Ádebıet

Байдәулет батыр

Мен есейіп, журналистік қызметке араласа бастағанымда жасы жетпістен асып қалған әкем Тұрлыбектің «Шырағым, біздің ұлы бабаларымыз бен аналарымыздың бейіті өзбек жеріндегі Шыршықта жатыр. Мені сонда алып баршы, құран бағыштап қайтайын» деп өтініш айтқаны әлі есімде. Жұмыс басты болып жүріп, туған әкемнің сол өтінішін орындай алмағаныма осы күнге дейін қатты өкінемін.

Көне көзді қариялардың айтуы бойынша, Үкібай бабамыз шамамен 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың басында суы мол, жері шырайлы Шыршықты мекен етіпті. Қолдағы деректерге қарағанда, ол кісі ерен батырлығымен, ел қамын ойлайтын кемеңгер-қайраткерлігімен аты шығыпты. Ол қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде Ташкент, Шымкент, Тараз, Жетісу жерінде талай-талай соғысқа қатысып, жекпе-жекте көптеген қалмақ батырларының басын алған баһадүр. Үкібаймен сырттай өштесіп кек сақтап жүрген қара ниетті қалмақтар көптен бері аңдып жүріп, бейқам жатқан Үкібай батырдың ауылына түннің ортасында тұтқиылдан қарақшылық шабуыл жасап, кәрі-жас, әйел-бала демей түгел қырып, ойран салады. Осы жантүршігерлік оқиғадан қалың өскен қамыстың арасына жасырынып қалған бес жасар Байдәулет қана аман қалады. Адам естімеген қалмақ қатігездігін бірінші болып естіген Үкібайдың қайынжұрты естіп, асығыс атқа қонады. Таулы жолдың ішімен аңырап жылап келе жатқан кішкентай Байдәулетті Сыйқым руынан өрбитін нағашылары тауып алады. «Жігіттің жақсы болуы – нағашысынан, үйдің жақсы болуы – ағашынан» демекші, бес жасында ата-анасынан, жанашыр туысқандарынан айырылған жетім бала Байдәулет туған нағашыларынан көп жақсылық, ізгілік көрді, тәлім-тәрбие алды. Байдәулет кішкентайынан зерек, батыр болып өсті. Қалмақ-жоңғарларға деген кек пен өшпенділік кішкентай кезінен тұтанған болатын. Он жасынан бастап соғыс өнеріне айрықша көңіл бөліп, қыр-сырын үйреніп, еңселі, ер жүректі нағыз батыр болып қалыптасты.
Байдәулет он сегіз жасқа толғанда, нағашылары текті жердің қызына үйлендіріп, дүркіретіп тойын жасап, еншісін бөліп береді. Байдәулет көп ұзамай жақын туысы- Қаңлы-Қыдырдың ұрпағына қосылып, қапыда шейіт болған әкесінің қара шаңырағының түтінін қайта түтетті.
1723 жылы Қалдан Серен бастаған жоңғарлар бейбіт жатқан қазақ жеріне соғыс ашып, бүкіл елді қан қақсатты. Ұлымызды құл, қызымызды күң етіп, қазақтың басына бақытсыздықтың қара бұлты үйірілді. Бұл тарихта айтылып, жазылып жүрген Ақтабан шұбырынды еді.
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған қиын екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді,- деп басталатын «Елім-ай» әні сұрапыл кезеңде дүниеге келді.
Арада біраз жыл өткен соң, қазақ ес жиып, бірігіп, қалмақ-жоңғар шапқыншылығына қарсы шығып, жорыққа аттанды. Күйік асуынан түсіп, Таразға бет алатын үлкен жолдың оң жағында Қаратаудың шоқыларымен шектесіп жатқан үлкен жазық бар. Бүгінгі таңда Байдәулет бабамыздың Қойкелді, Өтелбай атты ұлдарының мекені атанған атақты Айша бибі ауылымен шектесіп жатқан осы алқапта шамамен 1737 жылдары қазақ және жоңғар жағынан 150 мың сарбаз қатысқан үлкен шайқас болып, жан алысып, жан беріскен үлкен жойқын соғыс болды. Шешуші айқаста Ұлы жүздің бас қолбасшысы-Қойкелді батыр бастаған әскер жоңғарларға үсті-үстіне соққы беріп, сан мыңдаған қолынан айырылған жау 300 шақырымға дейін шегінуге мәжбүр болды. Қазақ-жоңғар соғысында ерекше орын алатын осы соғыста Байдәулет батыр өзінің нағыз ержүрек екендігін көрсете білді.
Бүкіл өмірі ат үстінде өткен Байдәулет батыр қазақ қолының жүзбасы ретінде Ұлытау өңіріндегі, Бұланты, Білеуті және Балқаштың оңтүстік жағасындағы Аңырақай шайқасында, Іле басындағы, Талқы, Ембі, Алакөл шайқастарына қатысып, ерліктің үлкен үлгісін көрсетті.
1750 жылдары қазақ батырлары қалмақтан өз жерін тазартуға кіріседі. Ханкелді бастаған қазақ сарбаздары қалмақтарды Іле, Шелек пен Шарын өзендерінің арғы бетіне қуып шығады. Жетісу аймағын қалмақтардан азат етуде нағыз батырлық пен ержүректік танытқан Байдәулет батырдың ерлігі ел аузында жүрді. Есіл ер елу жасында қазіргі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының маңында болған кескілескен шайқастың бірінде мерт болды. Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық мұражайында осыны растайтын құжат қастерлеп сақталып келеді. Үлкен тарихи мәні бар бұл көне құжатта «Байдәулет батыр Жетісуды қайтарып берген арыс азамат» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Байдәулеттің әкесі-Үкібай батыр да жетісулық бауырларымыздың басына ауыр күндер түскенде 1723 жылғы Қалдан Сереннің жорығының алдында болған соғыстарда алыстағы Шыршықтан қол бастап келіп, Жетісу жерін қорғаған батырдың бірі. Арада қаншама уақыт өтсе де, Жетісу халқы әкелі-балалы батырлар-Үкібай мен Байдәулеттің есімдерін ұмытпай, қастерлеп сақтап келеді.
Кеңестер Одағы тарап, Қазақстан өз алдына, Өзбекстан өз алдына дербес мемлекет болған соң, ала шапанды ағайындармен бұрынғыдай қоян-қолтық араласу қиындап кетті. Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың көрнекті жазушысы – Рахметолла Райымқұловтың 100 жылдығына орай, Қазақстан Жазушылар Одағының делегация құрамында қаламгердің туған жері Өзбекстандағы Бостандық ауданына бардық. Жолшыбай Шыршық өзеніндегі үлкен көпірден өттік. Аумағы үлкен өзен екен, су мөп-мөлдір, кербездене ағып жатыр. Осы өзенмен аттас Шыршық қаласы шағын, әсем де сұлу шаһар болып шықты. Айналасына тал-теректер мен сан түрлі қырмызы гүлдер ерекше сән беріп тұр. Көшеде бүгінгі күннің талабына сай ғимараттар, тұрғын үйлер көп болғанына қарамастан, туыстас өзбек халқына тән ою-өрнектерін жоғалта қоймапты.
Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың туған әкесі Рахматолла ағамыздың 100 жылдығына орай өткен мәдени шаралар көп болғандықтан, уақытымыз өте тығыз болды. Осыған қарамастан бірнеше көне көз қариялармен сөйлесудің сәті түсті. Шыршық қаласы мен Бостандық ауданында негізінен Қаңлылар, Шанышқылылар тұрады, екі аудан да қазақтың басқа да рулары кездеседі.
Мен Үкібай бабам туралы сұрағанымда сексендегі қария оны білетін болып шықты.
– Шырағым, мен Шанышқылы руынан тараймын. Қаңлы мен Шанышқылының түбі бір туысқан екендігін білетін боларсың. Сондықтан да, біз бөлініп жатпаймыз. Сенің ұлы бабаң Мәмбет пен Шобан туралы аталарымыздан естіп, құлағымызға құйып өстік. Шобанның ұлы- Айдабол немересі- Үкібай туралы да талай-талай аңыз-әңгімелер естігенбіз. Батыр Үкібайды және оның бүкіл отбасын, жақын туыстарын қалмақтардың бір түнде қатігездікпен қырып кетіп, құдіретті Алланың мейірімімен кішкентай Байдәулеттің аман қалғанын ел осы күнге дейін жыр етіп айтып отырады. Байдәулет ер жетіп, өскенде нағыз ер болып, жауыз қалмақтардан әкесінің, балалары мен туыстарының кегін алғанын да жақсы білеміз. Айналайын, сол Байдәулеттен тараған ұрпақтың бірі екенсің. Шыршық қаласы мен Бостандық ауданының аралығында Қызыл қаңлы деген ауыл бар. Сенің ұлы аталарың мен бабаларыңның, аналарыңның ескі бейіті сонда жатыр,- деп көнекөзді қария ағынан жарылды.
Уақыт аз болғандықтан, осы сапарымда Өзбекстан жерінде жатқан ата-бабаларымның ескі бейітіне барып, құран бағыштаудың реті келмеді. Үкібай батыр және Байдәулет батыр бабаларымыз туралы дәйекті деректер табылып, деректі фильм түсіру үшін көршілес өзбек мемлекетіне жинала бастадым.
Алайда, екі араға барып келу оңай шаруа болмады. Әсіресе, деректі фильм түсіретін біз сияқты ағайындарға өте қиын. Бір минуттық кинокадр түсірсең де, Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы рұқсатын алуың қажет. Ол үшін мен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне хат жолдадым. Олар ресми хатпен танысып, тиісті қағаздарды Ташкентке жолдады. Екі айдан соң бізге рұқсат беріліп, кинооператор Әбен бауырымыз екеуіміз Ташкентке жиналдық. Өзбекстанның астанасындағы темір жол бекетінде бізді екі ағайын қарсы алып, шәй ішіп алған соң, жолға жиналдық. Ташкент қаласы мен Шыршықтың арасы әрі кетсе жиырма шақырымдай болып қалады. Айтулы қалада тұратын бір топ қаңлы ағайындар бізді күтіп алып, шаһардың оңтүстік-батыс жағындағы Қызыл қаңлы ауылына қарай бет алдық. Ескі бейіт біз баратын ауылға онша алыс болмай шықты. 300 жылдан астам тарихы бар бейіт көне болса да, күтімі жақсы екендігі айтпаса да көрініп тұр. Айналасы мұқият қоршалған, жан-жағына зәулім тал-теректер отырғызылыпты. Маңайы тап-таза. Біз осында жатқан ата-бабаларымыздың, аналарымыздың басына тағзым етіп, құран бағыштадық.
Үкібай бабамыздың өзін, жанұясын, туысқандарын қалмақтар қырып кеткен жерде болғанымызда ерекше халде болдым. Тұла бойым біресе ысыды, біресе суыды. Сол бір қасіретті түнді көзіме елестетіп, жаным түршікті. Жаратқан иеміз Алла мейірімділік танытып, Байдәулет бабамыздың тірі қалғанына мың да бір шүкір! Тағдыр деген осы! «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп қазақ бекер айтпаған. Бәрі де бір Алланың қолында.
Шежіре бойынша Байдәулеттің Жанке, Қойкелді, Меңлібай, Шартық және Өтелбай есімді бес ұлы болыпты. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ сияқты, Байдәулеттің ұрпақтары да қилы-қилы заманды, қиындықты бастан кешірді. Көнекөзді қариялардың айтуы бойынша, әртүрлі саяси жағдайларымен Оңбайдан, Тоғызбайдан тараған қаңлылар көршілес қазақ еліне қоныс аударады. Солардың арасында Байдәулет батырдың ұрпақтары алғашқыда қазіргі Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының маңайындағы Қызыл таң ауылына көшіп келеді. Арада бірнеше жыл өткен соң бабамыздың Өтелбай және Қойкелді ұлдарының ұрпағы осында мекендеп қалады да, ал Меңлібай, Жанке, Шартықтың ұрпағы Жуалы ауданының Қарасаз ауылына көшіп кетеді. Бүгінгі таңда Қызыл қаңлы ішінде Байдәулет руы атанған елдің өсіп-өнген ұрпағы Жуалы ауданының Қарасаз, Жұрымбай, Күреңбел ауылдарында Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында тұрып жатыр.
Тараз, Алматы, Нұр-Сұлтан, Теміртау, Шымкент қалаларында Байдәулеттің көптеген ұрпағы өмір сүруде. Байдәулет қаңлыдан есімі бүкіл Қазақстанға белгілі өнер, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, есімдері бүкіл республикаға белгілі шаруашылық басшылары, өндіріс командирлері және басқа да мамандық иелері шықты.
18 ғасырдың басында өмір сүрген атақты қобызшы, бақсы, бүкіл қазаққа белгілі Ықылас күйшінің досы-Сәуірбай Байдәулеттің ұлы Меңлібайдан тарайды. Меңлібайдың ұлы Тәңірбергеннен өрбитін Үмбет сері де жеті өнердің иесі болса керек. Атағы жер жарған Балуан Шолақтың сенімді серігінің бірі болыпты. Өкінішке орай, Сәуірбай да, Үмбетбай да үйленбеген. Соңдарында ұрпақ қалмады.
Үмбет атамыздың туған бауыры, ел ағасы атанған Медет атамыздың ұлы Жұрымбай Медетов ағамыздың көзін көрдік, сыйласып өстік, тәлім-тәрбиесін алдық. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, Жұрымбай көкеміз Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, көрсеткен ерліктері үшін үшінші және екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған батыр жауынгер. Жеңіспен оралған ел азаматы Жуалы аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Карл Маркс атындағы совхоздың партком хатшысы болып абыройлы еңбек етті. Өмірден көргені мен түйгені мол ағамыз даңқты батыр, атақты жазушы Бауыржан Момышұлының жолдасы еді. Баукең Жуалыға келсе, Жұрымбай досын іздейтін.
Жұрекең 1960 жылдардың басында экономикасы мен мәдениеті кенжелеп қалған XXII партсъезд атындағы колхозға төраға болып сайланды. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, шаруаның көзін білетін іскер басшы екі-үш жылдың аралығында көш соңында жүрген шаруашылықты алдыңғы қатарға шығарды.
1968 жылы заманымыздың заңғар жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматов «Правда» газетіне ірі өндіріс командирі Жұрымбай Медетов туралы «Жуалының ақ бидайы» атты очерк жазды. Ел мақтанышына айналған ағамыз КПСС Орталық Комитетінің XXV құрылтайына делегат болып сайланды. Еңбектегі қол жеткен үздік жетістіктері үшін Октябрь революциясы, «Еңбек Қызыл ту» және басқа да ордендермен, медальдармен марапатталды. Есімі Қазақ КСР-нің Құрмет кітабына жазылды.
Жуалы ауданындағы бұрынғы Красный пахарь, Карл Маркс атындағы колхоздардың құрылуына, экономикасының өркендеп өсуіне, халықтың әл-ауқатының жақсаруына әр жылдарда шаруашылықтарды басқарған Төлбай Байбарақов, Жаманбай Ембергенов, Нартай Тойшығұлұлы, Тұрлыбек Дәуірбаев, Ережеп Дулатбаев және басқаларды ел осы күнге дейін үлкен құрметпен еске алады.
Байдәулет қаңлыдан есімін бүкіл Қазақстан және одан да тысқары елдер білетін көптеген өнер, спорт майталмандары, жазушы-ақындар шықты.
Солардың бірегейі-режиссер-жазушы Тұрар Дүйсебаев ағамыз. Қазақтың кино өнерінің майталмандары Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Камал Смайылов және басқалармен қоян-қолтық араласып, еңбек еткен Тұрар ағамыз көркем және деректі киноның өркендеп дамуына үлкен үлес қосты. Тұрар Дүйсебаевтың атақты «Менің атым Қожа» көркем фильмІнің екінші режиссері болғанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.
Тұрекең 1970 жылдардың басында өзі өскен, қияға қанат қаққан Жамбыл қаласынан қоныс аударып, ұзақ жылдар бойы сол кездегі Абай атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры болып, айтулы шығармашылық ұжымды биік дәрежеге көтерді. Өмірінің соңғы жылдары қазақтың қаһарман батыры, даңқты жазушы Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм түсіріп, туынды Орталық теледидардан көрсетіліп, жоғары бағасын алды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ағамыз өзін талантты жазушы ретінде көрсете білді. Артында бірнеше проза жанрындағы туындылары қалды.
Туған әкесінің жолын жалғастырған Асқар Дүйсебаев та есімі ел аузында жүрген талантты режиссер.
Мектепте оқып жүргенде Самарқан Жаманбайұлы ағаммен жиі сөйлесетінмін. Дүниеден озған бұл ағамыздың үлкен спортшы, желаяқ болғанын көбіміз біле бермейміз. Сонау алыстап кеткен 1950 жылдардың соңында Ресейде әскер қатарында болған көкеміз жеңіл атлетикамен айналысып, әскери гарнизонның, әскери округтің және Бүкілодақтық әскери жарыстардың жеңімпазы атанды. Сол кезде Самарқан ағамызға Ресейде қалып, спортпен түбегейлі айналысу жөнінде ұсыныс түсіпті. Бірақ елін, туған жерін сағынған жауынгер-спортшы ауылға оралады. Егер Самарқан ағамыз жеңіл атлетикаға шын ден қойғанда, Әмин Тұяқов сияқты әлем және КСРО чемпионы болары ғажап болмас еді. Өйткені, атақты желаяқ Әмин Тұяқов өзінің алғашқы спорт жетістіктеріне әскер қатарында жүргенде жетіп еді.
Менің туған ағам Бектұрсын Тұрлыбек еңбек жолын математика пәнінің мұғалімінен бастап, Ленин жолы, Чапаев және бұрынғы Петровка, қазіргі Қарасаз ауылдарында ұстаз болып еңбек етті. 1979 жылы Алматыға қызметке ауысып, «Қазақфильмде», Қазақ радиосында қызмет атқарды. Құдайдың берген талантын дарытып, Бектұрсын өзіндік ізденісі бар ақын атанды. Ағамның көптеген кітаптары жарық көріп, лайықты бағасын алды. Мына дүниеге ақ көйлекпен келіп, о дүниеге ақ көйлекпен кеткен Бекеңнің бергенінен берері көп еді. Әттең, бірақ өмірі тым қысқа болды.
Бар мақсатты жақсылықта арна ғып,
Армандаудан жалықпадық, талмадық.
Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып,
Екеуіміз де сөз өнерін таңдадық, -деп Бектұрсын ағам сияқты мен де әдебиетті, жазушылықты таңдадым.
«Талаптыға нұр жауар» деген дұрыс. Көп еңбектендім, іздендім, оқыдым, қиындық көрдім, бірақ одан қорыққан жоқпын, арманыма жеттім. Құдайға шүкір, бүгінде қаламгерлер мойындаған жазушы болдым. 20-ға жуық кітабым жарық көрді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті…Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»- деп атап көрсеткен болатын.
2018 жылы сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновтың демеушілік жасауымен педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Дархан Байдалиев және әлем халықтары жазушылар Одағының мүшесі Дәулетжан Байдалиевтің «Жуалы – батырлар мекені» атты тарихи-танымдық кітабы жарық көріп, Қойкелді, Қарабатыр, Рысбек, Жомарт, Сеңкібай, Құлан, Ақпан, Байтана, Садырбай, Шоқан батырлардың қазақ жерін жоңғарлардан азат етудегі ерен ерліктеріне үлкен баға берілді.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Байдәулет батыр да қасиетті Жуалыда өскен, ел басына күн туғанда асқан батырлығымен көзге түскен, елім деп еңіреп өткен батырлардың бірі.
Айбынды батырларымыздың әруағы, ұлтжандылық қасиеттері, өнегелері жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін оятуға, ой-өрісін кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз. Жан алысып, жан беріскен небір қантөгіс шайқастарда қаймықпай қол бастаған батыр бабаларымыздың ұлағатты өмірінен тәрбие алып, оларды қастерлей білуіміз қажет.

Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты.
Алматы қаласы
(Суретте Байдәулет батыр)

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close