға кетіп, балалармен асық ойнаймыз. Көбінесе Наралы көкемнің үйіне барамын, олармен туысқанбыз. Дүйсен, Тілеуқабыл деген балалары бар, солармен ойнаймыз. Балық ұстаймыз, Теріс өзеніне барып шомыламыз. Кешке үйге бір-ақ келемін. Солай күндер өтіп жатыр.
Қыркүйек айында бесінші сыныпқа көшірді бізді Самсоновка ауылына. Соған азанмен кетеміз, сағат екіде келеміз. «Чапаев» колхозынан Тұрмаш, Шырынбек келді. Ермен атамның үйінде оқитын болды. Үйіміз адамға толды, жақсы болды. Бәріміз Самсоновкаға барып оқимыз. Мұғалімдеріміз өзіміздің ағайларымыз. Әнуарбек деген математикадан береді екен, сол Самсоновкада тұратын кісі екен. Манат тәтеме Төңкеріс колхозы бортовой машина береді. Ол кезде 2 шофер айдайтын. Манат тәтем көмекші ретінде айдайтын. Художников дейтін орыс еді бас шофері. Екі жыл бірге болды да, ол кісі Бурный ауылына көшіп кетті.
Машина Манат тәтеме қалды. Есіктің алдына басында қойып жүрді. Көбінесе, Абдрайым ағамыз бастық еді колхоздың, ол кісі Бурныйға мінетін, анда-санда ауылдағы майда бастықтарды да таситын тәтем. Бір жолы қол сағат сатып алыпты, атам мен апама көрсетпей, маған «Нұрмаш, келші» деп көрсетті. Әдемі сағат екен. Атам есіктің алдында отыратын, тиындардан сақина істеп келіндеріне береді.
Апам мен бесінші сыныпта оқып қатты ауырды. Жатып қалды, мен ылғи қасында жүремін. Түймесін уқалап, бармақтай қолы бар еді, менің ермегім еді. Күзге қарай қыркүйек айында еді, оқудан келсем, ел жиылып, азан-қазан болып жатыр. Мен әбден жыладым «апам, апам» деп, өте жақсы көретінмін. Қайтесің, қолыңнан еш нәрсе келмейді. Көктөбеге жерледік. Әлі есімде, жатқан жері…
Бесінші сыныптан алтыншы сыныпқа да көштік. Атам екеуміз қалдық, апамның орны бос қалды. Атама қараймын да көңілім босайды, ол апамды іздегенім-ау деймін. Апам өте жақсы адам еді. Өмірімде бір-ақ рет құйрығымнан шыбықпен салып бергені бар еді. Ол менің бұзықтығымнан емес еді. Жаңа затты көріп, соны қызықтаумнан болар. Ол былай болған: апам базардан (Бурныйда базар бар болатын естуімше) майшамға шиша алып келді. Үстіне кигізіп еді жарық болды. Ол шырағдан деп аталады. Оны жоғарғы пештің үстінде бір текпешек бар еді. Соның үстіне қоятын апам Алтынқыз. Соны көріп ұстау маған бір қызық көрінді.
Пешке шығып аяғымды созсам жетпеймін әлгі майшамға. Бір кішкентай адам отыратын үстел бар еді. Соны пешке шығып, үстелді қойып шықтым-ау, әйтеуір жеттім-ау! Майшамды (шиша ұзын мойны бар) алып көріп тұр едім, апамның дыбысы шықты үйге келе жатқан. Мен асығыс пештен түсуім керек, бірақ әлгі шишаны майшамға сұға салдым. Ол орнына түспеді. Мен апамнан қашуым керек, пештен қарғып түсе бергенімде, шиша да пештің плитасына түсті де, быт-шыт болды.
Апамның қолына түстім де, еңіреп жібердім. Апам қолымен ұрған жоқ, бір шыбық тауып алып, құйрығымнан 1-2 рет салып жіберді. Қатты ұрған жоқ, былай айтқанында ұрғансыды. Мені өте жақсы көретін. Артынша, екінші шишасы бар екен соны өзі салды.
Содан бері майшамға қарамайтын болдым. Маған өте қатты сабақ болды. Апамды ренжіттім. Сол өмірдегі сабақ әлі көз алдымда, қазір жетпіс сегізге келдім. Апамды, үйді, майшамды көріп отырмын. «Ой, шіркін, жарықтық апам-ай, пейіште болыңыз» дегеннен басқа не дейміз, пендеміз бәріміз. Иә, солай.
Рыскүл деген қарындасым бар. 3-4 жасқа келіп қалған. Жеңгем жоғарғы ауылда Седепкүл деген жеңгеміз бар, Тілеуқабылдың шешесі. Сол кісі колхоздан ясли ашқан. Ол кісі бір аттық арбамен сол бақшаға балалар жинайтын. Сол бақшаға Рыскүлді де алып кететін Седепкүл жеңешеміз, кешке алып келетін. «7 сыныпқа мені Шәкизада әпкем келіп алып кетті» дегенмін жоғарыда. Содан бері ауылдан сыртта оқыдым.
7-10 сыныптарда балалар үйі деген бар еді, сонда оқып бітірдім. Ол бір қызық дүние болды. Өкімет киіндірді, тамақтандырды, ылғи орыстың ішіндеміз. 150-дей орыс балалар, қыздар бар, 12 қазақ балалары оқиды. Әкелері соғыста қайтыс болғандар.
1959 жылы 10 сыныпты бітіріп медициналық училищеге өзім түсіп кеттім. Енді міне, медучилищенің завхозы әрі қарай үш жыл бақты өкімет есебінен. Осылай өкіметтің баласы болдым, Нарымбек көкемнің арқасы ғой. Ол кісі тірі қалғанда, басқаша болар ма еді өмірім, кім біледі? Бір Алла біледі» дейміз ғой, мұсылманбыз. Сол дұрыс ұғым. Алла бар дейміз.
Нұрмахан ЕЛЕПАЕВ,
жоғары санаттағы маман-стоматолог,
облыстық «Қызыл крест» қоғамының бұрынғы төрағасы.
Тараз қаласы.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close