Ádebıet
Ақын жырсүйер қауыммен жүздесті
Жақында аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты Шыңбұлақ ауылдық клубының мамандары «Ауылға сағыныш» атты шығармашылық кеш ұйымдастырды. Кештің басты қонағы «Аққыз» кітабының авторы, ақын, облыстық «AQ JOL» газетінің тілшісі Нұржан Әліш болды.
Ақын Нұржан Науатбекұлы жыр сүйер қауыммен жүздесу сәтінде өлеңдерін оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Кеш барысында ақынның өлеңдерінен құралған композиция сахналанды. Іс-шарада кеш иесі өзінің өмір жолына тоқталып, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында атқарған қызметі мен бұл өңірдегі шығармашылығы жайлы ой толғады.
Сондай-ақ, ақын Жуалы өлкесіне арнаған өлеңін оқыды. Батыр Бауыржан Момышұлы мен жазушы Шерхан Мұртаза туған киелі топырақты жырына арқау етіпті. Ұлылардың кіндік қаны тамған мекеннің ерекше табиғатын сөзбен суреттей келе, ұлдарының тауға тартып туатындығын айтқан.
«Тумысынан ұлдары, тауға тартқан тұлғалы,
Бірақ рет өлетін батырлардай жырдағы.
Аты қалған ауызда, айналып һәм аңызға
Осы өлкеден түлеген сан ерліктің құрбаны» деп айта келе,
«Күйігің бар көсілген, еңку-еңку етегі,
Суретіңді қаныммен тасқа салсам не етеді?
Ер Баукеңді баптаған, Шерағаңды ширатқан,
Қасиетіңе бас ием, ұлылардың мекені» деп қос ұлы тұлғаның туған жерін жырымен әлдилегені көрініп-ақ тұр.
Өлеңнің өресін биіктеткен жұртшылық жүрегі бұл шығармаға шын толқыды. Шыңбұлақтықтардың рухани демалуына тағы бір себепші ақын Шапағат Әбдір. Кездесу кешіне қонақ ретінде барған облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі құттықтау тілегін арнап, жырдан шашу шашты.
Қос ақынның жырлары тыңдалып болған соң, іс-шараны ұйымдастырушылар сұрақ-жауапқа кезек берді. Көп сауал оқушылар тарапынан болды. Ақындық жайлы сырға толы сұрақтарға кеш иесі үлкен тебіреніспен жауап қайтарды. Жиын мәнінің арта түсуіне түрткі болған тебіреністі сәтте әдебиет туралы әңгімелер айтылды. Ақындық алдымен Алладан берілетін қасиет екендігіне тоқталып, оны дамытудың жалғыз жолы тек іздену мен кітап оқудан тұратындығы сөз етілді.
Іс-шараның қызықты өтуіне атсалысқан клуб меңгерушісі Айман Ортаева көпшілік көңілінен шыға білді.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы сөз сөйледі.
– Нұржан Әліш біздің ұжымда қызмет атқарып жүрген кезде өз ісіне өте жауапты маман болды. Халық театрларына көптеген сахналық қойылымдар жазды. Оның авторлық «Ақ орамал», «Киелі бесік», «Өнер мен жендет» атты шығармалары өңір мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты,- деді ол.
Сонымен қатар, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Досмұрзаева да бұрынғы әріптісі туралы ойын жеткізді.
Іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.
Есет Досалы,
журналист